Құлагер (3-бөлім)
Ілияс Жансүгіров · 1894–1938 · 148 жол
Әйтеуір әудім жерге шаба алатын
Бұла астан қалдырған қазақ атын.
Қалмастан қаладағы биржевойлар,
Саудагер қалыдған жоқ тағалы атын.
Керейдің ас болған соң осы шалы
Ағылды алуан жүйрік қосылғалы.
Қаптасты құмырсқадай қырға қазақ, .
Ас емес, шегірткенің жосылғаны.
Қараөткел келіп жатыр, Қарқаралы,
Кереку, Баян, Семей, Торғай-бәрі.
Жетісу осында кеп құйып жатыр,
Арқаға аунап шөкті Қаратауы.
Әр жақтың қошқарлары, марқалары,
Әр жерде ауыр қотан, алқалады.
Жиылды Сағынайдың сорпасына,
Асын жеп, атын шауп тарқағалы.
Әр елдің бұқалары, өгіздері,
Қызыл көз, саба құрсақ-семіздері,
Жерлерден жарты ай жүріп келгендер бар,
Келіпті бәленше де дегізгелі.
Дейміз бе осларды нені іздеді?
Жын қуды астын етін жегізгелі.
Арқаға аударылды ас дегенге
Лақылдап Балқаш, Арал теңіздері.
Жан-жақтан ағытылды сабаны артып,
Түсіріп, дүрілдеп жүр табақ тартып.
Кісіге шыпылдады ақ ордалар,
Қалың ат ер-тұрманы етіп жалт-жалт.
Байланған қыс бордақы домалантып,
Сойылды талай мертік, талай шартық
Соларға бір сұғынды сұрпақбайлар,
Мал сойып, табақ тартып, сорпа қалқып.
Арқанынң жазы жібек, жері сая;
Қоңыр жаз самал соққан күн жылмая.
Қазақты асқа келген Арқа күтті,
Су беріп бал бұлақтан, кілем жая.
Тәтті жал, қазы, қарта мая-мая,
Дамылсыз дастарқанды жүрген жая
Жігіттер танымы жоқ, табақ тасып,
Болғансып терлеп-тепшіп, бая-шая.
Шалдарға былш-былш қақырынған
Сар қымыз салқын үйде сапырылған.
Қалың топ, қара құрық, қамыс кісі
Толықсып, желді күндей жапырылған.
Әр елдің дәріптеген батырынан,
Ақсақал ат әкелген ата ұлынан.
Біреуді білмесе де нән деседі-
Шіреніп насыбайды атуынан.
Бір үйде тұздықтаған тәтті табақ,
Бір үйде ет тартылмай қаққан жалақ.
Бір үйде табақ теуіп етке өкпелеп,
Боқтасып бір үй жатыр жерді сабап.
«Шорманның Оқасы!» деп шапты анталап,
Бір үйді қырғыз алды-Шабдан манап:
Оязы Қараөткелдің Измайлов
Бір үйде ләйліп отыр ішіп арақ.
Жиынға ояз мінген бір арғымақ
Тыншымай мамағашта тұр қарғылап.
Тұқымы тобылғыдай тор қасқаның,
Алынған француздан англо-арап.
Бүгіліп бауырынан, жүйрік жарап,
Жан-жақтан келіп жатыр не желді аяқ.
Көл асқан қыр қазағы құстай қаптап,
Топырлап қонып жатыр үйге тарап.
Бір үйде бәйбішелер бауырсақтай,
Ауызы еттен, майдан дамыл таппай;
Сүртініп сорпан терін жеңіменен,
Ұзын күн істеп отыр қарнын қаптай.
Келіншек-жас жауқазын, сарымсақтай,
Қыздар да пісіп отыр қауыншақтай;
Ақ тамақ, алма бетті арулар жүр
Қыдыртқан бақалшылар сабыншықтай.
Бір үйде қобыз даусы шымыраған,
Күңіреніп кейде, бірде ыңылдаған;
Бір кезде бебеу қағып, күшіктей боп
Қыңсылап, сыңсығандай күй жылаған.
Бір үйде домбыра да ыңыранған,
Қыр күйі құлдыраған, бұлдыраған;
Қос ішек « Қосбасарды» сылқылдатып,
Жүректі жұлып жеуге күй жынданған.
Ет асып, пышақ қайрап, малды қырған,
Кедейге сонда ырза емес бай антұрған.
Жалғыз-ақ бұл жиында малшылар жоқ,
Аңсаған ас етіне қойшы қырдан.
Албасты Арқадағы абы жылан-
Молда отыр ысқырынып оқып құран;
Атты арбап, атан жұтып жатыр молда,
Құранмен жем түсіріп жуан-жуан.
Түлкісін санап қыстай пұшпақтаған,
Бір үйде бір дарақы құс мақтаған.
Саудагер мата сатқан сөз қатып тұр
Қылжақтап бір тоқалға тұштақтаған.
Бір үйде өлеңші отыр жұрт мақтаған,
Сөз сатып, тиын тілеп елді ақтаған.
Толтырып сүйек-саяқ дорбасына
Бір қора қайыршылар жүр қаптаған.
Кәрі ақын кіжінеді өңмен қағып,
Бала ақын сар масадай жатыр шағып;
Екі жақ ереуілдеп керісіп тұр,
Даттасып бірін-бірі атып, қағып.
Қолына я бөрік, я тұмақты алып,
Ақтаған ат үстінен сияқтанып,
Жаршылар жағы Семей жар қағып жүр,
Жұрт жатыр әр хабарды құлақтанып.
Таң атса шаң бермейді астың үйін,
Күн батса жан бермейдітіреп иін.
Сылтауы ас, Сарыарқаны қазақ басты,
Қыл сақал, қымыз сасып, қолпаң киім.
Осындай болып жатты ұлы жиын,
Жиынның мыңнан бірін айту қиын.
Еті тау, қымызы көл деуге болар
Айтқанда тартыңқырап астың сыйын.
Жүз-жүзден жүрген жігіт даяшыға,
Ақ көбік мінген аттың жаясында.
Екі айдай Ерейменді ет сасытпай,
Жұрт малын жылулаған аясын ба.
Сан сойыс Сағынайдың бұл асына
Мал қайдан жетіп жатыр, расында?
Жан-жақтан топ-тобамен төгілген мал,
Көтерген малын Керей үй басына.
Мал айдап жан-жақтан жұрт оннан, бестен;
Көп саба келіп жатыр елдей көшкен.
«Жоғалған тоқтым бар» деп бай жүгінсе,
Қойшыға билер отыр кесік кескен.
Шығынның, шаңырақ ақың мұнша дескен
Бір үйде, старшындар құлақ кескен.
Жасауыл анау жерде ат аударып,
Мынау жер жесір дауы дүрілдескен.
Жиылған көп күшіген әрбір тұстан,
Қалмастан қарға, құзғын түгел ұшқан.
Тояттап қазы, қарта, түйе кекірік,
Қып-қызыл билер жатыр қымыз құсқан.
Қап қарын үйелмендер тісі шыққан,
Ішіне ет пен майды істеп тыққан.
Желпініп алды-артынан жел соқтырып,
Тер сасып, қарнын қасып, битін сыққан.
Сопылар тәспі тартып, құман ап жүр,
Әр үйге «Аллай хақ» деп дуана жүр.
Кемпірі Сағынайдың опыраңдап,
«Кет-кет!» деп дуананы қуалап жүр.
Қарғалар қызыл көрген анталап жүр.
Май шайнап жамбастарды жаңқалап жүр.
Итініп ет үйлерге ит пен жетім
«Қай жерден қағамыз» деп байқап-ақ жүр.
Мырзалар күміс тұрман шалқалап жүр.
Кедейлер отын шауып арқалап жүр.
Күңірентіп Сағынайдың кәр моласын,
Осындай ас боп жатты Арқада бір.