Орынбай ақынның Ақан серімен айтысы
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 61 жол
Ақан:
Ассалаумұғалайкум, Орекем-ай,
Бар еді жүз кісілік берекең-ай.
Кешегі хан Шыңғыстың заманында,
Сауық қып сайрандаған жер екен-ай.
Сіздерге біздей іні жар болармыз,
Қалайша кемеңгерге пар болармыз.
Басың бұлбұл, аяғың – дүлділім-ай,
Бір күнде сіздерге де зар болармыз.
Орынбай:
Үстіңде киген киім қолбыраған,
Əкеңнің киіміндей солбыраған,
Əр заманның киімі басқа болар,
Бұл киім ұнамайды, інім, саған.
Кигенің үстіңе бұл қара шекпен,
Пішінің ұқсамайды асыл тектен,
Құда түсе келгендей үй таңдайсың,
Не себептен, шырағым, сөзің өктем?
Ақан:
Ақан да жауап берсін ағасына,
Қарайды ағасының бағасына.
Атамның өзі ұнатып киген киім,
Мирас боп қалған еді баласына.
Ореке, біздер қайық, сіздер кеме,
Орны келген сөз болса айттың деме,
Неке жолын аттаған обал деуші ед,
Ана үйге, басқа əйелге бардың неге?
Орынбай:
Оның рас Намахрамға қалғандығым,
Сөз айтыста жоқ еді жалғандығым.
Хошеметі Ұжмақтай болғаннан соң,
Бетін қақпай сол еді барғандығым.
Ақан:
Рас, сіздің Намахрамнан қалғандығың,
Сөйлер сөзге жоқ еді жалғандығың,
Балығынан болмаса, бақасынан деп,
Тамхиуан боп жүрмесе барғандығың.
Орынбай:
Күш – атта, ақыл – аста, сөз – малдыда,
Ақыл-айла болмайды жоқ-жарлыда,
Аллаға парыз-уəжіп, сүннəт қылып,
Жалғыз-ақ Намахрам деген сөз қалды ма.
Дəрет алып жүрмісің, қолың жуып,
Өзің зирек жігітсің дінге жуық,
Ақанжан, сенен бір-ер сөз сұрайын,
Шəждаға басың тиді ме өзің туып.
Ақан:
Хақтығын дін ислəмның білгем шығар,
Хақ дінге көңіл қойып жүргем шығар,
Ореке, сұрасаңыз мен айтайын,
Иншалла, шəждаға бас тиген шығар.
Орынбай:
Айтайын бұл сөзімді тыңдасаң құп,
Сөз ұқпас қаса надан қадірі жоқ,
Тиді деп бас шəждаға айтасың-дағы,
Мен оны өз көзіммен көргенім жоқ.
Ақан:
Хақтығын бір тəңірдің надан білмес,
Қадірін хас жақсының жаман білмес,
Пенденің құлшылығы тəңірге аян,
Адамның көрмегені дəркер емес.