Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Үш қиян (екінші нұсқа) (3-бөлім)

Мұрат Мөңкеұлы · 1843–1906 · 142 жол

Үргеніш пенен Бұқардан,
Қоңырат, Ташкент, Қоқаннан,
Орнықты қоныс таба алмай,
Адыра қалғыр, бұл қоныс,
Асан би шұбап өткен жер,
Ноғай да шулап босқан жер!

Қайырсыз еді үш қиян,
Ерлерім шұбап босқан жер.
Көлденең жатқан көк Нарын,
Қалың дәулет мол бітіп,
Елдің баян тапқан жер.
Мыңнан-мыңнан жылқы айдап,
Қызығына батқан жер.
Кешкі уақыт болғанда,
Қыз-келіншек жиналып,
Қиғаштап желі тартқан жер.
Емендей белін бүгілтіп,
Жібектей жалын төгілтіп,
Арғымақ мініп астына
Ерлерім еңсеп желген жер.
Енді қайтып келер ме,
Бастан өткен сол күндер?!

Енді айналып келмейді
Бастан өткен сол заман,
Бір көруге жоқ заман,
Сұмырай болды соңғы адам.
Сұмырайлығын айтайын:
Жүрегінің басында
Жұдырықтай түйін көп,
Айтсам, сөзде иін көп,
Іште пікір, иір көп,
Қиғаш пенен қырым көп.
Бір жансызды жіберед
Ел аралап жүрің деп,
Дау бар болса білің деп.
Пәле болса, дау болса,
Осы күнгі дүмше би,
Қыр соңыңнан қалмайды,
Ол да иттей кіжіңдеп.
Үш жыл әкім болғандар,
Қорасына қой салып,
Жылқы айдайды үйірлеп.
Пәле болмай неғылсын,
Іші арам биің көп.
Ендігінің жас жігіт,
Қанша білгіш болса да,
Білген сөзін айтпайды,
Тап өзіңдей түзулеп.

Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны –
Ойдағысы болғаны.
Маңғыстаудың үш түбек
Оны-дағы алғаны.
Үргеніш пен Бұқарға
Арбасын сүйреп барғаны,
Қоныстың бар ма қалғаны?
Мал мен басты есептеп,
Баланың санын алғаны.

Аңғарсаңыз, жігіттер,
Замананы тағы да
Бір қырсықтың шалғаны!

Бәйіт еттім бұл сөзді
Қайғы шегіп заманнан.
Заман азып не қылсын,
Ай орнынан туады,
Күн орнынан шығады,
Бұның бәрі адамнан.
Адамның азған белгісі –
Екі кісі дауласса,
Тату бол деп айтпайды.
Екі айырып арасын,
Арасынан пара алған.
Болмаса игі едік масқара.
Қайыр кетіп қазаннан,
Қуат кетіп азаннан,
Мұсылманның баласы
Қашуды қойды арамнан.
Шапағат, қайыр қалмады
Жақын-жуық жараннан.
Атқа мінген жігітте,
Қалмады нәрсе қарардан.

Киім кисе жеңі жоқ,
Етегі бар да белі жоқ,
Бармақ сыяр жері жоқ.
Қатпа болған түйедей,
Киеңкі болған биедей,
Ел биледі бір сымпыс,
Екі бұты таралған.
Дұшпан – тазы, біз – түлкі,
Қашсақ ерікке қоймайды,
Інге кірсек суырып,
Бір пәлеге жолықтық
Құлғанадай қадалған.

Бұл не деген ғаламат,
Қазынасы кең, құдайым,

Сақтағайсың саламат.
Саламат қайтып сақтасын,
Өсіп кетті қиянат.
Берсең түгел келмейді,
Базарға қосқан аманат.
Болмаса игі едік масқара,
Байдан кетіп сақауат,
Пақырдан кетіп қанағат.
Елден залым би шығып,
Мұсылманның баласын
Бөріктірді жаралап.
Діні басқа біреулер
Ел биледі аралап.
Бір пәледен мың пәле
Туып кетті балалап.

Замана қайтып түзелсін
Қоңсыдан туған би болды,
Бұл секілді күй болды,
Көрген жұртқа таң болды.
Азамат ердің баласы
Айдарына малы жоқ
Топ көрерге зар болды.
Қара кісі хан болды,
Қоспақтан туған қортықша,
Қатарға шығып нар болды.
Асылзада баласы
Дәулеті кетіп қолынан
Қоңсысына құл болды.
Асылсыздың баласы
Ақшасына сүйеніп,
Айтқан сөзі пұл болды.
Шырқ көбелек айналып,
Замананың адамы
Заманың мұндай сұм болды.

Мен қауіп еткеннен айтамын:
Ақ борықтай иілген
Кейінгі туған баланың
Ұстай ма деп білегін,

Шая ма деп жүрегін.
Шашын, мұртын қойдырып,
Ащы суға тойдырып,
Бұза ма деп реңін.
Адыра қалғыр, заманның,
Мен жаратпаймын сүреңін...

Мұрат Мөңкеұлы өлеңдері

Барлық 54 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері