Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Құлагер (2-бөлім)

Ілияс Жансүгіров · 1894–1938 · 219 жол

Лермонтов, Пушкин көктен атылған құс,
Түскен бе Көкшетауға көлеңкесі?
Қайт болып қара күштен меселдесі.
Халықтың қайғыда өткен нешен досы.
Жаныштап жұрттың жанын жерге тыққан
Қара күш, қаңқу сөздер- кесел де осы.
Тегінде тегін бе екен Ақан сері,
Бұл да бір емес пе екен елдің ері?
Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді?
Туғаны Арқадағы Арғын елі,
Өскені Көкшетаудың шалғын жері;
Ащы тіл, асау мінез қлығынан
Атанып кетпеді ме «азғын», «пері»?
Лақабы -әлде әулие, әлде пері,
Арқаның атақтысы Ақан сері.
Көкшеде сұлу сүйіп, өлең айтқан,
Бұлаңдап тақымында Құлагері.
Көкшеге жаз көк жидек жапқандайын,
Көкшеге қыс ақ күміс шашқандайын.
Көкше қыз күзде киіп қырау ішік,
Көк айна- көлі қыста қатқандайын.
Жамылған қыста ақ үзік ақ қардайын,
Төселген жазда кілем мақпалдайын,
Қырдағы ел « Құлагердің» әнін тыңдап,
Былайша әңгімелер Ақан жайын:
Ақан
Бурабай бір таза жер «пері» жүрген ...
Онда жоқ жын мен сайтан өріп жүрген.
Ағашқа атын байлап көлеңкелеп,
Ақан ғой анда-санда келіп жүрген.
Ақандай осы тауда сері жүрген,
Су ішіп, тауда шие теріп жүрген.
Қайыңдай мінсіз, таудай таза жігіт,
Көң -қоңыр, былапыттан жеріп жүрген.
Жасынан иеленген баласындай,
Талпынып Көкшетауға анасындай.
Көліне бетін жуып, ат суарған
Арқаның бір сиқырлы айнасындай
Сұрша тал -сұлу қолдың саласындай,
Қып-қызыл қайың-қыздың баласындай.
Жамылған жанат ішік, мөлдір сұлу,
Көзінің Көкше көлі шарасындай.
Кісі емес Ақан төрде билік айтқан,
Ұры емес, ауыл торып, ел шулатқан.

Молда емес, мешіт салып, зекет алып,
Нәжісін дүниенің бойға жаққан,
Ол емес және өзінің малын баққан,
Жалшы емес және байдың отын жаққан.
Кісіні ит етінен жек көретін .
Дау қуып, арыз айтып, биге шаққан.
Төренің тұсындағы қасына ерген,
Өзін ел құрмет қылған көрген жерден.
Жерлерді тоқты сойған топыр қылып,
Сал сүрей, саңлақ мініп, сұлу сүйген.
Жүйрік ат, сонар саят, қыз-қырқынмен
Өмірді өткізген жан өз ырқымен.
Өмірдің ащы емес, тұщысында
Қызықтап жігіт ойын, қыз күлкімен.
Саңлақ ед шыққан мыңнан, озған жүзден,
Көп сұлу көзін сүзген күнді өткізген.
Қызықтың айдынына құлаш ұрып,
Армансыз қаздай қалқып, қудай жүзген.
Солардың келе-келе жаны безген, .
Өмірде әлсіздігін әбден сезген.
Сезгір жан, нәзік көңілін азап алып, .
Жабырқап жапан түзді жалғыз кезген.
Кісі емес көп қатынды үйірлеген,
Болған жоқ бір пендеге тию деген.
Текті құс тазалықты қолына ұстап,
Арманы-ақ сұлулықты сүю деген.
Адамнан, айналадан, күйіркеден,
Бой тартып ел ішінен жиіркеген,
Безінген біржолата тағы болып,
Аулақтап әсем тауда жүруменен.
Сұлулық жерден өніп, көктем жауған,
Тапқан ол тыныштықты таза таудан.
Шомылып мөлдір көлге, орманда ұйықтап,
Жақсы жер жұмбақ жанын аялаған.
Қарағай, қайың, талдар-қалың орман,
Тау мен тас жеке жанға болған қорған.
Қиқулап өлең айтып, күйлер тартып,
Сері үшін құс, көбелек қылған думан.
Таза тас сияқтанған күміс кесек.
Жапырақ секілденген таза төсек.
Жүрегін жуықтаса жаралаған:
Кір өмір, тікен тұрмыс, улы өсек.
Ақанды сол күндегі сопы десек,
Әсем тау оған құбыла, Мекеге есеп.

Ән- азан, әдемі сөз-намаз болып,
Кітап боп көңілін ашқан гүл — бәйшешек.
Бұл өзі ауылында аз оқыған,
Алғыр ой, ақын, әнші-көп тоқыған.
Елді улап, өлім тілеп жалмаң қаққан
Бұл ем,ес бөлек еді көп сопыдан.
Көрмеген ілімді артық көп тоқтыдан,
Не тапсын білгенімен көп соқырдан.
Тәңірісі табынатын табиғат боп,
Мешіт қып мекен алған көк шоқыдан.
Жасынан туып,өсіп мекен қылған
Жерінен патша қуған, қала отырған,
Ел інін суға алдырған суырдай боп,
Жойқын жұт- сұрапылда малын қырған.
Арманды ел ақ патшаға арыз қылған,
Арыздан борыш басып, қарыз қуған.
Жер мұның, елдің шерін өлең қылып,
Ақан да жанның бірі жаны ауырған.
Және де жақынынан жарды сүйген,
Сол үшін ауыл-аймақ, безген үйден.
«Алам» деп Ақмарқаны алас ұрып,
Ала алмай ақырында жаны күйген.
Сол үшін тау пәлені басына үйген,
Тартқан ол тауқыметті болыс, биден.
Соқпадым онысына осы арада,
Бар ма деп жолдастарын жазып жүрген...
Күйдіріп осындайлар жанын жеген,
Кеңесіп келісе алмай қалың елмен.
Тілімен жырды жаттап, жерді жоқтап,
Ол өзін жазалаған алдменен...
Сұрама оның бәрін бүгін менен,
Тіршілік болса тағы айтып берем.
Ақанның ең аяулы әңгімесі-
Тек бүгін тарқасалық «Құлагермен».
Арқада Ақанды айтқан әңгіме көп,
Қылады оны әулие әлде не деп.
Әулие болмаса да безеген жан,
Неліктен? Тарихшылар табар себеп.
Мен өзім сері Ақанды көргенім жоқ,
Сөздерін, әнін жаттап, тергенім жоқ,
Ақанның өзін көрген, сөзін терген
Адамдар айтпас мұны өтірік деп.
Серінің сүйген жары-Ақмарқасы,
Көліндей Көкшетаудың жан қалқасы,

Сол ма екен елден айдап ән салдырған,
Жүрегін күнде шауып қыз балтасы.
Асыққан азап болып қызға айқасы,
Қайғымен өртеді ме қыз-қалқасы?
Жұрттан ба, жарынан ба жанын қинап,
Серіні сыйғызбаған ел ортасы?
Әйтеуір Құлагерді мініп баптап,
Жалғыз жан жапан-түзге кеткен ақтап.
Ақ көңіл, асқар жанын алып қашқан
Арамнан, айналадан кірден сақтап.
Сондықтан ән шырқаған жырды мақтап,
«Асылым, Ақмарқам» деп атын жаттап.
«Сендерге сүйгеніммен келмедім» деп,
Орманға, құсқа, тасқа қызды мақтап.
Жете алмай арманына болып қапы,
Күңірентіп әніменен кең аймақты;
Түлкі үшін тасқа түскен қыран құстай
Болған соң кетті ме екен жаны запы?
Жатталып Ақмарқаның аузында аты,
Телміріп таста отырып жазған хаты.
Жары да, жолдасы да тек біреу-ақ-
Онысы астындағы жалғыз аты.
Меншіктеп таза бұлақ, таудың тасн,
Мекендеп жүрген дейді көлдің қасын,
Айтады ослайша айтушылар,
Кім білсін, әлде өтірік, әлде расын...
Тамсантқан әніменен кәрі, жасын,
Демейміз елге Ақанды сөз қылмасын.
әңгіме Ақан емес, Құлагер ғой,
осынан бастамақшы ек сөздің басын.
Ендеше көлденең сөз былай қалсын,
Қызықсыз қысыр сөзге кім айналсын.
Көңілін көркем таудың жайлауына
Шығарып, сері салтаң кете барсын.
Асық боп Ақан жоқтап Ақмарқасын,
Деп біраз жалын шығып, шер тарқасын.
Жаңғыртып Сырымбеттің күллі алабын,
Серіңіз серпіп көкке ән шырқасын.
Бұлбұлдап көмейлерін бүлкілдетсін,
Көделер ақ үкісін үлпілдетсін.
Суырып көк жібектің сыртпағын,
Құлагер көк шалғынды күртілдетсін.
Суықта паналасын ну тоғайға,
Ыстықта көлеңкелеп сая жайға.

Жауында үңгір тасқа ықтап, ұйқтап,
Шомылып жүре берсін Бурабайға.
Бата қып батқан күнге, туған айға,
Бейшара жүре берсін Бурабайда.
Серіні «пері» деген қалың қауым
Не ғылсын, бір мақсымды қудалай ма?

Басталды әңгіменің былай басы,
Болды оған жетпіс, сексен жыл шамасы.
Арқада Ерейменді мекен еткен
Керейде Сағынайдың болыпты асы.
Қаудырап аппақ қудай сақал, шашы,
Қалтырап жынданғандай қолы, басы.
Сағынай саптыаяққа сиіп өлді,
Тоқпақтай тоқсан төртке жетіп жасы.
Білмеймін кім екенін Сағынайдың,
Кім білсін, қай жыл өтті,өлді қай күн?
Малы мол, малайы көп, қатыны көп,
Әйтеуір болуы анық, бірі байдың.
Жоқ болмас, бірі ғана құры байдың,
Өзі-нән болса керек, руы- айдын.
Осы астың біз айтпай-ақ өзі айтады
Болғанын әлдеқандай сұмырайдың.
Іріңдеп, сығырайып екі көзі,
Болыпты Керейдің бір бұлдысы өзі.
Алдынан дау, аузынан сөз кетпепті,
Айтқанда керейлерше «Дәудің өзі».
Оларша -жердің белі, таудың құзы,
Ата ұлы, арыстандай кер ауызды.
Біздерше- хат білмейтін бір қатты шал
Жуан ит сүйек бермес, жалмауызы.
Қар кетті, көк жетілді, ағаш мүлги,
Жетіпті Сағынайдың жылы жылжи.
Қар жұқа, қысы жақсы, жер соны боп,
Сол жылы Арқа елінде болып ед күй.
Қатарлап қаладайын үйлерді ылғи.
Көше боп көк майсаға тігілген үй.
Айтылған қыстай сауын, ұлы дүбір,
Хат алған неше дуан, болыс пен би.
Әр елдер тұрғы- тұрғы, алыс, жақын
Жаратып келіп жатқан дәмелі атын.
Бас қосқан неше дуан ақтарылды ас,
Жалпақ жұрт түгел естіп жатты даңқын.

Ілияс Жансүгіров өлеңдері

Барлық 55 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері