Ақан мен Ғалиянұрдың айтысы
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 56 жол
Əр түрлі жан жаратқан хақ тағала,
Жақсылар жаманына болар пана.
Ғибрат кейінгіге қалмақ үшін,
Бір сөзді бастасайшы Ақан аға.
Сонда Ғалиянұр іліп алып Ақанға:
Бір сөзді баста дейді жүйрік інің,
Інісіз не болады көрген күнің.
Жүйрікпін деп ілгері кете берме,
Айтатұғын артыңда қалар дінің.
Ақан жауабы:
Істік мұрын, шақша бас ноғайым-ай,
Саған да өлең айту оңайын-ай.
Қазақтың қағидасын набу қыл,
Құйрығыңды жерге шаншып қояйын-ай.
Ғалиянұр:
Арғы тегім мұсылман затым ноғай,
Кеудеңде ақыл, басыңда миың жоғы-ай.
Дəражам сізден-дағы артығырақ,
Ноғай деп кемітуің болмас оңай.
Ақан:
Кел өлең айтысалық олай болса,
Кəпелімсіз болатын ноғай болса.
Қазақтың қағидасы саған қиын,
Өлеңмен айта қойшы оңай болса.
Ғалиянұр:
Айтайын олай болса өлең кептен,
Өлеңмен қозғасайық ата тектен.
Қазақ ұран дін исламға үлгі салып,
Мен өзім бір қиырдан келдім шеттен.
Ақан:
Бір Алла бəндасына берсін жəрдам,
Жəрдам берген құлында қалмас арман.
Бұқара жұрт пайғамбар нəсіліміз,
Нəсілің болар ма екен пайғамбардан?
Ғалиянұр:
Асылдың асылдасаң асылымыз,
Бұл күнде дін исламның ғашығымыз.
Ақан аға, тап өзіңдей көре берме,
Иншалла, біз де пайғамбар нəсіліміз.
Ақан:
Пайғамбар бола бермес жұрттың бəрі,
Пайғамбар болам десең кетерсің одан əрі.
Пайғамбар тап сен сияқты болып па екен,
Шұңғыл көз, орақ мұрын, ақжал сары.
Ғалиянұр:
Ақан аға, ноғай деген сөзіңнің арты шолақ,
Асыл жасықты айырмастай фаһымсыз
болма олақ.
Əбул Жаһил пайғамбарды кеміткен
сиқыршы деп,
Семіртіп əзəзілді қылма қонақ.
Ақан:
Құдайым, мың ғалам жан жаратқан,
Ішінде абзалы жоқ адамзаттан.
Тəкаппарлық əзəзілден қалған мирас,
Сізге ұстаз əрі жолдас болды ма бөтен заттан?!