Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Күйші (8-бөлім)

Ілияс Жансүгіров · 1894–1938 · 194 жол

XIII

Көлеңке шықты асқарға, шұбар тауға,
Жылқыдай жатгы жусап тұман тауда.
Ақбоз ат белдеудегі күн таласып,
Шыралжын шырт-шырт етіп жанды отауда.
Жамылған жанат ішік қыз отауда.
Жұп-жуас, ілініп тұр алдаспан да.
Жалыны жанба отынның лау-лау жанып,
Мажырап үйдің ішін нұр басқанда.
Қыздырған жадыратып оттың өті,
Албырап алмадай боп қыздың беті,
– «Е, күйшім, домбыраңды ал!» деген кезде,
Күйлердің ағытылар келді реті.
Қаққан қол домбыраға жып-жып етті,
Құлдырап күймен бірге өзі кетті.
Енеден екі туған жазған күйші,
Еңіретіп естілмеген күйге шертті.
Зарлатты, сарындатты, безілдетті,
Қол ойнап, мұнарланып көзі кетті.
Бұлқынып бүтін дене биге түсіп,
Құлдырап күймен бірге өзі кетті.
Күңіренген «Қорамжанды» аңыратты,
«Жалғызым! Жалғызым!» деп жылап жатты.
Боздады «Боз інгені» бота жоқтап,
Маңыратгы, «қой-қозыны» жамыратты.
Күркіреп көктен нөсер сорғалатты,
Қыраннан қашқан құсты корғалатты.
Тартқанда Абылайдың «Жау жорығын»
Қалың қол қаптап қойды ордаға атты.
Саймақтың «Сары өзенін» сыңқылдатты,
«Жорғаның» шаңын көкке бұрқылдатты.
Алдына «Ақ көбектің» байлап кеткен,
Жылатып қыз, жігітгі қыңқылдатты.
Жылқыға жау қаптады, найза қақты,

Қойлар да дүр-дүр үрікті, қасқыр шапты.
Той бастап, қыз ұзатып, жар-жар айтып,
Дүрілдеп ұлы дүбір көкпар тартты.
Айнала қалғып, мүлгіп күйге батгы,
Нәзік күй еркелетіп тербеп жатты.
Бірде мұз, бірде жалын, бірде жылы,
Домбыра тәтгі, тәтті әңгіме айтгы.
Міне, бұл «Асан қайғы» түйе мінген,
Қобыз ап, қоныс іздеп күңіренген.
Мынасы шанышқан жау, шабылған ел,
Салынып ат артына қыз күрсінген.
Дейді екен мына күйді «Арша мерген»,
Кетпеген нұсқаған аң Арша көрген.
Құмартып құмды кезген аң жолықпай,
Кезі екен көзі тұнып аңсап өлген.
Алдында құла шағыл қасын керген,
Ойнаған бір мақлұктың басын көрген.
Мерген көз мұнарланып, аң ербеңдеп,
Қалды әне, бетіне алып, басып мерген!
Түскенде жерік мерген шын құмарға,
Есалаң өзі болмай жан тұрар ма?
Көзге атқан құралайды даңғылынан,
Ұшқан құс, жүгірген аң құтылар ма?
Әнекей мерген ұшты, атқан аңға,
Топырлап топырақ боп жатқан аңға.
Өзіне оқ тигендей сандалып тұр,
Үстінде жалғызының батқан қанға.
Оқ тиіп, жатыр жайрап жалғыз ұлы,
Өзіне ұғындырсын не деп мұны?
Аңғал жан, аң деп атып өз баласын,
Өкіріп жылап жатыр мерген құры!
Күйініп кеңк-кеңк жылап адам үні,
Үздігіп тілдескендей күй мазмұны.
«Осындай айдалада күй болды» деп,
Домбыра баяндайды міне осыны!
Үйіне сүйретіліп келген мерген,
Үні жоқ, сөз айтуға тіл күрмелген.
Жалғыз-ақ жәрдемшіні домбыра қып,
Көңлінің күйін күй қып шерте берген.
Домбыра болған жайды сөйлеп берген,
Құмартгы, құмды кезді аң көрінген.
Аңды атгы, атып салған ұлын көрген,
Құшақгап ұлды, құмды күңіренген.
Домбыра зарлап, сарнап күңіренген.
Тыңдаған күйді шеше еңіреген.

Тілі жоқ, домбыраның үні жылап,
«Айрылдық жалғызым» деп еңірей берген.
Жылаған, жалғызымдап зар үн шыққан,
Шешесі болған жайдың бәрін де ұққан.
Домбыра елімді үнмен естіргенде,
Зарлы ана аңыраған, күй де у жұтқан.
Аңғалдық, аңға құмар, қапылықтан,
Оңай ма өз баласын атып жыққан.
Көрісіп домбырамен әке-шеше,
Дауысы жылай-жылай бос қарлыққан.
Тартқанда осы күйді аңыратты,
Мұңды айдап қыз көңіліне жамыратгы.
Күйік күй қыздың жанын тәтті қинап,
Жастықта тыңдай-тыңдай жылап жатты.
Көкке күй өрт жалындай шалқып жатгы.
Көк тасы Самарқанның балқып жатгы.
Көк дауыл айдын көлді көкке шашып,
Оқ тиген аққу құсты қаңқылдатты.
Ескек күй шалғынды есті, серпе соқты,
Өрт қылды қыз бойындағы азғана отгы.
Толғантып тоқсан түрлі қыз көңілін,
Жүректің жазы шығып, жаңбыр төкті.
Түрлі күй жаңа ағылды сылқылдаған,
Жер шалған, жорға салған жылқы ұрлаған.
Төгілді тоқсан тарау байырғы күй,
Күй қайда бір сарынмен қаңқылдаған…
Айықты мас домбыра былқылдаған,
Сауықгы ауыру күй ыңқылдаған.
Жарысты ұлы дүбір домбырада,
Ат шауып, барымта алып қиқулаған.
Аңқылдап «Ақ көбек» пен «Қара көбек»,
Байланған осыларға «Бала көбек».
Сыңсыған кейде сыңқ-сыңқ «Қос келіншек»
Күрпілдеп кейде саба, кейде көнек.
Осындай даңғыл күйлер алма-кезек,
Домбыра бебеуледі тілін безеп.
Біресе «Теріс қақпай» дүр-дүр етіп,
Біресе «Желмая» күй желек-желек.
Тартылды тәтгі күйлер алуан-алуан
«Тәттімбет», «Кенже қара», «Тойтан салған»
«Атылған аққу», «Күйген», «Суға кеткен»,
Тартылды талай сарын, талай арман.
Маймаңдап маймыл саусақ балы тамған,
Тартылмай күй болмады мұнан қалған.
Жамбасқа таразы, үркер ауып түсіп,

Болыпты мезгіл міне таңға таман.
Үркітіп, дүрілдетіп күй жылқыны,
Әндетіп жатты қырдың қыз-қырқыны,
Не болды, не қойғанды түгел айтып,
Сырласты ханышамен күй сылқылы.
Қанығы ханышаға күйдің тілі,
Үйреткен өз тіліне күй бүлкілі.
Біреудің бүгін түнде сырын сөйлеп,
Келтірді қыз ойына бір күлкіні:
Дегенін жайы осылай күйдің тілі,
Мерген қыз ширатып кеп ішке түйді.
Келгенде осы араға бекіне алмай,
Саба қыз құйылғандай сылық-сылық күлді.
– Жарайды, жетер, күйшім, тоқтал енді!
Кетіпті буған бір жын, соққан пері,
Аспаннан арман асып кетсе керек,
Жыбырлап жын-сайтанның жүргендері…
Адасқан домбыра да қайтып келді,
Түнеугі тоқсан күйді тартып берді.
Алдаспан ақ сайтанды қақса керек!
Аңқылдап домбырада күй түзелді!..

XIV

Болғанда алакеуім үйдің іші,
Қуарып, бір қызарды қыздың түсі.
Атырды таңды бүгін кірпік қақпай,
Тебірентіп тоқсан түрлі күйдің күші.
Пернесін қыз сөзінің түйген күйші,
Ер болсаң қызға тілмен сөйлей білші?
Күйшінің күйін, жайын таразылап,
Салмақтап өкім қылды қыздың іші.
«Жарайды, болдым риза тартқан күйге,
Қылаңдап міне кірді сәуле үйге.
Айтайын өзім шешкен түйінімді,
Мінекей, атқан таңда, тілеулі үйде
Күйшінің талсасасын, біреуіне,
Күйшіні сенен асқан білемін бе?
Мен разы, тілегіңе болам жомарт,
Айт, күйшім, менен сенің тілегің не?»
Қызылдап қан жүгіріп реңіне,
Жалтақтап қарай берді қыз өңіне.
Әлде шын, әлде өтірік дегендей боп,

Білместен жыларын да, күлерін де.
«Алдияр! Алдыңызға тілек айтам,
Көңлімде қалған кір жоқ, кетгі сайтан.
Тілегім мың қайтара — бір-ақ тілек,
Басыма бостандық бер, елге қайтам…
Қарт шешем жүрген шығар, жылап анам,
Қуанам, қайтарсаңыз елге барам.
Рақым қыл торғайыңа торға түскен,
Болар ма бөтен тілек, асылзадам…»
Кербез қыз, ақылы балқаш, ашуы дүлей!
Жайдары жайраң қақса жайнар күңдей.
«Тілегім — қайтайын» деп күйші айтарын
Қалып ед ханышаның өзі білмей.
Қызарып қыз отырды түк үндемей,
Не «болсын», не «болмасын» бірі жеңбей.
Отырып ойлап-ойлап: «Болсын» деді,
Айтуға өзге сөзді тілі келмей.
Айтқанда қыз осыны күйші сандақ,
Көзі ойнап, жарқ еткендей болды жан-жақ.
Телмірген тілегіне жетті-ау бүгін
Қысылып қысы-жазы жүрген зарлап.
Байлаудан босатылған атгай аунап,
Қылмаңдап қалды күйші «алдиярлап»,
«Болды,- деп,- босатқаным әлдеқалай…»
Дел-сал боп отыр әлі қыз қиялдап.
Біржола күй кеткені қызға батгы,
Енді оған естілер ме күйлер тәтті?
«Таратып тоқсан күйді жібердің»,- деп
Бір жақтан керең бір ой күңкіл қақгы.

Ілияс Жансүгіров өлеңдері

Барлық 54 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері