Күйші (9-бөлім)
Ілияс Жансүгіров · 1894–1938 · 189 жол
XV
Қайрат қып хандығына ханыша қайтты,
Жібер деп өжет ақыл билік айтты.
Төпелеп өзін-өзі ұрып-соғып,
Үндемей қыз жүрегі жылап жатгы.
Кетгі-ау деп құлағымнан күйдің сазы,
Ішінен құрып отыр қыз таразы.
Күйінің балы да бар, зәрі де бар,
Кетсін деп қыз ақылы болды қазы.
Жібермей қыз күйшіні бар ма лажы?
Егерде күй тарттырса қысы, жазы.
Өткір күй, жалынды күй жан қояр ма?
Түлкіге ұмтылмас па тағы тазы?
Қыз-дағы күй тартты ғой неше буын,
Сусаған тұра ала ма ішпей суын?
Ханыша өзіне де сене ала ма,
Егерде қостамаса бұл қайтуын?
Қыз ішіп елтіп қалды күйдің уын,
Дерттенген тыңдай-тыңдай домбыра үнін.
Жүзінде ұстараның жан тұрғанда
Бойында сақтамақшы кім ауруын?
Сүйтсе де қатты ауру ханыша да,
Ол дертпен өзге кісі таныса ма?
Болса да қанша қатты қыз күйігі,
Қара мен хан сүйегі қабыса ма?
Сондықтан бұл екеуі табыса ма?
Қарға мен қаз құшағы қабыса ма?
Көзіне күйік болмай күйші кетсе,
Онымен қыз арманын тауыса ма?
Сондықган тоқсан толғау ойға қалды,
Толғатып ішінен қыз ыңыранды.
Көндіңде күй қазығы байлау болып,
Ширығып, арқандалып шыр айналды.
Екі қып хан жарлығын қайта алмады,
Сүйтсе де жүре бер деп айта алмады.
«Айрылып бұл күйшіден қалу болмас»,-
Дегенге қыздың іші сөз байлады.
«Тарта бер, домбыраңды, жаным, күйшім,
Татымас бір өзіңе барлық Үйсін.
Балбырат, әсіресе бал күйді тарт,
Өртеніп, жүрек жанып, бауыр күйсін».
– Алдияр!
– Айт, күйшім!
– Ертең елге қайтайын!
– Тарта бер, асықпа әлі, ақын, күйшім!
Дедім ғой тілегіңді мақұл, күйшім.
Қыстайсың биыл менің өз қолымда,
Қайтасың жаз шыққан соң ақыр, күйшім.
Сонымен қыз байлады, сөз үзілді,
Сандалды күйші, ішекте күй бұзылды.
Қыңсылап домбырада дауыс қалмай,
Мыңқылдап салып кетті құр күжілді.
Байырғы тарта алмады күйші күйді,
Күй жоғын домбырада қыз да білді.
Күйшінің көңілінің бұзылғанын
Білді де, білдірместен бүлк-бүлк күлді.
XVI
Сонымен айлар туып, күндер батгы,
Қолында ханышаның күйші жатты.
Тарттырды ертеңді-кеш талай күйді,
Күшеніп күйші сорлы күйлер тартгы.
Тебініп саусағымен сабаулатты,
Кеудесін қызға таман омыраулатгы.
Тасыған тасты жарып бұлақтайын,
Сыңқылдап соныдан бір күй заулатты.
Бұ күйдің өзге күйден үні бөлек,
Серпіні қатгы, екпінді сергек, өргек.
Өмірде естімеген бір күшті күй,
Желпінтіп жерді, кетті аспанға өрлеп.
Домбыра бірде күлді, бірде еңіреп,
Бір кезек буырқанды кегі кернеп.
Серпіліп тасқа соққан күшті желдей,
Бытырап кетіп жатгы өрге өңмеңдеп.
Баяғы тоқсан күйден ызың да жоқ ,
Құмартып жындандырған қызың да жоқ.
«Ақ көбек», «Асан қайғы», «Нар идірген»,
Ақ иық, алтай түлкі қызыл да жоқ.
Қылғынып қызға ұмтылған қызу да жоқ,
Қыз күйік — күй сарынын бұзу да жоқ.
Қарсылап алдында отыр сұр мегежін,
Бетінде Қарашаштың қызыл да жоқ.
Шөп желке, шолақ бұрым, қотыр-қотыр
Қыз емес, қарсы алдында албасты отыр.
Жыландай жиырылған кесерткі қыз,
Осыны байқамаған неткен соқыр?
Байлаған күйші көзін күй ғой кәпір,
Байыптап жаңа-жаңа келе жатыр.
Отырған отау емес, жын мекені,
Құтылар бұдан қалай күйші пақыр?
Бастады жаңа сарынды осындай күй,
Сескеніп қыз түрінен шошыған күй.
Күйшінің кенін шайқап, көзін ашты,
Жаңа жел, жаңа тасқын — жосыған күй.
Айықты қызға мас боп жынданған күй,
Босанды байлауынан шырмалған күй,
Сілкініп Алатауды, жерді жарған,
Саңқылдап соқты сексен қырланған күй.
Үні жоқ өтті күйдің қылған кебеп,
Қалды екен әлдеқайда көлеңкелеп?
Сауығып домбыра да сала берді,
Ауырған бұдан гөрі сәл ертерек.
Кетіпті буған жыны бойдан сергеп,
Бар шығар осыған бір күшті себеп.
Шертіліп шынайы күй серпілгенде,
Бұлдыр күй бұлтгай тарқап кетсе керек.
Домбыра бебеулетті, безілдетті,
Кернетіп кең даланы кезіп кетті.
Біресе қашағанды қырда қуып,
Ән шырқап қоңыр түнде қой күзетті.
Әнекей қасқыр шапты, дүр-дүр етті,
Қорадан қойды қырға қуып кетті,
Мінекей шыңыраудан қауға тартып,
Боранда жылқышы ұшып дір-дір етті.
Дерт алды, бір сорлыны, жетгі сүзек,
Сандалды сары ауру бақсыны іздеп.
Қалды әне, қара лашық қар астында,
Ақсүйек — жұттар жеді жүздеп-жүздеп.
Жылады жетім-жесір таппай қорек,
Көре алмай жоқ-жітіктер бардан көмек.
Етікші, ерші, жалшы, жетім, күйші -
Қысқа жіп күрмеу болмай, жүр тентіреп.
Домбыра түйе болып отыр боздап,
Сорлының мұңын салып, күйін қозғап.
Жіберді-ау, улап-шулап міне бір күй,
Жамырап қозыдайын, қойдай қоздап…
Өртенді әнебір үй отқа маздап,
Шулады бала-шаға кете жаздап.
Осындай талай үнді төңкерілтіп,
Күйшінің өз күйіне ауысты аздап.
Домбыра әлде не деп зарлағандай,
Айдаһар алдында қыз арбағандай.
Есіне елі түсіп еңірейді күй,
Шешесі ханышаны қарғағандай.
Анасы құшақ жайып қол созғандай,
Тұрғандай байлауда өзі тап қозғалмай.
Мойнына қыз бұғауы мықтап түскен,
Тек қана ашу қайнап, кек қозғандай.
Қыз емес, жалмауыз-ау, аузы қалай?
Кісі емес айдаһар ма, даусы қалай?
Алдаспан анау қанжар еркін болсаң,
Бұл қызды сүймес едім, бауыздамай.
Қанішер! Ханыша емес, жауыз торай,
Қожыр қып жаратыпты қауыздамай.
Домбыра, бостандықгың ырғағын тарт!
А құдай жеткіз соған, ауызға май!
Апырмай, бұдан қалай кетсем екен?
Еліме қалай аман жетсем екен?
Бір көріп шешем жүзін көріскен соң,
Жетсе өлім, өкінбестен өтсем екен!
Адамның азат басы дәулет екен,
Өзінде ердің еркі — сәулет екен.
Қақпанын хан Кененің келіп бастым,
Құрылған маған арнап нәубет екен.
Баласы Абылайдың Кене ме екен?
Сорыма құдай айдап келген екен.
Нашардың қанын сорып, жанын жеген,
Хан емес, қара қабан деген екен!
Апырмау, елге осылар төре ме екен?
Төрелік елге дұрыс бере ме екен?
Қой болдым қорасына келіп сіңген,
Құл болып осыларға өлем бе екен?
Бұлардың жүрген жері бүлік екен,
Қан сорғыш, қаралардың сүлігі екен.
Жалынсам алдиярлап аяғына,
Қарашаш қара тастай жібір ме екен?
Қойынын ханышаның ашсам ба екен?
Қанжарды жүрегіне шанышсам ба екен?
Осының қорлығына байланғанша,
Аң болып Алатауға қашсам ба екен?
Осындай сарындармен күй кіжінді,
Кіжінген күйдің тілін қыз да ұғынды.
Ысқырған домбырада жылан күйден
Сұп-суық қыз жүрекке мұз құйылды.
Бұрынғы сылқылдақ күй тәтті тілді,
Айналды ашу шеккен күйге зілді.
От сөнді, қыз бойынан қызу кетіп,
Тырс етіп махаббаттың жібі үзілді.
Билеген бұрынғы күй ыңғайына,
Нәзік қыз кете барып өз жайына,
Орнына отырды оның ашулы аю
Тараған домбырадан у бойына.
Құйылып жатыр ащы у қыз жанына,
У ішіп қыз өзінің қиялында.
«Алдымда жігіт емес, жылан отыр,
Саусағы жез тырнақтың тұяғы ма?
Күй емес, домбырасы ысқырады,
Шағуға әлде кімді ышқынады.
Жеркеніш міне біреу неткен күй ед?
Айнытты жүрегімді, құстырады…»