Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Күйші (2-бөлім)

Ілияс Жансүгіров · 1894–1938 · 217 жол

Жіберді күйші сонда солқ-солқ жылап,
Сорғалап сортаң жасы беттерінде.
«Бердім мен ханышаға,- деді Кене,
Сатса да, сойсадағы өз еркіңде!»
«Екі емес хан жарлығы!» десіп жатыр,
Бұғыбай, Бақай, Бұқай дегендер де.
«Көрмеген бұрын орда неткен елсің?
Қылатын қызметің күй күйлерсің.
Жау қуып, отын алып, су құймайсың,
Құдайдан бұдан артық не тілерсің!»
Хан айтты, өкім болды! Жансын, күйсін!
Жігіттің жері Балқаш, руы Үйсін!
Жазығы домбыраны сөйлеткені,
Сонымен кете барды сорлы күйшің!..

III

«Тыңдасын домбырамды хан тағында»
Деп келген сорлы күйші атағына.
Айтылып хан жарлығы кете берді,
Қақтығып орданың бір шатағына.
Ілініп ханның байлау, матауына,
Азат бас айналды оңай ата құлға.
Күйшіні ертіп келіп есік ашты,
Мақпал бау, манат ойған отауына.
«Алдияр!» ауызына азар түсті,
Алақтап алды-артына назар түсті.
Кіргендей болып кетгі бір сарайға,
Алтын мен жібек жайған базар түсті.
Ханыша мынау аппақ сазан түсті,
Көріңді әзірейіл, ажал түсті.
Жыланнан сырға салған жолбарыс қыз
Сықылды жын патшасы дажал түсті.
«Адам ба, осы отырған айдаһар ма?
Ауылдан ажал мені айдаған ба?
«Ақ көбек» күй айтқаны осы болып,
Алдына жарлықпен хан байлаған ба?
Анықта, аңғал көзім байқаңқыра,
Жоқ, өзі түсі жылы, пенде бұ да…»
«Сенікі сонау ірге!- деді ханыша,-
Орын ал, жайлан дағы тарт домбыра!»
Қалтырап буындары, тұрып жүрек,
Жүгінді тізелерін тіреңкіреп.

Жаутаңдап екі көзі, кемсең қағып,
Алдына ханышаның қылды тілек:
– Алдияр, ханыша!
– Не айтасың, күйшім?
– Мен үйімді қашан көрем?
– Үйіңде нең қалды?
– Шешем…
– Оны күй біледі!
Сөз бітгі, сонан әрі тілдескен жок,
Қарашаш қайтуына күн кескен жоқ.
Болғанда бүгін мұңда, ертең қайда…
Мекені Кене ханның бір көшкен жұрт…

IV

Арманын — «Не боламын?» ішіндегі
Шешкенін қыздың қалай түсінбеді.
Ақырын айналамен танысты көз,
Айқындап төңіректің пішіндері.
Ақ отау іші-сырты зер кестелі,
Бір тозаң тимегендей ел көшкелі.
Қазына — жібек, жанат, алтын, күміс,
Не патша, не хандардың берместері.
Үй іші сап-сары ала, жапқан зері,
Ақ күміс, ауыр тұрман, кім зергері?
Ұстасы Көкшетаудың күміс шапқан
Бақан тұр сырға қылып сәукелені.
Қадаған бітеу үкі, шым кестелі,
Түскиіз түрлентіп тұр керегені.
Құс мамық, атлас көрпе, шайы жастық,
Жолбарыс, аю жатқан іргелері.
Үй- іші қарсақ, түлкі, құндыз, жанат,
Зер тоқып, күміс шауып, ойған манат.
Бөленген осы асылға қыз төсегі,
Күйдіріп көрген көздің жауын алат.
Тауыс па, тоты кұс па жасыл қанат?
Жарықтық жұмақ құсы қайда болад?
Тұсында ханышаның ілулі тұр
Нар кескен — аспаһани қайқы болат.
Ақ отау асыл бұйым тұмшаланды,
Бір үйге жия берген мұнша малды.
Қол жетпес қазынаны көрген шақта
Өзінің шекпеніне құсаланды.

Жасауға үйге жиған көз байланды,
Жібекке алтын, күміс, көз майланды.
Қыдырып күйші көзі түскен кезде
Айдаһар алдындағы қызға айналды.
Қара қас, қылаң қабақ, керқұба қыз,
Қара шаш, алма сағақ, құралай көз.
Сырықгай ордадағы сымдай бойы,
Тал шыбық, қыпша белдің өзі нағыз.
Түлкі қыз қызыл алтай, кер марал қыз,
Ақ қоян, бозша байтал, ақша нар қыз.
Қымыздай балға ашытқан тәтгі қызға,
Жігіттер, бәріңізде-ақ сұқтанарсыз.
Жамылып орман ішік иығына,
Күлкі алып қалам қастың қиығына,
Оралтып шәй көйлекті судыратқан,
Мәсілер зер тоқытқан жұлығына.
Молда айтқан ұшпақтағы хор қызы ма?
Періште, әлде пері, әлде жын ба?
Құлпырып қыздың беті албырайды,
Ұқсаған алтай түлкі жондығына.
Күлкісі тау бұлағы төгілгендей,
Сөйлесе меруерт, маржан себілгендей.
«Алғандай жерден пішіп» деген сұлу,
Көркіне көз тойынып семіргендей.
Алдыңа бір алма ағаш егілгендей,
Кер марал жусап өрген керілгендей.
Бойыңды ішпей-жемей буы мас қып,
Сөйлескен жүрегінен сөгілгендей.
Алды жаз, ескек аңқып жел жүргендей,
Екі ерні ерте піскен бүлдіргендей.
Қасынан бір моланың жүріп кетсе,
Жыбырлап көрдегіге жан кіргендей.
Бәйшешек, балауса, гүл, балдырғандай,
Қаратып шырайына талдырғандай.
Суындай әбілхаят шөлдеп ішкен,
Лебізі сусыныңды қандырғандай.
Тамсантып ауызға бал алдырғандай,
Күйдіріп көкірегіңе от жандырғандай.
Қар кетіп, қу жасарып, аш тойынып,
Кәрі жан жігер бітіп жаңғырғандай…
Жұтқанда аспаһани шарабынан,
Көрініп жұтқан шарап — тамағынан.
Текті құс, теріс азу, ақиық қыз,
Паң қыран, қыр тағысы жаралудан.
Аң іздеп Алатаудың алабынан,

Тастүлек, түлеп ұшқан бала қыран,
Үстіне пенде батып кіре алмайтын,
Қаймығып қарауынан, қабағынан.
Ақылмен, аруағымен елді билеп,
Кей, кейде Кенеге де әкім сөйлеп.
Биі де, батыры да, қарасы да
«Қарашаш айтгы» десе, «мақұл», жөн» деп.
Түйіліп кейде тастай ашу кернеп,
Жайдары, кейде дарқан келсең-кел деп.
Найза алып жау алдынан шықпаса да,
Айырып мақұл, тентек дауды тергеп.
Алыпқаш, кесірлі қыз, ашуы өргек,
Дария ақыл, кесте сөзі тастап өрнек.
Жайдары, жайраң қаққан, жаны бала,
Ән-күйді, ойын-сауық еткен ермек.
Айрылды күйші есінен қызды көріп,
Кірпігін қақпай қалды көзі төніп.
«Адамның арғымағы осы шығар,
Пендеге бітеді екен мұнша көрік?»
Кер торы кәмшат киіп, қасын көріп,
Жұқалап екі бетке еңлік беріп.
«Тарт күйшім!» деп ханыша жарлық етті,
Қанғанда сусын ішіп, бойы сергіп.
Көңілі быж-тыж болған жаңа жылап,
Өзгеріп өзге аранға кеткен құлап.
Ойында тоқсан күйдің бірі де жоқ,
Тантырап домбыраны отыр бұрап.
Соққандай бейне пері талмаусырап,
Түкіріп қайта-қайта, тұрмай құлақ.
Не болып, не қойғанын домбыраға,
Ішінен отыр толғап, қыз да сынап.
Домбыра әлі күнге жөнделмейді,
Күйлер жоқ… Қыздың көркі көлбеңдейді.
Бақсыдай жыны буған буыңды күй,
Жынданды… Қыздан өзге күй келмейді.
Жүйрікке тышқан тиді, жүгірмейді,
Домбыра таңқ-тұңқ етіп, күй білмейді.
Не пұшық, не мысық боп, не күшік боп,
Мыңқылдап, шәуілдейді, мәуілдейді.
«Сарыөзен», «Терісқақпай», Інген де» жоқ,
«Қалмақ қыз», «Қара жорға» мінген де жоқ.
Есалаң… Ескі күйдің бірі түспей,
Не тартып, не қойғанын білген де жоқ.
Саусақтар шаппақ, түгіл желген де жоқ,
Пернеге әлі бір күй келген де жоқ.

Ханыша қарсы алдында күтіп отыр,
Тартасың енді қашан деген де жоқ.
Жіберді бір мезетте қағып-қағып,
Тасқындап тыңнан бір күй қосылды ағып.
Байырғы тоқсан күйдің бірі де жоқ,
Жаңа күй, жаңа жолмен кетті лағып.
Саусақтар ойнап, орғып, қаздаң қағып,
Суырып ішек тілін, мұңын шағып,
Жүйріктің шыны күйі келгенінде,
Шығаннан шыға шаппай тұрсың нағып.
Асқақтап, кейде күйді көкке өрлетіп,
Алыстап, шырқап, сілтеп, әрі кетіп.
Қайырып, қалықтатып, қайта оралтып,
Бірден-бір, ақырын-ақырын төмендетіп.
Ызғытып, өлке өрлетіп, баяулатып,
Соқтырып кейде боран, дауылдатып.
Көңілдің асқарынан тұманды айдап,
Артынан нөсерлетіп, жауындатып.
Ұшырып жер бетімен жазыққа айдап,
Бұрқылдап бірде әлсіреп, бірде қайнап.
Құмайдай түлкі қуған құлдыраңдап,
Қырандай түлкі алатын көзі жайнап.
Бурадай кейде ауызын қарш-қарш шайнап,
Ойнақтап, оқ жыландай андағайлап.
Тұлпардай жер тарпыған пысқырынып,
Жорғадай майда дауыс, кейде маймақ.
Қызарып екі көзі қыз көргендей,
«Кел, кешке күтемін» деп сөз бергендей,
Жете алмай айналсоқтап жүргеніңде,
Жеңгесін жауабымен жібергендей.
Ай жарық, ауыл арты кім жүргендей,
Қызғанып қызды ауылдың иті үргендей.
Атқанша таң талдырып ашық жар жок,
Сарғайтып сарылтып күй өртегендей.
Құмар қып ханыша қыз күйдіргендей,
Құбылып ол да өз ішін түйдіргендей.
Үстінде құс төсектің құшағына ап,
Ернінен ып-ыстық қып сүйдіргендей.
Аққу құс айдын көлге шомылғандай,
Лашын құс өз бойынан қорынғандай.
Үніндей домбыраның дүрілдетіп,
Көк тұйғын қуға түсіп соғылғандай.
Дауасыз дертке ұшырап ауырғандай,
Жарылып жүректен қан ағылғандай.
«Ойбайдың» орайына «асық жарлап»,

Ілияс Жансүгіров өлеңдері

Барлық 54 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері