Күйші (10-бөлім)
Ілияс Жансүгіров · 1894–1938 · 41 жол
Дегендей мұрнын ханыша тыжырады,
Домбыра онан арман қызынады.
Тарт әрі, тақылдатпай!- деп ханыша,
Қабағын шытып, өңі бұзылады.
Сонымен тоқтатады домбыраны,
Күйші де әбден шаршап болдырады.
Ханыша жерді шұқып отырғанда,
Ерленіп күйші, қыздан сөз сұрады:
– Алдияр!
– Не айтасың?
– Тілегімді беріңіз!
– Таң атсын…
XVII
Таң атты. Жусауынан ауыл өрді.
Жамылып қырау ішік қыр көрінді.
Отауда баялыштың оты жанып,
Үй іші қыз бетіне бір нұр берді.
Жеңілді қыз жүрегі, ақыл жеңді,
Қызарды, қыздың беті тағы өзгерді.
– Тастама домбыраңды, күйді ұмытпа,
Тарта жүр сонау тартқан сергелдеңді!
Бұзғандай өзен тасып жатқан мұзды,
Жұмсартты тағы мейірім қатгы қызды.
Ханыша өз қолымен құйып беріп,
Сапырып сары майға құрт ішкізді.
Астына Сапақ сұрдай ат мінгізді,
Қош айтып ықыласпен ой білгізді.
Беліне домбырасын қыстырып ап,
«Уһ!» деп, ел қайдалап күйші сызды.
Артына бір қайрылып қарап еді,
Көрінбей хан ауылы қала берді.
Ашылып айналадан қара тұман,
Нұрланып дүние кеңіп сала берді.
Сонымен хан аулынан күйші кетті,
Тартатын тоқсан күйді Үйсін кетті.
Аулынан Кене ханның ұзағанда
Сапақ сұр сар даланы дүрсілдетті.
Күйшімен тоқсан тарау күй де кетті.
Сары Үйсін Сапақ сұрмен үйге жетті.
Келген соң аман-есен ауылына
Арманды «Азат» дейтін бір күй шертті.