Үш қиян (2-бөлім)
Мұрат Мөңкеұлы · 1843–1906 · 166 жол
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Жайық пенен Еділден,
Сағыз бенен Жеміңнен,
Тастан көпір салдырып,
Тайсоған мен Қарабау
Мекен еткен жерлерің.
Шалқып жатқан көлдерің.
Дендерден бергі бауырдан
Қазтуған шұбап өткен жер.
Ақтөбе менен Қорғанша –
Асан Қайғы бабаның
Қызыл тастан үй салдырып,
Он жыл тұтас отырып,
Әңгіме құрып кеткен жер.
Қарақұтан, Қалдыбай,
Жалғызағаш, Жақсыбай,
Көлектің ұлы Қарт Қожақ,
Естерекұлы Тарғынның
Тарыққанда ақыл сұрай барған жер.
Қалдығайты, Бұлдырты,
Жер реңкін қарасаң,
Көдесінің түбі сайын бір жылқы,
Қарақыпшақ Қобыланды
Тұлпар мініп келген жер.
Аузы түкті кәуірді,
Басы шоқты қалмақты,
Ерлерім айдап келген жер,
Қысырақтай бөлген жер!
Өлеңтінің аяғы,
Шідертінің қоспасы,
Аңқатының басы – Тасоба,
Он сегіз жыл атысып,
Орманбет бидің өлген жер,
Он сан ноғай бүлген жер.
Орта бойын сырлаған,
Оқ жаңбырдай жауған жер.
Мұсылманның басынан
Дәреже қайтып ауған жер!
Қырық таңбалы Қырымның,
Он таңбалы Ұрымның,
Он екі баулы өзбектің,
Бұрынғы он сан ноғайдың
Кетейін десе жөн таппай,
Адыра қалғыр, Үш қиян
Қол ұстасып жүрген жер.
Байеке мешіп салдырған,
Шыңғырлаудың сағасы.
Елек пенен Жайықтың
Екеуінің арасы,
Бесобаның даласы –
Айсаның ұлы Әнеттің
Дұшпанды қырып алған жер,
Қылышын қанға малған жер!
Аққұмдының сағасы,
Есенбайдың құмасы,
Қос Қобданың арғысы,
Ақсудың бергі маң дала –
Қазақтағы Қалқаман,
Ноғайдағы Мүлкаман,
Еламан деген биінен
Енді қалай болар деп,
Тарыққанда ақыл сұрай барған жер.
Темірде қырқып күземін,
Тепсеңнен ноғай асқан жер,
Астаусалды, Шытырлы,
Көлденең Шыңның басынан,
Қарақұм, Борсық қасынан
Мал суарып асқан жер.
Маңғыстаудың үш түбек,
Үш жүз алпыс әулие
Бас намаздың жайы үшін
Қадамдап аяқ басқан жер.
Үргеніш пенен Бұқардан,
Қоңырат, Ташкент, Қоқаннан
Орнықты қоныс таба алмай,
Адыра қалғыр, бұ қоныс
Асан би шұбап өткен жер,
Ноғай да шулап босқан жер!
Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны,
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны –
Ойдағысы болғаны.
Маңғыстаудың үш түбек
Оны-дағы алғаны.
Үргеніш пенен Бұқарға
Арбасын сүйреп барғаны ,
Қоныстың бар ма қалғаны?!
Мал мен басты есептеп,
Баланың санын алғаны –
Аңғарсаңыз, жігіттер,
Замананы тағы да
Бір қырсықтың шалғаны!
Бәйіт еттім бұ сөзді
Қайғы шегіп заманнан.
Заман азып не қылсын:
Ай орнынан туады,
Күн орнынан шығады,
Бұның бәрі адамнан.
Адамның азған белгісі –
Екі кісі дауласса,
Тату бол деп айтпайды.
Екі айырып арасын.
Арасынан пара алған.
Мұсылманның баласы
Қашуды қойды арамнан.
Шапағат, қайыр қалмады
Жақын-жуық жараннан.
Атқа мінген жігітте
Қалмады нәрсе қарардан,
Қайыр кетіп қазаннан,
Қуат кетіп азаннан.
Киім кисе, жеңі жоқ,
Етегі бар да, белі жоқ,
Бармақ сыяр жері жоқ,
Қатпа болған түйедей,
Киеңкі болған биедей,
Ел биледі бір сымпыс,
Екі бұты таралған.
Дұшпан – тазы, біз – түлкі,
Қашсақ ерікке қоймайды,
Інге кірсек – суырып,
Құлғанадай қадалып.
Қазынасы кең құдайым,
Сақтағайсың саламат.
Саламат қайтіп сақтасын?
Берсең түгел келмейді,
Базарға қосқан аманат.
Болмаса игі едік масқара,
Байдан кетіп сақауат,
Пақырдан кетіп қанағат,
Діні басқа біреулер
Ел биледі аралап.
Бір бәледен мың бәле
Өсіп бір кетті балалап.
Замана қайтіп түзелсін,
Қоңсыдан туған би болды.
Бұ сықылды күй болды,
Көрген жұртқа таң болды.
Азамат ердің баласы
Айдарына малы жоқ,
Топ көрерге зар болды.
Қара кісі хан болды,
Қоспақтан туған қортықша
Қатарға шығып, нар болды.
Асылзада баласы
Дәулеті кетіп қолынан
Қоңсысына құл болды.
Асылсыздың баласы
Ақшасына сүйеніп,
Айтқан сөзі пұл болды.
Шырқ көбелек айналып,
Замананың адамы,
Заманың мұндай сұм болды!
Мен қауіп еткеннен айтамын:
Ақ борықтай иілген
Кейінгі туған баланың
Ұстай ма деп білегін,
Шая ма деп жүрегін.
Шашын, мұртын қойдырып,
Ащы суға тойдырып,
Бұза ма деп іреңін.
Адыра қалғыр заманның
Мен жаратпаймын сүреңін!..