Қайтар алдында айтқаны
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 30 жол
Отырмын жалғыз жүре алмай,
Тірлікке көңіл бұра алмай.
Ақыретті ойлаймын,
Кісіге қарап күле алмай.
Хаққа көңіл бергенмін,
Жақсыларға ергенмін.
Талай ғалым бас қосса,
Жақсылап жауап бергенмін.
Тірлікте бақыт беріп ең,
Жақсыларға еріп ең,
Үш жүзге мəлім бас болған,
Құлагерді мініп ем.
Бұл күнде тағдыр сол болды,
Мінекей, солай болып ем.
Бұл күнде мені кім білді,
Жақсы-жаман көріп ең.
Жүйрік жорға мінген бас,
Ағады көзден енді жас.
Тағдырға солай көніп ем,
Бұ күнде тағдыр бұл болды,
Мінекей, солай болып ем.
Менен ғибрат алдыңдар,
Ағайын-туған, келіңдер,
Жалғыздық түсті басыма,
Жолдасым жоқ қасымда.
Дүние бақыт ермейді
Қалайша болдың демейді?!
Алладан тағдыр келгенде,
Туысқаның, туғаның,
Бəрі де соңыңнан ермейді...