Жастық пен кәрілік
Мысал айтыстар · 2 мин оқу
Жастыққа қарай кәрілік сапар шекті,
Ойы боп қуып оны, алу кекті.
Жол көрген, жосық көрген кәрі немең
Жастықтың ордасына жетіп кепті.
Ойында зат жоқ, жастық жатыр еді,
Көрді де қу кәрілік шошып кетті.
Шошынып, ұясынан шығып көзі,
Елеулеп, қорыққандай болып өзі,
Сескеніп кәріліктің сипатынан,
Жастықтың сонда мынау айтқан сөзі:
Жастық:
—Мынау кім құп-қу болып, ұрты солған,
Ажырап өң-шырайдан түсі оңған?
Көрмеген тумысымда бір жан екен,
Бұл құрғыр қайдан келіп пайда болған?
Кәрілік:
—Қасқа, кәрің деген—мен боламын,
Не қылып басқа жаннан кем боламын?
Болса да сиқым төмен, осал емен,
Адамды меңіретуге ем боламын.
Жастық:
—Ежелден осылай ма көркің-сиқың,
Жағымсыз екен елге мінез-құлқың.
Адамда ақың бардай «міндетім» деп,
Апырай, бұзық екен іш пен сыртың.
Кәрілік:
—Жасымда сен сияқты көрікті едім,
Енуге ер қойнына ерікті едім.
Боларсың сен де мендей әлі-ақ бір күн,
Тасығанын талай жастың көріп едім.
Табиғат заңы, ақымақ, әлемге ортақ,
Әйтпесе, мен зиянға жеріп пе едім.
Жастық:
—Мен сендей болсам түбі, өлгенім ғой,
Аз уақыт жана түсіп, сөнгенім ғой.
Жаһанға олай болса, келмес едім,
Ай, кәрілік, бүйтеріңді білмедім ғой.
Кәрілік:
—Абайла, мені мазақ етпе, шырақ,
Сағынып кеп тұрмын, зекпе, шырақ.
Көр дағы алдыңғыны, құйрықты қыс,
Солардан алып ғибрат ет те, шырақ.
Заңы айдап табиғаттың келіп тұрмын,
Саудасы жоқ сенде, менде текке, шырақ.
Біраздай сен де мұнда мекендедің,
Бабаңа орын босат, кет те, шырақ.
Жастық:
—Қапыда көрмес қартсың келіп қалған,
«Босат!» деп жылы орынды мазамды алған.
Қашаннан қара жүрек кәрілік едің,
Құр алдап «сағындым» деп айтпа жалған.
Кәрілік:
—Шамасы нанбайсың ғой, сағынсам да,
Аламын бұл орынды не қылсам да.
Жастығым, кетеріңнің келді кезі,
Жайым жоқ енді тыңдар жалынсаң да.
Жастық:
—Өзіңдей етесің ғой жолдасыңды,
Білгемін ерте бастан оңбасыңды.
Заңына табиғаттың амалым жоқ,
Әйтпесе, мүжір едім қу басыңды.
Деді де қайран жастық тұра қашты,
Зымырап бір лезден белес асты.
Тұр екен жолын тосып бір қалқатай,
«Қанеки, қош келдің!» деп қойнын ашты.
Жастықтың босап қалған мекеніне,
Ұялмай еніп алды қарт албасты.
Енді де салды бүлік мекеніне,
Таппадым іздеп шара кетеріне.
Жастықтың жайнар жасыл мекеніне,
«Көр-жерді жатып алып толса» деді.
Әуелі әрі-бері тіресіп ек,
Ермесек болмайды енді жетегіне.
Бүтіндей алды орынды мекенденіп,
Табиғат барады оған икемденіп.
Болмастай қарсылыққа тұрды көріп,
Алдына тосып алып бүкеңдедік.
Өкіну керек емес өткен жасқа,
Амандық, шалт ұғымды бергей басқа.
Кәрілікті мойындауға сіздерге ерте,
Елу бес есептелер орта жасқа.
Ақ ниет сізге деген шалқысын да,
Әр кісінің аман етсін қалқасын да.
Өмірдің гүлденіп, өркендеуі
Шат тұрмыс, денсаулықтың арқасында.