«Қазаққа пайда мынау, малын бақсын...»
Шал ақын Құлекеұлы · 1748–1819 · 48 жол
Қазаққа пайда мынау, малын бақсын,
Отқа жайып, суарып, бағып-қақсын,
Ұлда бір көз, жалшыда екі көз жоқ,
Соқыр кісі мал жайын қайдан тапсын.
Байлар малын бақса екен өзі жүріп,
Кедей де өлмес еді күнін көріп,
Өз малын өзі бақпай бос қаңғырар,
Бір кедейді жалдайды пайда көріп.
Жаман бай кімді оңдырар өзі оңбаған,
Жанын қорттап, суыққа бір тоңбаған,
Ішпей, жемей, киместен кетеді өтіп,
Кей жаман мал бітсе де бақ қонбаған.
Күт деген бұрынғылар малдың астын,
Малдың астын күтпесең, мандымассың,
Алдыңнан мал, үстіңнен үйің кетсе,
Кеуек қып жата алмассың қардың астын.
Ат сұлу, айғыр мықты жалыменен,
Батыр мықты, бай күшті малыменен,
Жеті жұртты билеген би болсаң да,
Əркімді алсын құдай табыменен.
Білімсізге не керек біл демесе,
Сыйлағаны сол болар тілдемесе.
Шақырусыз адамның қадірі жоқ,
Өзі кеп, біздің үйге жүр демесе.
Жаман болып, не керек тірі болып,
Тірі жүрген көп жанның бірі болып,
Сары алтындай толқыған қайран нұрым
Бетімізге жабысты сірі болып.
Беліме жіп буындым белбеусізден,
Жігіттер, қатын алма көргенсізден,
Қатынды алар болсаң көргенсізден,
Ғазиз басың қор болар тергеусізден.
«Біздің Шал» деп қояды тоқал атты,
Тоқалменен болмассың махабатты,
Қиғаштан ала көзбен қарағанда,
Ұрғаннан болады екен ол да қатты.
Жаз мініп, күз жайлаған боз інгенім,
Жануар, жауыр қылмай көп жүргенім,
(Кеудең – ана, бөксең – қыз, зайыбым-ай,
Сен кеткен соң не болды, қайран күнім!..
Есілді өрлей қалың тал шығатын,
Тілімді менің айтқан алшы, қатын,
Қырық темірдің қылауы қосылған жер,
Өзіңе анық сенсең, баршы, қатын.
Жігіт жатпас ел көшіп, қонған күні,
Қой сойып, ақ майына тойған күні,
Қызығы дүниенің осындаймен,
Өлген жақсы мұндайды қойған күні.