Күйші (5-бөлім)
Ілияс Жансүгіров · 1894–1938 · 176 жол
Қосылып, тойдағы аяқ, табақшының
Бірі боп құрмет қылды Кене ханға,
Бәйгеден келтірді өзі Сапақ сұрын.
Айтысқан қараймыз ба біз ақынға,
Атылсын ақ жамбылар сырғауылда.
Алыптар бірін-бірі алып ұрсын,
Не қажет мұның бәрін теріп мұнда.
Кене хан разы болып қылған сыйға,
Білдірді разылығын Әлімқұлға.
Қарашаш нөкерімен, күйшісімен
Сауықтап салтанатпен қайтты ауылға.
VII
Жалындап Алатаудың күні батты,
Босатып күн таласқан жіберді атты.
Отаудың оты маздап жағылғанда
Ханыша «Домбыраны тарт!» деп айтты.
Қарашаш тыңдап отыр күйді тәтті,
Етіне түскен күйші аңыратты.
Қыз жанын бір суытып, бір ысытып,
Ышқынтып, ішекпенен ішін тартты.
Домбыра лапылдатты, жалындатты,
Жалынып қызға жылап, монтаң қақты.
Ауырып ауыр оймен тыңдай-тыңдай,
Ауғанда түн ортасы қыз да жатты.
Ақ отау ай туғандай айдалада,
Жап-жарық отау іші, ай самала.
Ұйқы жоқ ханышада, күйші де ояу…
Күй тыңдап жатқан жанда жай бола ма?
Жердегі отау көктегі ай бола ма?
Күйден бас көп тыңдаса айнала ма?
Оңаша отаудағы қыз, жігітте
Шертілген күйден бөлек ой бола ма?
Ойлатқан осыларды жалынды күй,
Бір тілді, бір белгілі сарынды күй.
Ермегі кыз, жігіттің екі ішекте,
Өлтірген өртей-ертей жанын бір күй.
Қиналып домбырада ыңыранған күй,
Бос шауып бет алдына ырғалған күй.
Құмартып, құмай болып, түлкі қуып,
Қызығып, қыз көзіне қырланған күй.
Жандырып қыз күйігі сырланған күй,
Тіл қатпай, үн қатумен ұрланған күй.
Сүйсем деп ақ тамақты алдындағы,
Албытып асықтықпан жынданған күй.
Алдынан ханышаның табылған күй,
Дауасыз дертке ұшырап ауырған күй.
Жұқтырып жүрегінің ауруын,
Өртіне қызды салып жандырған күй.
Жалындап жанын өртеп сарылған күй,
Қылқылдап қызға қатты жалынған күй.
Ерте-кеш маза көрмей, маза бермей,
Аһылап арманы да жарылған күй.
Қойса да, құлағында баяғы күй,
От болып өртенгендей мынау ақ үй,
Қырық аунап қыз жатады төсегінде
Жандырып, үһілетіп жаңағы күй.
Батпайды күйші байғұс уһілеуге,
Ол жатыр іші өртенген күйік кеуде.
Толғанып тоқсан ойда таң атырад,
Ұмтылып анда-санда әлденеге.
Сандалып лаққан көңіл сергелдеңде,
Қалады кейде оқталып «келдім…» деуге.
Сырғанап жамбасынан жетіп барып,
Қасында ханышаның «менмін…» деуге.
Ханыша айналғандай «бері кел» деуге,
Қояндай күйші дайын ербеңдеуге.
Сарылып сары таңда осы әуремен
Тентіреп күйші көнді көлбеңдеуде.
«Асығым» ана жатқан ханышам ба екен?
Жақындап бер жағынан барсам ба екен?
Мейрімі мен дегенде мол емес пе,
Қосылып қызығына қансам ба екен?
Апырмай, тұрсам ба екен, барсам ба екен?
Өлімді өз мойныма-ақ алсам ба екен?
Болмаса өміріме шерін тартып,
Өртеніп күймен бірге жансам ба екен?..
Бір кезде қыз төсегі сылдыр етгі,
Жатқан қыз кірпік қақпай, қыбыр етгі.
Келді де қыз қасына бір көлеңке
Ақырын «Ханыша!..» деп сыбыр етті.
Аю қыз ашуланып бұрқ-сарқ етті,
Наркескен қыз қолында жарқ-жұрқ етті.
Кім өліп, кім қалғаны мағлұм емес,
Әйтеуір үй есігі сарт-сұрт етті…
Бұрқырап ашық аспан кетгі қайнап,
Найзағай шатыр-шұтыр, нөсерді айдап,
Дауылдап жер сілкініп, тау күрсініп,
Боп кетті қап-қараңғы көзді байлап.
Сарбаздар сайлап мініп өңкей саңлак,
Зеңбірек күрс-күрс атқан, гу-гу сайғақ.
Күйшінің басы айналып кетті осылай,
Қалтырап, қалды сорлы тілін шайнап.
Ай құлап аспандағы соқгы жерді,
Отаудан дүр-дүр етіп тұрды пері.
Төсекте қыз киініп жатқанында
Айдаһар ысқырынған секілденді.
Сілкініп қаһарлы қыз түрегелді,
Шаңқ етіп, жатқан елді ду көтерді.
Күйшінің шыбыны ұшты, қалш-қалш етгі
Шығарып самайынан шып-шып терді.
Апырмау, әлде біреу, әлде мен бе?..
Алжастым… әлде менің көлеңкем бе?
Қасында ханышаның жалғыз мен-ақ ,
Барады кімнің аузы мен демеуге?
Кетгім-ау, мен ұшырап бір кеселге?
Бардым-ау, өзім анық білмесем де…
Аздырдың әзәзілдей сұм домбыра…
Қу басым, күйге сенбе! Күйге сенбе!
Қасына қалай бардым Қарашаштың?
Аяғым сынып қалғыр қалай бастың?
Өзімді оққа байлап, отына айдап,
Есуас, міне, адастың! Қақпан бастың…
Көрпесін ханышаның қалай аштым?
Сандалдым, ашсам аштым… Өзім маспын.
Әлде өңім, әлде түсім болар ма екен,
Қалайша айналғаны мынау бастың?..
Жындандым, ажал айдап жаннан кешіп,
Ақ сапы кетпес пе екен ішімді есіп!
Алдына хан Кененің алып келіп
Басымды алдаспанмен алар кесіп!..
Қорқақ ой бірден-бірге өсіп-өршіп,
Болдырған босаң атгай үсті тершіп,
Жоғалып жарық дүние, отыр күйші,
Қоштасып өз жанымен өзі көрісіп.
Қыран қыз шаңқылдады ашуы өрлеп,
«Қайдасың, қырылғырлар! Шапшаң кел!» деп,
Манаурап шырт ұйқыда жатқан ауыл,
У-шу боп оянысты… Кетгі кернеп.
Жиылып тұр отауда өңшең жендет,
Қайнап тұр Қарашаштың кегі кернеп.
Сыйғызып бір қауызға жанның бәрін
«Әлгіні тез қолыма ұстап бер!» деп.
– «Бармыз ба, дүниеде, жоғалдық па?
Бар болсақ, от басында омалдық па?
Қайдасың, хан Абылай аруағың,
Кетті ме мендей балаң құрбандыққа?
Тұрмаймын құса болып бұл қылыққа!
Итшілік, жігітшілік, тырқылыққа.
Сұлтанның сүйегіне лайық па,
Ханзада қалай шыдар бұл қорлыққа?
Абылайдың жасыды ма асыл қаны,
Осы ма хан ауылының шашылғаны?
Аруағын Абылайдың мұнша қорлап,
Қай қазақ қай заманда басынды әлі?
Ит иіскеп есігімнің ашылғаны:
Қарадан хан төмендеп басылғаны!
«Ауып жүр Кенесары» дегені ғой,
Жау алып жағамыздан басынғаны!
Талап қып ілемін деп ақсұңқарға
Ұмтылған екен, кәні, қашан қарға?
Тіміскіп ит, шошқалар із басуға,
Жолбарыс айналды ма нашарлауға?
Ер қайда? Аруақ қайда? Намыс қайда?
Жау шапты ауылыңды Алатауда!
Сүйретіп итгі алдымнан басын кеспей,
Құрғырлар, неге тұрсың, шаппай жауға!»
Дабырлап, жүгірісіп, жосып түнде,
Бүлінді хан ауылы осы түнде.
Қуырып бидайықтай жұртты иіріп,
Ханыша тұр ашудың әлі үстінде.
«Зәнталақ! Пері қаққан! Сен жүрсің бе!»-
Деп біреу тап-тап берді Сарыүйсінге.
Ақырып, о жендетін қыз тоқтатты:
Қолынды қоқаңдатпа!- деп, Күйшіме»
-Тауып бер өз қолыма жазалыны!
Таныдым — Әлімқұлдың шолжақ ұлы.
Қыл мойнын өз қолыммен қиып алам!
Бітеді сонда оның таза құны!
Тез келтір өз алдыма дозақыны,
Мен оған көрсетейін мазақыны!
Аруағын Абылайдың қорламасқа
Үлгі алсын, мұнан былай қазақ ұлы!
Қоймаймын көрге кірсе ондай кұлды!
Тап шапшаң, таң атырмай!- деп ақырды.
Қазақтың кәрі күні бұрынғы өткен,
Туғызған талай мұндай дарақыны!