Ақан сері мен Нұрым ноғайдың айтысы (1-бөлім)
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 154 жол
Нұрым:
Мырзалының келіп ордасына,
Қасымдағы сөз айттым жолдасыма.
Əркімдер: «Қазақ жүйрік!» дей берген соң,
Көңілім тоқтамады бармасына.
Бұл қазақ бұдан бұрын ақын болып,
Жолдас болып көріп па хан қасына?
Қазақтың моллалары харам жеп жүр,
Береді не деп жауап Алласына?!
Ақан:
Ноғайым, танымаймын келдің кеше,
Біздің елде татар көп əлденеше.
Сылдырап жіпке тізген қоңыраудай,
Алдымнан шыға берме кесе-кесе?!
Бір Құдай, тексеретін сен емессің,
Күнəсін өзі тартар харам жесе.
Сен қайдан жөнді біліп іс тересің,
Көшеңнен ерте тұрып, кеш келесің.
Анаңды сартқа сатқан сары ноғай,
Қазаққа сатпай неңді бос бересің?
Қазағым жалғыз-жарым сауда қылса,
Бір тиынға жаныңды бес бересің.
Тəңір айдап қалаңа қазақ барса,
Нақақтан пəле жауып, нос бересің.
Бойыңдағы өз мініңді өзің білмей,
Қазақты қай жерінен тексересің?!
Нұрым ноғай:
Қазағым, менің атым – ақын Нұрым,
Қазақты көп көргемін мұнан бұрын.
Қазақтың əуресін талай көрдім,
Күшіктей қанжығадан жеген жырым.
Қазағым, меніменен ерегеспе,
Аузымнан құлаш-құлаш шығар тілім.
Əдеп жоқ, абырой жоқ, арсыз қазақ,
Қалай-қалай сөйлейсің жөнсіз қазақ?!
Ауылға қонып жатып нəрсе ұрлайды,
Қалайша біздің елге қонсын қазақ.
Ұрлықты қыла тұра, ант береді,
Боқтан көп біздің елде жансыз қазақ.
Тайпалған төрт аяғым бірдей жорға,
Айтып бақ, мінім болса, қорғалама?
Біздің ел «Бір тиынға ант береді» деп,
Соқырдай жан-жағыңды қармалама.
Сен мінді біздің жұрттан таба алмайсың,
Қазағым «Өтірік» деп сандалама?
Ақан:
Ноғайым, айтар сөзді біле алмадың,
«Айтпай-ақ қой», – деп едім, тіл алмадың.
«Татардың нəсілі харам» деген рас,
Ғəдетің болғаннан соң тұра алмадың.
Есіңнен қалмағандай қылар едім,
Көп ноғай басың қосып жүре алмадың.
«Бойымда мінім жоқ», – деп мақтанасың,
Алдыңа бөгет салсам тоқталасың.
Қалаңа түйе тізіп, қазақ барса,
Жасырып арқан менен қапты аласың.
Өтірік пен ұрлықтың бəрі өзіңде,
Қалай-қалай сөйлейсің шақша басым?!
Ежелден болған жұртсың еңбегің еш,
Харам жеп иманыңнан қаласың кеш.
Жиылып тамам ноғай бас қосқанда,
Жанжалды шығарасың ертеңді-кеш.
Кей ноғай шашын қойып келеді іштен,
Кім айтар «мұсылман, – деп, – астын кескен?»
Құдайдан үміті жоқ кейбір ноғай,
Көңілін құмарланып арақ тескен.
Күнінде таңда маһшар қисаплы күн,
Дұрыс па тырағайлап арақ ішкен?
Нұрым ноғай:
Қазағым, наданбысың, молламысың?
Тең басқан төрт аяғың жорғамысың?
Мына жақта Қазан деген шаһарым бар,
Сен бұған мұнан бұрын барғанбысың?
Қазанда мың мешіт бар құрамалы,
Күмістен күмбезі бар бұрамалы.
Ішінде сол мешіттің қажылар бар,
Қолында қатым еткен бар Құраны.
Дəрісті тамам еткен молласы бар,
Тəж, дəулет, басында сəллесі бар.
Мешіттен намаз оқып қайта қалса,
Кіретін бина сарай ордасы бар.
Байларым сəндік үшін ел қыдырса,
Қазантас мың теңгелік арбасы бар.
Арбаға алты-алтыдан парлап жексе,
Əрбірі мың теңгелік жорғасы бар.
Сайраған ақ сарайда бұлбұлым бар,
Алысты жақын қылған дүлдүлім бар.
Бақшаға ақылменен басын қосқан,
Дəулетті, бақыты асқан жүлгілім бар.
Күмістен қышылатқан үйлерім бар,
Таныған заң-закунді білерім бар.
Орымбор, Қырым, Қытай малын жиған,
Саудагер қазыналы байларым бар.
Саудагер байларым бар мал жинаған,
Сүпім көп Құдай үшін жан қинаған.
Залым мен пасық кісі сіздің жұртта,
Көңілін жамандыққа бір тимаған.
Жақсылық бірің түгіл, бəріңде жоқ,
Ортаңда біздей салған шаһарың жоқ.
Əншейін жалған сөзбен келтіресің,
Ноғайдай мақтанатын еш салтың жоқ.
Секілді киік, құлан тозған қазақ,
Əр жерде пəле болса, қуған қазақ.
Үйіне ит кірсе де кет демейді,
Хайуанмен араласып жүрген қазақ.
Қазақта бұрын өтті батыр деген,
Батырлары пақырдың хақын жеген.
Қазақтың бұрынғы өткен батырлары,
Қуырып бауыздау қан жатып жеген.
Ақан:
Ноғайым, Арқада жыл барыс болар,
Қарасаң əр шаһарға кіріс болар.
«Кəпір» деп мұсылманды діннен шықтың,
Қарасаң соның түбі бір іс болар.
Мен сендей өтірік сөз сөйлемеймін,
Кітапта айтқан сөзің дұрыс болар.
Білмейсің, ақмақ ноғай, сөздің тегін,
Айтасың өтірікпенен сөздің ебін.
Арақпен күнің кешкен халық едің,
Сен неғып тəуір болдың бүгінгі күн?!
Кеше мен үш сақаба баласы едім,
Бөлінген екі кенттің арасы едім.
Ежелден ноғай-қазақ болған шақта,
Біздерге көңіл қоймай талас едің.
Айт десең байлық пенен мырзалығым,
Ежелден артық еді қазақ халқым.
«Ишарат білімдіге» дегендейін,
Азырақ аңдатайын сөздің қалпын.
Айтамын ерте тұрып азанымды-ай,
Қайырым Астананың қазанындай.
Малдан зекет, басымнан пітір берем,
Құданың бес парызын қаза қылмай.
Қазақтың ишаны бар мешіт баққан,
Мүрит іздеп дүнияда, Тəңір тапқан.
Қазақтан сексен рет хан өтіпті,
Түспеген өмірінше алтын тақтан.
Осынша қазағыма тіл тигізіп,
Тазыдай ырылдадың шынжыр таққан.
Менің де неше алуан пірлерім бар,
Қосылған басы законге білерім бар.
Бəрі де бір ауылда осы күнде,
Байларым азат еткен құлдарым бар.
Таныған ғəділдікпен тура жолды,
Тартылған шариғаттай сымларым бар.
Осындай түзушілік бір ісің жоқ,
Сататын жанжалменен бұлдарың бар.
Ноғайым, неге кепті сенің ұртың,
Бұзылған қашаннан-ақ ақыл-құлқың.
Қыс мініп, жаз айдаған қазағымдай,
Бар ма еді ыңырандырып, қой мен жылқың?
Салдырлап арба жеккен кейбір ноғай,
Босатпас жаз болғанда үйдің сыртын.
Орысқа жалшы болып жүрген ноғай,
Келеді шашын қойып, қақпай мұртын.