Құлагер (1-бөлім)
Ілияс Жансүгіров · 1894–1938 · 227 жол
Тасқында, тау суындай, көңіл жыры,
Қазақтың сусындасын ойы — қыры.
Бұрқырат бұлағыңды кең далаңа,
Бастырмай шөпке — шарға тоқтап құры.
Далаңның той болғанда бүгін күні,
Жүйріктей бабындағы жүгір, міні;
Орай шап алдын, артын жиын жұрттың,
Жыр қыла бүгінгіні, бұрынғыны.
Шарықта шартарапқа қиял құсы,
Көңілдің кеп тұрғанда күнді алғысы.
Халқыңның қуанышын қанат қып қақ,
Қашан да қала берер ұяң кісі.
Қашаннан қазақ көшкен тарих көші,
Таланып жаудан, жұрттан жеткен осы,
Көсемі көш алдында басшы болып,
Бақыттың жайлауына қонған тұсы.
Шат көңіл, шадыман жұрт ақынысың;
Жүйріктің жұрт қуантқан жақынысың;
Баласың бақытты елге, түс майданға,
Халқыңның қайратысың, ақылысың.
Тілісің, теңіз көңіл, батылысың,
Өткір ой, сезгір сезім батырысың;
Желіндей қуаныштың жеделдей соқ,
Өлеңнің өзені бір сапырылсын.
Күйіндей домбыраның құлдырасын,
Суындай Алатаудың сылдырасын;
Сөздердің асыл, көркем тасын қала,
Ұйқасы өлеңімнің сыңғырасын.
Тегінде кәр құлақсың, сұңғыласың,
Сондықтан сұлу сөзді жыр қыласың.
Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай,
Я көрсін, я көрмесін тұрғыласым.
Ұзаққа жүгіретін өрен жүйрік,
Секілді тыз етпеге қақпай күйбік,
Көсіліп өресі ұзақ поэмаға,
Жай тастап, кең құлаштап желдей жүйткіп.
Десе де «Бұл ақынның сөзін сүйдік»,
Десе де «Ақынымыз кетті жидіп»;
Тастай бер ортасына өз сөзіңді,
Ұлы ұрпақ, осы күні көпте билік.
Халқымның қуанышты бұлбұлымын,
Жұртымның жүйрігінің дүлдүлімін.
Көтеріп көптің көңілін күнде шауып,
Жүлде алар жұма сайын туды күнім,
Шат елдің шешенімін, даңғылымын,
Шыным сол, правом бұл, заңды мұным.
Астанам Алатаудан саңқылдасам,
Жетпей ме жер жүзіне жаңғырығым?
Бақ туын тұрғанда ұстап бүгін қазақ,
Көңілі судай тасып, оттай маздап. .
Ескі күн елім көрген енді ойласам,
Көрінер кейде қорлық, кейде мазақ.
Соларды әдетім еді айту аздап,
Ескіге ендігі елдің кегін қозғап;
Ескі күн — елдің жылап өткен күні,
Ескі ән, күй сондықтан қалған боздап.
Ежелден ескеруші ем елдің сөзін,
Бұлақтың тазалауға тінтіп көзін.
Бар ма деп ашпаған сыр, айтпаған жыр
Құлақты қырға түріп жүрген кезім.
Ақтарып асыл сөздің алтын, жезін.
Салатын дүкеніме бар мінезім.
Ақтарған Арқа астын инженермін,
Ал, жұртым, керегіңе тұрса сөзім.
Өзгеге ұғындырмас өзі бұзбай,
Сыншыдан сақта құдай сортаң тұздай.
Шатасқан шалдуардан жиіркенем,
Елімнің ескісінен сөз айтқызбай.
Сапырған сырлы сөзді сар қымыздай, .
Заманның отырғам жоқ салтын бұзбай;
Асылын арамынан аршып алдым,
Қашаннан қазынаға халқымыз бай.
Туған жер
Мен өзім тауда туып, тасында өстім,
Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім;
Асқарда Аршалыға қозы жайып,
Бұлттың аспандағы қасында өстім.
Жөңкенің жоғары ала басында өстім,
Ақ гауһар Ақ тастының тасында өстім.
Аспанда ақиығы шаңқылдаған
Құздардың құламалы астында өстім.
Сондықтан бір қазақпын тауды сүйген,
Тасы жоқ, таусыз жерді жерсінбеген.
Алматым Алатаудың бауырында
Аңқылдап жел соққандай ән мен күйден.
Жасымнан жырлап едім тауды талай,
Гималай, Кавказ, Жөңке, Алтай, Алай.
Ордасы ой, көңілімнің ала асқарлар
Жырлатпай жүрегімнен жатсын қалай?
Таудағы тасқындаған ағын судай,
Өлеңім басталады таудан ұдай.
Өсемін әңгіменің көп таратқан
Айтылмай қалған екен тау мынадай:
Көк орман, көркем тоғай маужыраған,
Сұлудың көзіндей көл жаудыраған.
Малта тас, маржан, ақық, меруерт тас
Төгіліп көл жиекке саудыраған.
Көк кілем, балаусасы балбыраған,
Көк жібек жапырағы жалбыраған.
Ақ қант аспандағы сонда жауып,
Бал бұлақ таудан, тастан ор құлаған.
Бұл тауды іздеймін бе біздер шеттен,
Талайы осы таудың бізге біткен.
Мақтауға, мақтануға тұратын жер
Айтамын Көкшетауды даңқы кеткен;
Оқжетпес оқшырайып өрлеп кеткен,
Кеудесін керіп көкке сермеп кеткен.
Қия құз, жақпар сарай, бура тастар
Тәртіппен көлді айнала сәндеп шөккен
Кавказдай таласпайды аспан — көкпен,
Қаһарлы Хантәңірі емес қар бекіткен;
Алтайдай асу бермес асқар емес,
Жөңкедей жолсыз емес құж — құж біткен.
Көкшетау жер жаннаты жеке біткен,
Бұл сұлу кең далада бойын күткен.
Жомарт тау дастарқанды, момақан тау,
Шипа тау тазартатын барлық дерттен.
Көкшетау көп жердің бір көркем жері,
Қыз орман, Бурабайдың мөлдірлері.
Жамылып жасыл барқыт, асыл құндыз
Түрленген тоты құстай тау көркемі.
Сайраған бұлбұлындай әншілері,
Зулаған дүлдүліндей жүйріктері.
«Хан тұрып қазағыңа, ханды ант ұрған»,
Қонысы Абылайдың бір күндегі.
Қазақтың әсем жері Арқасында.
Арқаға жетер Арал, Балқашың ба?
Сырымбет, Зеренді, Иман, Айыртаулар
Арқаның тізілгендей алқасына.
Арқаның алқа қонған даласына,
Ауылдай таулар отыр жарасымда.
Алапқа бетегедей киіз төсеп,
Оранған орманды тау ағашына.
Бұлақтың тәттісі де, тазасы да,
Көлдердің кең, мөлдірі тап осында.
Айдыны ала шұбар, құс қиқулар,
Ауыл, мал, масаты көл жағасында.
«Ауылы Сырымбеттің саласында,
Ақ сұңқар ғашық болып баласына».
Құмар боп жерден жүйрік, көктен құсқа,
Тұр таулар ән шырқалған арасында.
«Ол күнде осы тауда жалғыз жан жүр,
Дүниеден аулақтанған дабыр — дүбір, .,
Қара шал қайыңды отыр көлеңкелеп,
Бір қу бас шал үстінде ілулі тұр.
Не еткен жан, әлде даңғыл, әлде мұңғыл?
Бұл өзі ән күңірентіп айтады жыр». —
Осылай ертегі қып кетуінде
Елдің де ескі аузында жоқ па екен сыр?
Салғанда шалқып, шырқап әр түрлі әнге,
Осы шал ұқтырғандай көп әңгіме.
Жетісу, Ертіс, Арқа жүген жаттап,
Байбайлап салған әнін «Құлагерге».
Кетсе де шалдың өзі көптен көрге,
Жайылған әні, сөзі жалпақ елге.
Елімнің есігінен иттер қуған
Сорлының сүйреген ел басын төрге.
Жақсының жақсылығын жан айтады,
Сондықтан «Құлагерді» бәрі айтады.
Егіліп әндеріне, сөзін тыңдап,
Еріңді ел қиялы дардайтады.
Қазақта Құлагерді көп айтады,
«Серінің серігі еді» деп айтады.
«Ат сыры иесіне мәлім» деп жұрт,
Тегінде мал көрмесе, неге айтады.
Заманда сонау сарсаң Ақан тұрған,
Ол заман — ерге тұсау, зорға думан.
Жалмап жеп айналасын аш кенедей,
Семірген жұрт қанына нелер жуан.
Хан қабан — халық құлағын бұрап тұрған,
Бүйі би — билеп-төстеп сұрап тұрған.
Қор қылып ақ алмасты отқа көсеп,
Жүз -жүз жар теңін таппай жылап тұрған.
Барымта — ел шулатып жылқы қуған,
Әупілдек батыр шыққан әр рудан.
Ел құнға жұма сайын бір жығылып,
Қара нар, қалы кілем бітім қылған.
Қанды кек ел арасын ушықтырған,
Қорқауды қол табылмай тұмсыққа ұрған.
Асыл ер, арманда жар опық жеген,
Албасты әлсіз жанды тұншықтырған.
Қырдағы қара сойыл бақандаған,
Қалада қара жүрек қаһарланған.
Тұсында сері болсын, пері болсын,
Ұнайды өмірімен Ақан маған.
Ол күнде қазақ мұндай жасармаған,
Құл мен күң қожасынан аса алмаған.
Жарлыға, жалғызға да дес берді ме,
Жыландай ысқырынған зәһар заман.
Керексіз кісі болған ол заманға,
Қайткенмен бір жұмбақ сыр бар Ақанда.
Ез болмай, елге сыймай кім тұра алған,
Жалғыз боп жанаса алмай барлық жанға.
Түскен жан сондай күйге сұм жалғанда
Ескеріп енді ойлансақ тегін жан ба?
Қыңыр жан қырық кісімен қырықпышақ боп,
Ел таппай өте берген неге арманда?
Ішінде өрті жанып басылмастай,
Шемендеп дерті кеткен ашылмастай.
Тентіреп тауда, таста неге жүрді,
Тасталып танылмаған асыл тастай?
Бай басып, батыр әлде жасқаған ба,
Би тауып, шерін шындап ашпаған ба?
Сұңқар құс сүймеген бір жұмыртқасын
Ұядан садағалап тастаған ба?
Таба алмай тыныштықты туған елде,
Кете алмай біржолата бөтен жерге,
Тартқанда.тан жаны қорлық, .
Төсеген талай ерлер оққа кеуде.
Жақсы боп елден өлім талай ерге,
Аз ба екен оққа ұшқандар дуэльдерде?
Өлімді жан қорлықтан жақсы көрген
Не дейміз Лермонтов пен Пушкиндерге?
Өмірде бастырмастан көңілін өрге,
Кім еді ел талантын тыққан жерге?
Қыз емес, қара күш пен қаңқу сөздер
Ертерек ер жүрегін көмген көрге!
Өмірде солардайын қорлық тартқан,
Сұм заман өткір жанды қор қып баққан.
Жаралап ер жүрегін жау қанжары,
Ысқырып жылан өмір жанын шаққан.
Лермонтов бомағанмен біздің Ақан,
Кісі ме ед ақындықтан құр алақан?
Ортасын олқы көрген бұл да дара,
Имеген иттерге бас сері, дарқан.
Еріксіз ерте туған ел еркесі,
Жетпестен қиылатын ер желкесі.