Үш қиян (1-бөлім)
Мұрат Мөңкеұлы · 1843–1906 · 179 жол
Заманнан заман оралған,
Дүние шіркін соны алған.
Адыра қалғыр, бұ қоныс,
Қайырсыз екен азалдан.
Қайырсыз неге десеңіз,
Асан Қайғы, Қазтуған,
Орақ, Мамай, Телеғыс
Қалған екен солардан.
Біз де бір сондай болармыз,
Артық па едік олардан?!
Еділдің бойы – қанды қиян,
Жайықтың бойы – майлы қиян,
Маңғыстаудың бойы – шаңды қиян,
Адыра қалғыр, Үш қиян!
Үш қиянның ара бойынан
Жеті жұрт кетіп жол салған.
Жеті жұрттың кеткен жер,
Қайырсыз болған неткен жер?
Адыра қалғыр, көк Жайық.
Көпір салып өткен жер.
Асан Қайғы, Қазтуған,
Орақ, Мамай, Телағыс,
Шораның шұбап кеткен жер.
Тұлпар мініп, ту алған,
Дұшпанын көріп қуанған,
Алмасын қанға суарған,
Аруақты ерлердің
Абыройын төккен жер.
Керегесін кескен жер,
Кесіп бұршақ еткен жер.
Ердің соңы – Исатай,
Бармағын тістеп өткен жер.
Жеті жұрт көшіп кеткен соң,
Атамыз қазақ баласы
Қонып мекен еткен жер.
Мыңнан-мыңнан жылқы айдап,
Жүзден-жүзден нар байлап,
Дәулеті қалың біткен жер.
Аузы түкті кәуірдің,
Басы шоқты қалмақтың
Қанын судай төккен жер.
Алма мойын аруын
Ерлерім олжа еткен жер.
Күндердің күні болғанда
Таршылықта қалынды
Қайырсыз болған неткен жер?!
Адыра қалғыр, көк Жайық,
Садағын сала байланып,
Астана жұртын айналып,
Ерлерім еңсеп желген жер.
Мыңнан-мыңнан жылқы айдап,
Ақтылы қойдың өрген жер.
Шалқыған дәулет мол бітіп,
Қызығын жұртым көрген жер.
Емендей белін бүгілтіп,
Жібектей жалын төгілтіп,
Еріні төмен салынған,
Құйрығы гүлдей малынған,
Күдері бел, күпшек сан,
Бедеу атқа мінген жер.
Аузы түкті кәуірді
Ерлерім айдап келген жер,
Қысырақтай бөлген жер.
Күндердің күні болғанда,
Таршылыққа алындың
Жеті жұрт кетіп бүлген жер!
Шаңдаттырып даласын,
Талқан етіп қаласын,
Атамыз қазақ болғанда
Әлденеше шапқан жер.
Қоралап айдап дұшпанды,
Үргеніш пенен Бұқарға
Әлденеше сатқан жер.
Алтын ала, ақ күміс
Қарқ олжаға батқан жер,
Алтыннан тұрман таққан жер,
Қырғауылдай қызыл нар –
Қыз-келіншек жиылып,
Қызықпенен артқан жер.
Айыр өркеш сары інген,
Кілем жауып үстіне
Қыл арқанмен тартқан жер.
Мыңнан жылқы айдаған,
Жүзден нарды байлаған,
Салтанат түзеп мырзалар
Тамашаға батқан жер.
Қайырсыз да болып барады-ау,
Атамыз өткен Асан би,
Мұны да құтсыз деп айтқан жер!
Мұның құтсыздығының белгісі:
Алтыатаның ар жағы,
Талөкпенің бер жағы,
Сақмардың бойын жайлаған,
Сарғая бие байлаған,
Ақсуда тайы ойнаған,
Еңсемді кәуір басар деп,
Едіге бидің көшкен жер.
Қойды мыңнан өсірген,
Жылқыны санға жеткізген,
Арпа, қауын төктірген,
Жеріне жеміс ектірген.
Тоғыз жылдай сарғайып,
Қойына қошқар салмаған,
Еркегі қатын алмаған,
Қабыршақты, Қарасу,
Қанатымды залым қияр деп,
Қарға бойлы Қазтуған
Қайғыланып көшкен жер.
Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген,
Тұлпардан өзге мінбеген,
Салқындыққа алқара күс тон киген,
Салтанатқа салпы ерінді нар артып,
Салқамдыққа жорғадан өзге мінбеген.
Жасқұстың арғы тұмсығы –
Жәңгірдің қала салдырған,
Негіз етіп қалдырған,
Нәріктің ұлы ер Шора.
Айқайласып, шуласып,
Баланы кәуір сұрар деп,
Мұңайып ханның көшкен жер.
Садағын сала байлаған,
Астана жұртын айналған,
Жауды көрсе жайнаған,
Жай тасындай қайнаған,
Мың қалмақты кез келсе,
Айдарынан байлаған,
Көгендей қойдай айдаған.
Қараша, Құбан – қанды су,
Ақтөбе, Бозан – данды су,
Үш өзен, Самар – жанды су,
Бестерек, Еділ бетінен
Бұлдырған мен Бадашы,
Көп қалмақтың ішінен,
Бесешкі таудың шетінен
Билікті кәуір алар деп,
Қараның ұлы Сидақтың
Қайғыланып көшкен жер.
Алты жыл балшық бастырып,
Тоғыз жыл керіш соқтырып,
Сусынын шайға қандырып,
Хандығына жұртын нандырып,
Адыра қалғыр, Аштархан
Әз Жәнібек ханның салдырып,
Ақылын кәпірге алдырып,
Айласы құрып кеткен жер.
Бірсіндеп садақ асынған,
Біріндеп жауды қашырған.
Қорамсаққа қол салған,
Қозы жауырын оқ алған.
Атқан оғы зырқырап,
Еділден өтіп жоғалған.
Еділде тұрып оқ атса,
Жайыққа оғын жоғалтқан.
Жайықта тұрып сырғаса,
Еділге оғын жоғалтқан.
Аштарханнан ақырса,
Атаңа нәлет қалмақтың
Алтын туы жығылған.
Өгізтауда өкіртіп,
Он екі ханды өлтірген,
Дегеніне келтірген.
Адыра қалғыр, ит Нарын,
Орақ пенен Мамай да
Ойдағы дәурен болмас деп,
Ойран салып көрген жер.
Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген,
Тұлпардан өзге мінбеген.
Құрмаласқан құдада,
Құдайласқан доста да,
Артығым кетті демеген.
Жорық жортып жүргенде
Жылқы еті болмаса,
Өзге азық жемеген.
Боқсақтың бойы боз қамыс,
Жаңбыршының ұлы Телағыс
Елімді кәуір алар деп,
Тыным алмай көшкен жер.