Сарыарқа (екінші нұсқа) (1-бөлім)
Мұрат Мөңкеұлы · 1843–1906 · 140 жол
Біз көштік Сарыарқадан бермен асып,
Көлденең Сағыз бенен Жемді басып.
Ат мініп, киім киіп, тұқым алдық
Сүйектес жақын жұрт деп араласып.
Сыртымнан бір қыстамай мін тағыпсыз,
Қонаққа сүйте ме екен келген сасып.
Қонаққа сүйте ме екен сасып келген,
Алыстан жақын жұрт деп асып келген.
Тәңір айдап Маңғыстауға еріксіз қуды,
Ісім жоқ кісі өлтіріп қашып келген.
Жиенді-нағашылы сүйектес жұрт,
Күн көрдік, көшіп-қонып кәсіппенен.
Сөз айтқан өздеріңе сын емес пе,
Ел едік Беріш, Адай бірге жүрген.
Бұл қоныс жеті жұрттан қалған қоныс,
Ноғайдың көшіп талақ салған қоныс.
Қазтуған, Асан Қайғы, Орақ, Мамай,
Біз түгіл солардан да қалған қоныс.
Бұл қоныс жеті жұрттың кеткен қоныс,
Ноғайдың көшіп талақ еткен қоныс,
Кәмелсіз қонған елін көп тоздырған,
Қайырсыз сол секілді неткен қоныс?!
Әуелде құтты болса неге кетті,
Еңіреп Қазтуғанның көшкен қоныс.
Әуелі жеңіп орыс Еділді алды,
Сарытау, Аштарханның жерін де алды.
Артынан Еділден соң Нарынды алды,
Тоғайдың ағаш, қамыс, талын да алды.
Аржақтан Қайыбалды, Науша қашып,
Тарлықтың сонан бері қабынғаны.
Тәмәмі су мен нуды орыс ұстап,
Қазақтың содан жұтап шалынғаны.
Қуалап Исатайды өлтірген соң
Заманның сонан бері тарылғаны.
Ойды алды – үш Оймауыт, тоғыз Торғай
Кең қоныс мұсылманға қалынбады.
Үш қиян – жеті жұртты тоздырған жер,
Жер үшін қайыры жоқ тарылмалы.
Шекшекей, Құтым қашып, Әбенді ұстап,
Ерлерге ерегескен не қылмады?!
Ерлігі бір қазақтың Махамбеттей
Оны да аңсыз жерде жазымдады.
Замана қауіп етем қырланғаннан,
Қазақты айналдырды Сырды алғаннан.
Ақырып асау тайдай Орал суын
Кешегі Бекқожа мен Тұрланды алған.
Ерлігі бір жігіттің Өтендей-ақ
Оны да жазым қылды бұлғаңдаған.
Бұрынғы кеткен жұрттың әдетінше,
Адыра құтсыз қоныс кімді алмаған?!
Бұл сөзді бәйіт еттім мұңданғаннан,
Заманға тура билік тыңдалмаған.
Қажы қашты Жалмұхамбет, Беркінменен,
Өзінің кетем деген сертіменен.
Кіндігін, кірін жуып кескен жерден,
Қысылмай ер кете ме еркіменен?!
Бұрын да адыра қалғыр құтсыз еді,
Егескен ердің бәрі жер тіреген.
Қонысқа таласасыз бұл заманда,
Біз түгіл Асан Қайғы тентіреген.
Бұл сөзді бәйіт еттім мұңданғаннан,
Заманға тура билік тыңдалмаған.
Шұбырып сексен үймен Алдаш кетті,
Кәуірдің қорлығына тұлданғаннан.
Шұбырып сексен үймен Алдаш кетті,
Тоздырды Сырда шауып Қаныбекті.
Ерлігі бір жігіттің Дәуіттей-ақ,
Өлтіртті ол да орысқа ер Бөлекті.
Мақтанса үш Алшынның салмағындай,
Сырттағы Тілеу, Қабақ, қалың Шекті.
Артынан көп әскермен Мәмбет қуып,
Әкелді Орынборға ер Есетті.
Бұл сөзді біреу айтса нанбас едік,
Көзіміз көріп туды сол өсекті.
Әуелі Әлім менен Табынды алды,
Тоздырып ақсүйектің тағын да алды.
Әленді Күсеппенен Сібірге айдап,
Бұл жұрттың қара түгіл ханын да алды.
Қазақтың хан – шегесі, жер – мұрасы,
Тағынан хан тайған соң бақыры қалды.
Ұршықты, Қарашоқы, Бәкі, Балқы,
Машырық, Теке, Сарық, Мәрі халқын да алды.
Баласы мұсылманның нашарланды
Кең қоныс қайдан іздеп таптырады.
Бұл жерден дін мұсылман жеті кетті,
Біреуі екі келіп, екі кетті.
Кеткен жұрт жетеу емес алтау екен,
Біреуін екі санап жеті депті.
Әуелі осы жерден ноғай кетті,
Баласы мұсылманның нобай кетті.
Қазтуған, Асан Қайғы, Орақ, Мамай
Әрі өтіп Тесіктаудан солай кетті.
Артынан Телағыс пен Нәрік кетті,
Өзіне ерген жұртын алып кетті.
Жер қарап он екі жыл желмаямен
Асан би жердің үстін танып кетті.
Ақыр да қыл жалаулы қалмақ кетті,
Қуалап Дәулеткерей солдат кетті.
Су қарап он екі жыл қайықпенен
Асан би жердің үстін барлап кетті.
Жылады көшерінде шайқыларым,
Қайғының сонда білдім айтыларын.
Қонысты жұрттан қалған менікі деп
Бұл күнде ие болған қайсыларың?!
Артынан қазақ жұрты кетем деген,
Соңынан Асан бидің жетем деген.
Айтса да кетем деп ол кете алмаған,
Соңынан Асан бидің жете алмаған.
Саураннан Тезен тауға қайта көшіп,
Әрілеп Тесіктаудан өте алмаған.
Бұл жерге сонан қайтып қазақ қонған,
Әдірә талай жұртқа азап болған.
Бас қосып Кіші жүздің ақсақалы
Бойына үш қиянның қарап қонған.
Екі адам қарай шыққан ауылынан,
Кеңесіп Әлімұлы, Байұлынан.
Көзіммен көргенім жоқ еш біреуін
Естимін бұрынғының дабылынан.
Есболай, Кете Әжібай қарай келген,
Қасына батыр Жары Шотан ерген.
Әжібай Сарыарқада қыстап қалып,
Керелді Есболай бай белгілеген.
Қонысқа таласасыз бұл заманда
Жер еді анайы кімнің құлыны емген?
Біздің ел қайтушы еді Сағыз жайлап,
Тепсеңге суы шыққан бие байлап.
Қызыл шай, жез самаурын, саздың суы,
Сәскеде пісуші еді әзер қайнап.
Шынаяқ, алтын кесе, күміс қасық
Қылаңдар құюшы еді көзі жайнап.
Шақырып бір-біріне бие сойып,
Ақсақал тарқаушы еді кеңес ойлап.
Ат мініп алма мойын жібек жауып,
Мырзалар шығушы еді бұлағайлап.
Сыйласқан төре-хандай бір-бірімен,
Жүруші ек ағайынмен күліп ойнап.
Халқымның салтанаты еске түссе,
Жүрегім өртенеді оттай жайнап.
Құдайдың құлы болсаң бізге күлме,
Боларсың сенде біздей сорың қайнап.