Ажал мен жанның айтысы (2-бөлім)
Мысал айтыстар · 3 мин оқу
Соны алсаң, көп сауапқа қалар ма едің,
Бейшара өмірінен соққы жейді.
Айырылған бір жігіт бар сүйген жардан,
Сұрайды күнде ажал бір Құдайдан.
Бар әйел жай жұлдыздай жымыңдаса,
Сүйгенін артық көруші еді туған айдан.
Оны алсаң, тыныш көрде жатпас па еді,
Бір-ақ күн ажал дәмін татпас па еді.
Түңіліп күнде жеген қайғы-зардан,
Бейшара батқан күндей батпас па еді?
Мен көрдім бір жас сұлу нұры күндей,
Ері үшін қасіретте дамыл көрмей,
Сарғайып нұрлы жүзі күлге айналып,
Өмірге қол сілтейді көңіл бермей.
Ол зар илеп күні-түні «ерім» дейді,
Жарына жалғыз жанды теңгермейді.
Ашық жұп, көрден тұрақ алуына,
Шақырып, «ал мені!» деп сені іздейді.
Айрылған жалғызынан кемпір мен шал,
Айрылған ақылынан бейшаралар.
Көргені күнде азап, өмір емес,
Күн-түні «жалғызым» деп жылайды зар.
Ажалға бейшаралар құмар еді,
Оны алсаң, тіпті жақсы болар еді.
Ол құтылып дүниеден қуанысып,
Жай тауып бір-бірінен тынар еді.
Табылмас қайрат біткен кемеңгерлер,
....................................(1 жол түсіп қалған)
Сыртынан сау адам боп көрінсе де,
Қайғы-шер ішін кеулеп кеміргендер.
Шыдамай дүниенің ызасына,
Тұрмыстың неше алуан назасына,
Туысы туыстығын [ұмытқан соң]
Қансырап, қан азайған жарасына.
Өмірде қатты-тәтті бәрін көріп,
[Жалпы] жұрт алыс-жақын, бәрін көріп,
Уланған сорлы жүрек тыныш таппай,
[Тұрлаусыз] тірлігінен жүрген жеріп.
Ажалды сондай ерлер сағынады,
Шыдамнан асып жүрек жарылады.
Тағдырдың мазағына төзім қылмай,
Сол үшін ажал сені шақырады.
Алсаң да шақырғанды қоймайсың ба,
Шіркін-ау, зарлатуың тыймайсың ба?
Қашқанды-ай қаршығадай қағып түсіп,
Тосқанға жолға тұрса, бармайсың ба?—
деп жан айтып болған соң, ажалдың айтқаны төмендегі:
—Мен ажал еріктімін бұл жалғанда,
Еш адам қорықпайды ол жалғанда.
«Ал!» дегенге қанағат еткен болсам,
Болады о дүниеде кім арманда.
Ардақтыны алғаным қызық маған,
Өлімнің мәні бар ма шулатпаған.
Мен алсам құтыла алмай отырғанды,
Боламын дүние зарын тарттырмаған.
Шал-кемпір сасып, бықсып жата тұрсын,
Ғашықтар қасірет зарын тарта тұрсын.
Тұрмыстан соққы жеген ерлеріңнің,
Күн сайын қайғы-шері арта тұрсын.
Жек көретін адамның мен дұшпаны
Жанды тәні қия ма, тәні жанды?!
Ышқынып ашу кернеп, шыдай алмай,
Қызық қой «мені ал!» деп шақырғаны.
Бастан талай кешіріп бақ пен сорын,
Күшті көріп өлімнен өмір жүгін.
Сауап сізге сасымасын не тұрса да,
Соқыр көрер бір есеп күні-түнін.
Мен білгендеймін ажал сұрады,
Енді ажал кімнің досы, кімнің қасы,
Дұшпанға өлім доста, өлім әділ шешер,
Оны жұмбақ тірлікте таппас кісі.
Өмірдің алдын-артын ойға жисақ,
Өзіңмен егіз туған сор менен бақ.
Басың жүр сор мен бақтың арасында,
Екеуін кезек қойып қылар мазақ.
Бұл мазақтан құтылар қандай адам,
Бақ пен сордың арасы бір-ақ қадам.
Құбылмалы тағдырдың сүйреуімен,
Кейде жақсы қылады, кейде жаман.
Қайтсең де ол жан өлер, бұл жан өтер,
Жақсылық-жаманшылық келер, кетер.
... жалғыз ғана татам ...................
Өзгенің бәрі алдаушы, бәрі бекер.
Шырылдап туған бала анасынан,
Адамның зарлап түскен баласынан.
................................(1 жол түсіп қалған)
Тірлік, өлім айтысқан таласынан.
Тіленіп дүниеге келгеміз жоқ,
Және өсіп еркімізбен жүргеміз жоқ.
........................................................
............................... (2 жолы қалып қойған)
Зарлап тудың, зарлатпай тағы қоймас,
Бүгінгі аман, үнемі аман тұрмас.
Жерден шықтың, жерде өстің, жерге кірдің,
Жөнелтті қандай сыймен дүние жолдас?
Мал-жаныңнан берген сый сол болады,
Екі қары орайтын бөз болады.
Арамнан арба, күнәдан қодық мініп,
Ыстық үйге жүретін жол болады.
Келдің-кеттің, елеген жалған бар ма,
Қайдан шықтық, барамыз енді қайда?
Алдыңда жол, зор майдан екі талай,
Қандай жолда боламыз, қандай жайда?
Ең зор сауал осы ғой ойлағанға,
Дауа жоқ дүниеде тоймағанға.
Қуат қолда барында құл болып қал,
Өлмесе, дауам болмақ шыбын жанға.
Жалғыз ғана пана бар Алла тағала,
Қайрылма жалған айдап шақырғанға.
Ақ жолынан айрылмай әрмен өтсең,
Содан басқа еретін олжаң бар ма?
Құр «Құдай» деп қақсаумен іс бітпейді,
«Күллі істі, әділдікті түзет!» дейді.
«Тигізбей кесіріңді ешбір жанға,
Тән мен мал құлшылығын күзет»,—дейді,
Сұмданба, сұқтанба да, өтірік айтпа,
Көпке жақ түзулікпен, арың сақта.
Көп разы болғанға Құдай разы,
Құдай сүйген нашарды сен де жақта.
Иең разы айтқанда құлы—көнсең,
Кімге кінә қоямыз қисық жүрсең?
Алыс жолға армансыз азық жинап,
Құдайдың тілін алып, жолында өлсең.