Өлім халінде жатқанда айтқаны
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 26 жол
Құдая, исламның дінінде қыл,
Идия тұғрылықтың жолынан қыл.
Ажалым, дəмім бітіп жетер кезді,
Мұхамбет ұлы жұма күнінен қыл.
Тіріліп, қабырдан бас көтергенде,
Бір Алла жауабымды көңілден қыл.
Жақындап періштелер келген шақта,
Сауалын мүшкілдетпей, жеңілден қыл.
Мақшарда жақсы, жаман айрылғанда,
Үмметі Мұхамбеттің елінде қыл.
Сусардай саясы жоқ заман болса,
Сусынды каусар шарап көлінен қыл.
Хор қызы нұрдан болған бақша, сарай,
Тұрағым сегіз жұмақ бірінен қыл.
Мінгенде құрған таққа ізгу жандар,
Мүбəрак, ізгулердің бірінен қыл.
Тілеймін даргаһыңнан қолым жайып,
Сұрауым бір өзіңнен болмайды айып.
Рахымат қазынаңнан шашсаң гəухар,
Ғаріптар барлығы да қалар байып.
Кез болып ғазазілдің асуасына
Кетпейік теріс жаққа аяқ тайып.
Тазарриға қабыл ет айтқан сөзім,
Тасаһил ши даргаһыңда болған кезім.
Пəндеңді əрбір жерге көшіресің,
Пендеңді не қылсаң да ерікті өзің.