Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ақан сері мен Мұқанның айтысы

Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 72 жол

Мұқан:
Сөйлесе сөз табатын мен бір ақын,
Мен біреу аңғартайын саған жақын.
Алысқа көңіліңді шабыттама,
Жақыннан көзіңді сал, жесір қатын.
Осынау өсиетімді қабыл қылсаң,
Мүберек құтты болар сіздің тұқым.

Ақан:
Мұныңа жауап табар мен бір ақын,
Қатынға жұғыспайды біздің тақым.
Иншалла, қыз ал десе жарар еді,
Алғасын айтасың ғой өзің қатын.

Мұқан:
Мен саған достықпен жөн айтамын,
Өз мұраң жақының ғой деп айтамын,
Мекенсіз боп əр жерде жүргеніңше
Мұраңды алып, бір үй бол деп айтамын.

Ақан:
Мұқан, сен сүйгеніңнен жеримісің,
Мұз болып жанған отқа еримісің?
Орын болсын дегенің жақсы жауап,
Сонда да сүймегенге телимісің?

Мұқан:
Мұны ауыр көрдің бе бүйдегенге,
Телісем де көнбейсің сүймегенге.
Мекенсіз боп əр жерде жүргеніңше,
Қатын менен бала керек өлмегенге.
Не қылсаң да қатын ал деп айтамын,
Инансаң, достығым бар сен дегенде.

Ақан:
Менің де достығым бар сен дегенде,
Көңіл шіркін ренжір кем дегенге.
Қыз деген сөз аузыңнан бір шықпайды,
Оны қызғаныш көрдің бе мен дегенде.

Мұқан:
Қыз алсаң болар ма еді көңілің қош,
Қатын ал деген сөзге боласың өш.
Əйелдердің бəрі де саған жақпай,
Қала ма деп ойлаймын мақұрым бос.

Ақан:
Бұған да бір айтар сөз қамдайын да,
Құдайым өнер берген таңдайыма.
Елден жақсы бір сұлу табылмай ма,
Сүйгеніме құрықты салмаймын ба?!
Алты күн ат мінсе, ауына тартар деген,
Құдайым кез келтірсе маңдайыма.

Мұқан:
Бір кезде болып едік жақсы халда,
Сол кезде берген саған патша Алла.

Бұл кезде қатын өліп, бұлай болдың,
Қатынға ілтипатың жоғын аңда.

Ақан, сен қатын ал деп ана жылы,
Өсиет қып айтқаныма Шыңғыс хан да.
Кім жолықса айтады достықпенен,
Еш пайда қылмай жүрсің шыбын жанға.

Ақан:
Рас, қыз ал деп айтушы еді Шыңғыс хан да,
Сол кісі айтушы еді анда-санда.
Елден таңдап бір сұлу ал деуші еді,
Өзім күш берейін деп дүние малға.
Менің көңілім қатынды ұнатпайды,
Көңілім бір сұлу қыз абзалда.

Мұқан:
Ақан-ау, мына сөзді көңіліңе алма,
Алартып бөтен жерге көңілің салма.
Қатын, қызын қазақтың ұнатпайсың,
Бөтен заттан алатын жерің бар ма?!

Ақан:
Мұқан-ау, құр сілтеме мына шетке,
Жала сөзің келмейді тіпті епке.
Мирасқор менен кейін қайнысы бар,
Ал деп неге айтпайсың Мұқамбетке?!

Ақан сері Қорамсаұлы өлеңдері

Барлық 78 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері