Күйші (3-бөлім)
Ілияс Жансүгіров · 1894–1938 · 176 жол
Сарылтып сары ауыру, сағынғандай.
Күй төкті күшті қатты құмарланған,
Көзі жоқ, орны қалды мұнарланған.
Әлде қыз, әлде аққу, әлде марал,
Алдында бір сұлу тұр шоғарланған.
Күй жүйрік, кейде түнде сылаңдаған,
Қашаған қыз алдында қылаңдаған.
Құрықтап жетегіне ап жортады күй,
Арты «Аттан» жер күңірентіп ұрандаған.
Кейде күй қыран болып қылмаңдаған,
Алдынан қызыл алтай бұлаңдаған.
Саңқылдап домбырадан бір құмар күй,
Сағынып сар балақгы жұмарланған.
Бұлбұл боп кейде қақсап таңда зарлап,
Торғай боп аспанда ұшып, көкте шарлап.
Басына аққу киіп, дуана боп,
Қасына ханышаның кеп тұр сарнап.
Дуана ақтап отыр — я, аллайхақ!
Сарынын ішіндегі шерге жалғап.
Ойнақгап қара дауыл соқты қырдан,
Ебелек ел алдымен қашты қаңбақ.
Безектеп бір өткір күй құлдырады,
Күйшінің көзінде қыз бұлдырады.
Тамызда таңдай кеуіп талды күйші,
Бір бұлақ мөлдіреген сылдырады.
Ауырып домбыра да ыңыранды,
Санасыз, саусақ қаңғып қыдырады.
Бірде ысып, бірде суып, күйіп-жанып,
Жүректей сандыраған күй жынданды.
Қияңдап кетті мініп қиялына,
Ондайда қиял бойын жияды ма?
Ұмытып қайда екенін, кім екенін,
Быж-тыж боп отыр сорлы қыз алдында.
Әлде қыз, әлде түлкі, кім алдымда?
Үстіне, не боп кеттім, құлармын ба?
Әлде өңім, әлде түсім, қайда кеттім?
Апырмау, бар ма, жоқ па көз орнында?
А, білдім, аққу екен қыз пернелі,
Қыран боп көлден қағып, сілкер ме еді?
Кұс болмай, қыз боп шықса құшағыма ап,
Бетіне қалампырды бүркер ме еді!..
Қыз екен! Ақ тамағын сүйер ме еді,
Алпыс жыл асығына күйер ме еді!
Көрінбей тірі жанға жүру үшін
Құс кебін перілердің киер ме еді!
Құс кепті пері болып көкте қалқып,
Алатау үстінде ұшсаң көз алартып.
Іздесем мына қызды ойдан, қырдан,
Көрінсе жерден бір күн көзім тартып.
Бұрқырап алай-түлей дауылдатып,
Үскіріп, нөсерлетіп, жауындатып,
Аспаннан тіке түсіп алар ма еді,
Ауылын Кене ханның баурымдатып!
Аялап, ақырын ұстап, алып ұшып,
Бауырға басып алып кетсем қысып.
Жерінен жеті дария арман өтіп,
Апарып алтын тауда жатсам құшып.
Қуа алмай жердегілер ізге түсіп,
Қалар ек жете алмасқа біз кетісіп.
Жер соғып қанатымен хан қалар ед,
Тек қана құмалақ сап іздетісіп.
Апырмай, пері болмай, құс болмадым,
Құс болып осы қызға тұс болмадым.
Сонарда құмай болып қуып алмай,
Қу басым, құр сандалдың, түк болмадың…
Апыр-ау, жел боп неге жаралмадым,
Қасына кісі болып бара алмадым.
Жыбырлап ертеңді-кеш аймалақтап,
Бетінен сүймес пе еді самалдарым.
Су болсам сылдыр қаққан, ием иіп,
Жүрер ем денесіне әбден тиіп.
Жуынып меніменен жүрмес пе еді,
Алмас па ем екі беттен шөп-шөп сүйіп.
Су болмай, түлкі болсам орман иық,
Қыз кисе қызылымнан ішік жиып.
Жамылтып үстіндегі ішігіндей,
Құшақтап алсам, әттең, жүрсе киіп.
Болмадым ең болмаса аспанда күн,
Елжіреп анда-санда қарайтұғын.
Жалындап кешке жақын таудан ассам,
Бір бұрып қаратпас па ем бетін мұңын!
Болмадым әлде күміс, әлде алтының,
Білезік білегіңе салатұғын.
Болмадым тым болмаса қауырсыны
Тоты құс сонау тұрған қанатыңның.
Қарар ма ед, әлде, көкте жұлдыз болсам,
Киер ме ед, қамшатына құндыз болсам.
Оймақтай ауызынан жұтылар ем
Ашыған ашығыма қымыз болсам.
От болып ең болмаса маздамадым,
Күйдіре, жақындаса жаздамадым.
Осыған жарық қылып жылындырып,
Қызметін істемедім азғана күн.
Па, шіркін, құдіретім бұған келсе,
Мұқтаж боп қалар еді бұл да менше.
Жел, қымыз, жұлдыз, шуақ, от, су болсам,
Болмадым мұның бірі, кұдіретім жоқ.
Бұл менен айрылар ма ед өмірімше?
Сарылып ізге түстім, індету жоқ.
Ішімді, уа дариға, қайдан білсін,
Айтуға өмірімше менде тіл жоқ.
Жүргенім дәулет пе екен құр күйші боп?
Мен-дағы жігітпін ғой, құл иісім жоқ…
Тумаған төре заттан — сорым-дағы,
Туғаным, әтгеген-ай, Сарыүйсін боп!
Келгенде осы араға қиял мұқап,
Жүйрік ой тоқырады жарға тақап.
Қаңғыбас қиялға ерген адасқан күй,
Сүмеңдеп балдырғандай қақты шоқақ.
Ханыша қарай құлды шын таңырқап,
Үйткені қалған екен күй байырқап.
Тізгінін қайта жинап, қамшы басып,
Жөнелді жазған жүйрік қайта шырқап.
Сабаулап кетті тағы дірілдетіп,
Желдіртіп, маймаңдатып, дүрілдетіп.
Бірде құс, бірде құмай, жігіт болып,
Жетелеп бәрі қызға жүр-жүрлетіп.
Төпелеп тағы шапты дүбірлетіп,
Ақсады тойтырақтап, кібірлетіп.
Түсінген күй тіліне ханышайым,
– «Қой, күйшім, жетер!»- деді жымың етіп.
V
Осылай өте берді талай күндер,
Шертілді шер шығарған талай күйлер.
Айрылып тоқсан күйден қалды күйші,
Бір-ақ күй билеп алып күндер, түндер.
Пәлен деп бастаса да мынау күйлер,
Сындырап өзге жаққа саусақ билер.
Айналып қыздың күйін қылмыңдатып,
Қалмайды бастап тартқан күйден сүлдер.
Бір-ақ күй — қыз күйігі Қарашаштың,
Ханыша есін алып есіл жастың,
Күйшінің көңілінен соққан дауыл,
Лақылдап жүрегінен тасқан тасқын.
Шерткені — сандырағы қызға мастың,
Қызығу алмасына алма ағаштың.
Айрылып тоқсан күйдің торабынан,
Қаңғырған өзге жақга бұл бір қашқын.
Егерде «Домбыра ал!» деп айта қалды:
Бір күйді бас-аяғы қайталайды.
«Ой, бауырым!», «Ақсақ құлан», «Қос келіншек»
Сандырап мұның бірін тарта алмайды.
Тартпайды даңғыл күйді, тайқалайды,
Сүзгілеп өзге бір күй анталайды,
Жүрегі қолын қағып қыз жетелеп,
Кеткенін өзі қайда байқамайды.
Тайпалып жорға болып салдырған күй,
Мейірін тыңдағанның қандырған күй.
Тартқанда зарылдатып, сұңқылдатып,
Аққуды аспандағы қондырған күй.
Лапылдап, мұз көңілді күйдірген күй,
Балқытып мұз жүректі сүйдірген күй.
Тасытып тас емшекті тағдыр болған,
Бота боп нар інгенді идірген күй.
Қажытып қам көңілді жылатқан күй,
Бекітіп жылағанды жұбатқан күй.
Пәлен деп бірауыз сөз айтпаса да,
Әркімнің өз көңліне тіл қатқан күй.
Жорға күй жолда шаңы бұрқыраған,
Жалын күй көкке шапшып лыпылдаған.
Кәріні бала қылып ойнатқан күй,
Бұлақ күй сусағанға сыңқылдаған.
Тәтгі күй, құмарлық күй сылқылдаған,
Ауыру асық дертпен ыңқылдаған.
Домбыра Қарашашты қайыстырды,
Бір тілмен ертеңді-кеш қыңқылдаған.
Соққан жел айдын көлді шайқамас па?
Мүмкін бе күйдің, тілін байқамасқа?
Құршына қыз кұлақтың қақсай-қақсай,
Домбыра өз арманын айта алмас па?
Ап-анық күйдің тілі Қарашашқа,
Күй өткір ақ алмастай түскен тасқа.
Мысқалдап қыз көңіліне ауын жайды,
Қалмады ханышаға құламасқа…
Ханыша анда-санда шерттіреді,
Ол-дағы екі ішектен өрт тіледі.