Ақан серінің қыз алып қашқандарға айтқаны
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 26 жол
Қайрақтай Бөденені бастап кетіп,
Алмақ түгіл, бір ұят тастап кетіп,
Бір-екеуің қызды алып жөнелсеңші,
Кедергіге он жігіт қостап кетіп.
Қуалап күйкентайлар қанаттанды,
Жағалтай қайқалаңдап алақтады.
Несібе қияр іс боп екі арадан,
Қылдыдан бір құладын қабаттады.
Көтібай мен Тəжіге күрзі тиіп,
Үйіне əзер жетіп салақтады.
Бұрынғы ізбөшкесін борай бермей,
Құдайым бұл бір ісін ұнатпады.
Адасып алты жігіт сапар кетті,
Соғыстан соң бір-екеуі қатар кепті.
«Алдымен əкең кетті» дегендейін,
Қашуға елден бұрын сақал кетті.
Бозбала келіспепті біздің сияқ,
Батырлардың тұқымы едің алмас қияқ.
Салалап шеңгел салып ұстайтұғын,
Бір жігіт шыға алмапты лашын аяқ.
Тақымынан ол нағып құтылмасын,
Көтібайға бөгесін қарға тұяқ.
Иықтап кейбіреуі ығып кетті,
Басысып бірін-бірі шығып кетті.
«Құдай берсе қар кеткен соң аламыз» деп,
Кебекке бөкебайын тығып кетті.