Сарыарқа (екінші нұсқа) (2-бөлім)
Мұрат Мөңкеұлы · 1843–1906 · 128 жол
Ел едік жеті баулы Беріш деген,
Аузымнан сөз шықпайды келіспеген.
Ақтылы қой, қылаң жылқы, қып-қызыл нар,
Тең түсіп төрт түлік мал тегістелген.
Ел едік біз де өзіңдей шалықтаған,
Мал бітіп қалың қара қалыптаған.
Ақты қой, қылаң жылқы, қып-қызыл нар,
Тең бітіп төрт түлік мал шауыттаған.
Жиенді-нағашылы сүйектес жұрт,
Қалдым ба келемежге зауықтаған.
Сарыарқа қоныс еді көптен жүрген,
Толықсып мал мен дәулет кетпей жүрген.
«Таяқ жер – саяқ жүрген» дегендей-ақ,
Осындай сөзге ілінер шеттеп жүрген.
Наршөккен, Топырақшашты жылқыға жай,
Саралжын, Маңғытпенен бәрі де сай.
Сыймаған маң далаға сонша малдан
Құдайым тастамады бір торы тай.
Алланың құлы болсаң бізге күлме,
Боларсың құдай қылса сен де сондай.
Бар еді тәуір қоныс Тайсойғандай,
Ақ шөбі семіртеді жайған малды-ай.
Шақырып бір-біріне бие сойып,
Ақсақал тарқаушы еді жанаралдай.
Нәл етік, зер буынған, мырзаларым,
Тәкәппар ен дәулетті көтере алмай.
Жаққан жоқ біздің елге асып-тасқан
Ойласаң мұның түбі әлдеқандай.
Күз болса қонушы едік Қаракөлге,
Ащылы екі жағы жайлы жерге.
Көкпегін іргесінен сүйреп жағып,
Мол дәулет бітіп еді біздің елге.
Шалқыған шалқар көлдей, қайран жұртым,
Бытырап қоңсы болды әркімдерге.
Нарқозы – құдығы еді Есболайдың,
Отырған күнін көріп жарлы-байдың.
Жылқыны Түзбұлаққа айдап тастап,
Суы еді жалдандырған құлын-тайдың.
Су ішіп Нарқозыдан шыққан жылқы
Бәйгел мен басушы еді Жездібайдың.
Сыймаған ен далаға сонша малдан
Тұяғын қалдырмады жалғыз тайдың.
Алланың құлы болсаң бізге күлме,
Билігі Адайда емес бір құдайдың.
Базарбай, Қабыршақты, Кенен, Құрмас,
Адыра құдық еді суы сырлас.
Ат мініп алма мойын, ақ үй тігіп,
Демеңіз әлі де бізді кеңес құрмас.
Байұлы он екі ата жұтаса да
Сартылдып бұл секілді біздей қылмас.
Сөзіме жаман кісі түсінбейді
Анайы ер түсінер сөзге мұңдас.
Қабанбай, Қарақалпақ, Малайсары,
Кенжеден көрінеді елдің бәрі.
Су ішіп Көтібайдан өрген жылқы
Асушы ед басып өтіп Мәтеш байды.
Бұл күнде айтқанменен нанамысың,
Кешегі өтіп кеткен біздің жәйді.
Тайсойған, Орал бойы өскен жерім,
Кір жуып, кіндігімді кескен жерім.
Құрбымен жағаласып бірге жатып,
Жарты құрт татулыққа жескен жерім.
Тайсойған, Орал бойы жүрген жерім,
Қызығын дәулетінің көрген жерім.
Ат мініп мырзалардан, нар жетектеп,
Қызылын әуестікке киген жерім.
Қиғаш қас, оймақ ауыз, бал тамақты
Күнінде асаулықтың сүйген жерім.
Қой сойып, үй басына ойын қылып,
Жиылып жүруші еді қыз бен келін.
Шалқыған тасқан судай көңілін басып,
Әркімге қоңсы атанды-ау кербездерім.
Тайсойған, Ойыл, Қиыл, Дендеріміз,
Қарабау мекен еткен жерлеріміз.
Жайық пен Қарабаудың тең ортасы
Тепсеңге мал жайылар кең жеріміз.
Нарға артып толы саба, кілем жауып,
Жиын-той, қызық еді көргеніміз.
Ат мініп арғымақтан бүгілдіріп,
Бір озды Байұлыңда өрнегіміз.
Кең маңдай, кебеже қарын игі жақсы
Бар еді артық туған бегілеріміз.
Ту ұстап, қараңғыда жау жайлаған,
Көп еді аруақты ерлеріміз.
Тыңдасаң құлақ салып, жақсыларым,
Әр түрлі мұшақатты сөйлеріміз.
Сағызды, Топырақшашты баса жайлап,
Күздіктен қайтушы еді елдеріміз.
Адыра мал кеткен соң иесіз қалды,
Қаз қонған баттауықты көлдеріміз.
Төртқұдық, Тұзжағасы, Алдаберген,
Қайран ел қонушы еді көлденеңнен.
Беріштің әр үйіне түскен қонақ
Жылқыдай болушы еді көлге келген.
Бұл күнде елімді айтып зарығамын,
Сағынып қайран жұртты шөлдегеннен.
Шыңырау құдығы еді Жақсыбайдың,
Төрт түлік айналасы малға жайлы.
Жылқыны көк алалы шатырлатып,
Мәңкөт пен өргізетін Қуанбайдың.
Алланың құлы болсаң бізге күлме,
Билігі Адайда емес бір құдайдың.
Жоқ еді тәуір қоныс Қурайлыдай,
Боз тепсең жері жақсы, суы шайдай.
Алланың құдіретіне шараң нешік,
Құдайым жалғыз жылда қылды мұндай.
Жоқ еді тәуір құдық Балталыдан,
Шарт өріс айналасы алты алуан.
Мол дәулет қарағаштай елден кетіп,
Кісімен бірдей болдық жаңа туған.
Сегізбай, Қаратал мен Көшен, Тымық,
Алқада сөз сөйледім базар қылып.
Қырмызы қызыл гүлдей сан құбылып,
Дос жандар тұрушы еді үйден шығып.
Алланың құдіретіне шара нешік
Болад деп ойлап па едік мұндай қылық?!
Баймөңке – жер сауырысы, Тілеу, Құлан,
Қайран ел көшуші еді толықсыған.
Шай ішіп самаурыннан сәске түсте,
Көп еді тәкәппарсып мырзасынған.
Алланың құлы болсаң бізге күлме,
Тап болар тасқан елге мұндай ылаң.
Дүйсе мен Тоқпақ жайлайды Жездібайды,
Төрт түлік айналасы малға жайлы.
Тай сойып екі кісіге талай берген
Сараң деп кетуші едік Мәтеш байды.
Адайды сегіз арыс араладым,
Көрмедім сіздің елден әлі ондайды.