Күйші (7-бөлім)
Ілияс Жансүгіров · 1894–1938 · 179 жол
Алдынан Қарашаштың ашу қайтпай?
Ашуы тарқай ма екен қылыш тартпай?
Қылмысты тентегінің мойнын шаппай?
Егерде тентек ұстап берілмесе,
Зеңбірек тұра ала ма күрс-күрс атпай?
Би, датқа жақсылары келді ақылға:
– «Әлімқұл, жұрт айтып тұр, міне, тыңда!
Мойынды сұнған қылыш кесер ме екен?
Қалмасын қамырығы хан артында».
Тау құлап түсті салмақ Әлімқұлға,
Келтірді кеп талқысы жан алқымға.
Тентекті бермей тыныш таппаймыз деп,
Байласты соған сөзді ең ақырда.
XI
Күн өрлеп, тауға мініп, сәске болды,
Жалақтап, жауды қайда дескен қолды
Байқасаң, жау жарағы зеңбірегі,
Қыз маңы бір ауыр қол — әскер болды.
Есітіп шорт қайырған сертін соңғы,
Дулат тез тентегімен келмек болды.
Айдаһар қыз айбары құтын алып,
Торғайдай тығылып тұр күйші сорлы.
Қан қалмай құп-қу болып жүрегінде,
Абайлап қыз мінезін бірден-бірге,
Өзінің сұмдығына ішін тартып,
Қалтырап, қырау тұрып жүрегіне.
Білмейді жыларын да, күлерін де,
Еліне кетерін де, жүрерін де.
Көрінед әзірейілдей қыздың түсі,
Қараса Қарашаштың реңіне.
Қыз емес, мынау тұрған қорқау сырттан.
Құтылар күн бар ма екен бұл қырсықтан
Осыны оятуға оқталдым-ау,
Албытқан жындымын ба, жүрек жұтқан?..
Қыз емес, мұз ғой түсі қырауытқан,
Қай жері қызықтырып бой жылытқан?
Азғырған ақымақ қып сайтан екен,
Сандалтып сары ауру — күй ғой құртқан!
Не жаза жазым болсам көрер едім?
Қырғиға қиқаңы не бөдененің?
Дәмесін домбыраның тіл сөйлесе,
Мен-дағы осы Үйсіндей өлер ме едім?
Мен сорлы қай жерімнен дәмелендім?
Құмартып күндіз-түні әурелендім.
Ажалым айдаһарға айдапты ғой,
А, құдай, Тәуба! Тәуба! Тәуба дедім!
Кәрлі қыз елді бүріп, шырық иіріп,
Үйсінге, Дулатпенен салды бүлік.
Не болып, не қойғанын сыртган сұрап,
Ордада Кене хан да отыр біліп.
Оны да өртеп отыр мына қылық,
Қарадан хан мойнына түскен кұрық.
«Үйсіндер өз ісіне билік айтар»,-
Деп ішке Кене осыны отыр түйіп.
Бөрі отыр бөлтірікке беріп ырық,
Алар деп өз абыройын өзі-ақ жығып.
Балқаштың тұңғиығы толқын бермей,
Тымырсып терең жатыр іштен тұнып.
Жанжалды үй арасы ұсақсынып,
Арыстан отыр барлап тісі ақсиып;
Дүм қылып ханның сыртын Дулатгарға,
Төбеде тұр әнекей, қыз қақшиып.
XII
Ақ қырау салбыратып қырды басқан,
Көк тұман қопарылды, желтең ашқан.
Тымырсық бір сары аяз іштен тынды,
Томсарып мынау қыздай зәрін шашқан.
Тұмандай қопарылып желден қашқан,
Жөңкіліп Дулат келді жаны сасқан.
Төбеде тұрған қолға тартты Дулат,
Қоянын алдына сап қақпан басқан.
Мынау көп салбыраған Үйсін, Дулат,
Келеді қызға таман улап-шулап.
Алдыңда қызға ұсынған құрманы бар,
Тез қатар, тасталатын қылыш турап.
Аластап, күйелеген, бетін майлап,
Мойнына масқаралап құрым байлап.
Ұсынтып ақ мойынын, шешіндіріп,
Жетелеп біреу атпен, біреу айдап.
Бетіне Әлімқұлдың жан келе ме?
Жалғыз-ақ кезігіп тұр хан Кенеге.
Сүйтсе де тоғыз түрлі толғауда тұр,
Көңілін айдағандай әлденеге…
Бұл-дағы теріс азу, көкжал неме,
Бақылап не қылар деп батыр Кене.
Ыңыранып белі кеткен жолбарыстай,
Әлімқұл ауылымен тұр төбеде.
Әлімқұл екі көзден жосып жасы,
Кісесі мойынында, қалт-қалт басы.
Тұлданып, бір қуарып, бір қызарып,
Кененің ішке сыймай мына арасы.
Мұның да Сапақ бірден-бір баласы,
Әлімқұл өз елінде ел ағасы.
Жалғызын қыз қылышы қиғалы тұр,
Кетіп тұр кісіліктен ердің басы.
Дедектеп келе жатыр сорлы Сапақ,
Азамат әлде айыпты? Әлде нахақ.
Қыл шылбыр мойынында қылқындырып,
Өзі жоқ, көлеңкесі қақақ-қақақ!
«Күнәлі», «қанды мойын» деген лақап,
Дедектеп қыз құрманы келді тақап.
Жігіттің бұл да бұлаң бір балғыны,
Көрінді жауқазындай еті де әппақ.
Сол кезде ханышаның дауысы сарт:
-Жетеле, жексұрынды алдыма тарт!-
Дегенде қызға ұсынды қанды мойын,
Алдаспан қыз қолында еткенде жарқ…
Көздері көрген көптің еткенде жалт,
Қан басты жерді-көкті қып-қызыл нарт…
Көк құлап, жер жарылып, тасыды қан,
«Алла!» деп көзін жұмды Әлімқұл қарт…
Бұрыннан етіп тұрған күйші қалт-қалт,
Мұның да көзіндегі нажағай жарқ
Еткенде, қыздың тартқан ашу күйін
Домбыра, күй үзілді, кеткендей шарт.
Көздегі от қыз қолындағы алдаспандай
Жарқ етіп, өз мойнынан қан шашқандай.
Жай түсіп жүрегіне, көзі от болды,
Астында алдаспанның алжасқандай.
Ол көрді кеткен көкке шапшып қанды,
Қанды бас қылыш қаққан домаланды.
Жоқ қылды қылышымен бір-ақ шауып,
Әзірейіл ақ боз атгы, алдаспанды.
Түйіліп, қолы үйіріп берген тап-ақ,
Алдаспан қыл мойынға тиді тақап.
Наркескен қылыш болмай, ақыл болып,
Ұстатсып ашуменен қалды шап-ақ.
«Боласың бұл мойынды қалай шаппақ?
Шапқанда не бітірдің ашу сақтап?..»
Ашуды жағасынан ақыл алды,
Жынды ашу қалды әлсіреп, қалбалақтап.
Арс етіп сырт айналды ашу шорқақ ,
Жалт етіп шықты бұққан.мейірім қорқақ
Мұның не?- деп мейірім жел боп соқты,
Тұмандай бара жатгы ашу тарқап.
Жіберді ашуды ақыл шайқап-шайқап,
Монтаңдап ашу жасып берді тайқақ.
Құрыш қол қылыш алған мақпал болып,
Алдаспан шыға берді қайта тайқап.
Баурынан наркескеннің мойнын тақап,
Шабылмай қыз алдынан өтті Сапақ.
Жалт етіп нұрлы дүние жап-жарық боп,
«Ақсарбас!» деді Әлімқұл тұрған байқап.
Ашылды аспаннан от еткен жарқ-жарқ
Басылды тасқан өзен еткен бұрқ-сарқ.
Па, шіркін, хандығыңа алдияр!- деп,
Майталман бағанағы күлді қарқ-қарқ.
Ақбоз ат жалт-жалт басып келді көпке,
Ханыша тұрды сөйлеп би мен бекке:
«Баласы Ұлы жүздің, разымын,
Түспедің бірің ара бұл тентекке!
Сәлем айт Әлімқұлдай датқа-бекке!
Болмаған арашашы мұндай итке.
Аруағы Абылайдың болды разы,
Әлімқұл өзі қылған бұл билікке.
Білемін аруағымды сыйлағанын,
Ауылын Кене ханның қимағанын.
Тындырған Әлімқұлға болдым разы,
От жақпай арасына хан-қараның.
Алып қайт, міне, берген ит құрманың!
Кебіңе қидым, Дулат, иттің қанын.
Қайтейін қылышымды қандап соған,
Алдыма келтіргенім — ит қылғаным.
Дегенде алдиярлап! Иә, тақсырлап!
Құрақтай жел жапырған ығып, шулап,
«Көп жаса! Тағыңда ағар!» деп қария,
Батаға қол көтерді Үйсін, Дулат!
Шешіліп Әлімқұл да сөзге құлап,
Тоғыз қып түйе бастап, айып құрап.
Байланды ханышаның отауына,
Бәйгеден кеше келген қара сұр ат.
Қылыштар қынға кірді еткен жалақ,
Ілінді керегеге сірі садақ
Аулынан Әлімқұлдың бетін бұрды,
Зеңбірек үңірейіп тұрған қарап.
Тұғырға қонды қайта қандыбалақ,
Сапаққа жаңа кірді жан домалап.
«Енеден екі тудың Сапағым!» деп,
Мәз болып Үйсін, Дулат кетті тарап.