Үш қиян (екінші нұсқа) (2-бөлім)
Мұрат Мөңкеұлы · 1843–1906 · 169 жол
Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген,
Тұлпардан өзге мінбеген,
Салқындыққа алқара күс тон киген,
Салтанатқа салпы ерінді нар артып,
Салқамдыққа жорғадан өзге мінбеген.
Жасқұстың арғы тұмсығы
Жәңгірдің қала салдырған,
Негіз етіп қалдырған,
Нәріктің ұлы ер Шора
Айқайласып, шуласып,
Баланы кәуір сұрар деп,
Мұңайып ханның көшкен жер.
Садағын сала байланған,
Астана жұртын айналған,
Жауды көрсе жайнаған,
Жай тасындай қайнаған,
Мың қалмақты кез келсе
Айдарынан байлаған,
Көгендеп қойдай айдаған,
Қараша, Құбан – қанды су,
Ақтөбе, Бозан – даңды су,
Үшөзен, Самар – жанды су.
Бестерек, Еділ бетінен,
Бұлдырған мен Бадашы,
Көп қалмақтың ішінен,
Бесешкі таудың шенінен
Билікті кәуір алар деп,
Қараның ұлы Сидақтың
Қайғыланып көшкен жер.
Алты жыл балшық бастырып,
Тоғыз жыл керіш соқтырып,
Сусынын шайға қандырып,
Хандығына жұртын нандырып,
Адыра қалғыр, Аштархан,
Әз-Жәнібек хан салдырып,
Ақылын кәуірге алдырып,
Айласы құрып кеткен жер.
Бірсіндеп садақ асынған,
Біріндеп жауды қашырған,
Адырнасын атқа алған,
Атар оғын тайға алған,
Қорамсаққа қол салған,
Қозы жауырын оқ алған,
Атқан оғы зырқырап
Еділден өтіп жоғалған.
Еділде тұрып оқ атса,
Жайыққа оғын жоғалтқан.
Жайықта тұрып сырғыса,
Еділге оғын жоғалтқан.
Бір атқанда он атқан,
Атқанын қардай боратқан.
Бір өзінің белінен
Елу алмас тоздырған,
Атағын жұрттан оздырған.
Ерегісіп келгенде,
Ескі ауруды қоздырған.
Тұла бойы қалталы,
Қарыс қара балталы,
Үсті толған күймелі,
Құнан бұқа шүйделі,
Жараған айғыр шекелі,
Күжірейген бура келбетті,
Көн жамаған көр бетті,
Айдаса жөнге жүрмеген,
Адамның тілін алмаған,
Айдаһардың тынысын
Қолыменен барлаған.
Аштарханнан ақырса,
Атаңа нәлет қалмақтың
Алтын туы жығылған.
Өгіз тауда өкіртіп,
Он екі ханды өлтірген,
Дегеніне келтірген.
Адыра қалғыр, ит Нарын,
Орақ пенен Мамай да,
Ойдағы дәурен болмас деп,
Ойран салып көрген жер!
Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген,
Тұлпардан өзге мінбеген.
Дұшпанға оғын кезеген,
Заманында өзінің
Аз бен көпті теңеген.
Құрмаласқан құда да,
Құдайласқан досты да
Артығым кетті демеген.
Жорық жортып жүргенде,
Жылқы еті болмаса,
Өзге азық жемеген.
Боқсақтың бойы боз қамыс,
Жаңбыршының ұлы Телағыс
Телімді дұшпан алар деп,
Замана қалай болар деп,
Тыным таппай көшкен жер.
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Жайық пенен Еділден
Сағыз бенен Жеміңнен
Тастан көпір салдырып,
Тайсойған менен Қарабау
Мекен еткен жерлерің,
Шалқып жатқан көлдерің
Дендерден бергі баурайдан
Қазтуған шұбап өткен жер.
Ақтөбе менен Қорғанша
Асан Қайғы бабаның
Қызыл тастан үй салдырып,
Он жыл тұтас отырып,
Әңгіме құрып кеткен жер.
Қарақұтан, Қалдыбай,
Жаңғызағаш, Жақсыбай,
Күлектің ұлы Қартқожақ,
Естерек ұлы Тарғынның
Тарыққанда ақыл сұрай барған жер.
Қалдығайты, Бұлдырты,
Жер реңін қарасаң,
Көдесінің түбі сайын бір жылқы.
Қарақыпшақ Қобыланды
Тұлпар мініп желген жер.
Аузы түкті кәуірді,
Басы шоқты қалмақты
Ерлерім айдап келген жер,
Қысырақтай бөлген жер.
Өлеңтінің аяғы,
Шідертінің қоспасы,
Аңқатының басы – Тасоба,
Он сегіз жыл атысып,
Ормамбет бидің өлген жер.
Он сан ноғай бүлген жер,
Орта бойын сырлаған
Оқ жаңбырдай жауған жер.
Мұсылманның басынан
Дәреже тайып ауған жер.
Қырық таңбалы Қырымның,
Он таңбалы Ұрымның,
Сегіз санды Сейілхан,
Он екі баулы Өзбектің,
Бұрынғы он сан Ноғайдың
Кетейін десе жөн таппай,
Адыра қалғыр, үш қиян,
Қол ұстасып жүрген жер!
Байеке мешіт салдырған
Шыңғырлаудың сағасы.
Еділ менен Жайықтың
Екеуінің арасы.
Бесобаның даласы
Айсаның ұлы Әнеттің
Дұшпанын қырып алған жер,
Қылышын қанға малған жер.
Аққұмдының сағасы,
Есенбайдың құмасы.
Қос Қобданың арасы.
Ақсудан бергі маң дала,
Қазақтағы Қалқаман,
Ноғайдағы Мүлкаман,
Естектегі Еламан деген биінен
Енді қалай болар деп,
Тарыққанда ақыл сұрай барған жер.
Темірде қырқып күземін,
Тепсеңнен ноғай асқан жер.
Астаусалды, Шытырлы,
Көлденең шыңның басынан,
Қарақұм, Борсық қасынан
Мал суарып асқан жер.
Маңғыстаудың үш түбек,
Үш жүз алпыс әулие
Бес намаздың жәйі үшін
Қадамдап аяқ басқан жер.