Үш қиян (екінші нұсқа) (1-бөлім)
Мұрат Мөңкеұлы · 1843–1906 · 169 жол
Еділ-Жайық екі су
Бұл қазақтың жері еді.
Исатай мен Махамбет
Аруақты туған ер еді.
Хантөрткілі деген тау
Тәмәм батыр жиналып,
Кеңес құрған төбе еді.
Солдатқа беріп баласын,
Мойнына кірес салдырған
Бұрынғы өткен заманда
Шерқұртты деген ел еді.
Бұл қоныста отырсақ,
Бұлай болып тұрғанда,
Жылдан-жылға жақындап,
Сол бізге таман келеді.
Бұл қорлыққа көнбен деп,
Қолымнан бала бермен деп,
Асан Қайғы бабамыз
Тесіктен өтіп жөнелді.
Дендерден бергі баурайдан
Тастан көпір қиюлап,
Қазтуған шұбап өткенде
Кейінгі мұсылманның баласы
Атаңа нәлет дұшпаннан
Бір таршылык көрер деп еді.
Заманнан заман оралған,
Дүния шіркін соны алған.
Адыра қалғыр, үш қиян,
Қайырсыз екен озалдан.
Қайырсыз неге десеңіз,
Үшеуінің ара бойынан
Жеті жұрт кетіп жол салған.
Біз де бір сондай болармыз,
Артық па едік олардан?!
Еділдің бойы – қанды қиян,
Жайықтың бойы – шаңды қиян,
Маңғыстаудың бойы – майлы қиян,
Адыра қалғыр, үш қиян!
Үш қиянның ара бойынан
Жеті жұрт көшіп жол салған.
Жеті жұрттың кеткен жер,
Көшіп талақ еткен жер,
Сол секілді неткен жер?
Адыра қалғыр, Ақ Жайық,
Көпір салып өткен жер.
Асан Қайғы, Қазтуған
Орақ, Мамай, Телағыс,
Шораның шұбап кеткен жер.
Тұлпар мініп ту алған,
Дұшпанын көріп қуанған,
Алмасын қанға суарған
Аруақты ерлердің
Абыройын төккен жер,
Керегесін кескен жер,
Кесіп бұршақ еткен жер.
Түндігін түнде түсіріп,
Іңірде сүтін пісіріп,
Жас балаға ішіріп,
Түні бойы дүрлігіп,
Теңдеп буып мүлігін,
Төртке бөліп түлігін
Таң ата иесіз жұрт қалған,
Өреде жайған құрт қалған,
Қаңғыған жалғыз ит қалған,
Жеті жұрттың кеткен жер,
Қайырсыз болған неткен жер?!
Ердің соңы Исатай
Ерліктің туын тіккен жер,
Жауды басқа тепкен жер.
Махамбетін ертіп ап
Жәңгірге шеп құрған жер.
Жасқұстың арғы тұмсығы
Қамал етіп тұрған жер.
Уа, дүния-ай, қапыда
Санын батыр ұрған жер!
Қабыршақты, Қарасу
Үйрек пен қазын атқан жер,
Ханнан бермен ығысып
Шатыр тігіп жатқан жер.
Көпірі жоқ Ақ Жайық,
Атын жалдап өткен жер.
Мұз үстінде от жағып,
Ала қыстай кезген жер.
Жылы төсек, ақ орда,
Жар қойнынан безген жер.
Қара қазан, сары бала
Қамы үшін қайғы татқан жер,
Өкінішке батқан жер.
Биден пәтуа таба алмай,
Ханнан кегін ала алмай,
Ақ ордасын бұзып шаба алмай,
Ердің соңы Исатай
Бармағын тістеп өткен жер!
Жеті жұрт көшіп кеткен соң
Атамыз қазақ баласы
Қонып мекен еткен жер.
Мыңнан-мыңнан жылқы айдап,
Жүзден-жүзден нар байлап,
Дәулеті қалың біткен жер.
Аузы түкті кәуірдің,
Басы шоқты қалмақтың
Қанын судай төккен жер.
Алма мойын аруын
Ерлерім олжа еткен жер.
Күндердің күні болғанда
Таршылыққа қалынды
Қайырсыз болған неткен жер?!
Адыра қалғыр, Ақ Жайық,
Садағын сала байланып,
Астана жұртын айналып,
Ерлерім еңсеп желген жер.
Мыңнан-мыңнан жылқы айдап,
Ақтылы қойдың өрген жер.
Шалқыған дәулет мол бітіп
Қызығын жұртым көрген жер.
Емендей белін бүгілтіп,
Жібектей жалын төгілтіп,
Еріні төмен салынған,
Құйрығы күлте малынған,
Күдері бел, күпшек сан
Бедеу атқа мінген жер.
Аузы түкті кәуірді
Ерлерім айдап келген жер,
Қысырақтай бөлген жер.
Күндердің күні болғанда
Таршылықта алындың
Жеті жұрт кетіп бүлген жер!
Шаңдаттырып даласын,
Талқан етіп қаласын
Атамыз қазақ болғанда
Әлденеше шапқан жер.
Қоралап айдап дұшпанды
Үргеніш пен Бұқарға
Әлденеше сатқан жер.
Сары ала алтын, ақ күміс
Қарқ олжаға батқан жер,
Алтыннан тұрман таққан жер.
Қырғауылдай қызыл нар,
Қыз-келіншек жиылып,
Қызықпенен артқан жер.
Айыр өркеш сары інген,
Кілем жауып үстіне,
Қыл арқанмен тартқан жер.
Мыңнан жылқы айдаған,
Жүзден нарды байлаған
Салтанат түзеп мырзалар,
Тамашаға батқан жер.
Қайырсыз да болып барады-ау,
Атамыз өткен Асан би
Мұны да құтсыз деп айтқан жер.
Мұның құтсыздығының белгісі:
Алтыатаның аржағы,
Талөкпенің бержағы
Сақмардың бойын жайлаған,
Сарғая бие байлаған,
Ақсуда тайы ойнаған,
Еңсемді кәуір басар деп,
Едіге бидің көшкен жер.
Қойды мыңнан өсірген,
Жылқыны санға жеткізген,
Арпа, қауын төктірген,
Жеріне жеміс ектірген,
Тоғыз жылдай сарғайып,
Қойына қошқар салмаған,
Еркегі қатын алмаған,
Қабыршақты, Қарасу
Қанатымды залым қияр деп,
Қарға бойлы Қазтуған
Қайғыланып көшкен жер.