Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бұлбұл мен қаршыға

Мысал айтыстар · 3 мин оқу

Япырмай, кессем бе екен мен тілімді,
Үйрендім қайдан өнер, көп білімді?
Айтайын бұлбұл менен қаршығаны,
Тыңдаңдар, құлақ салып бұл сөзімді.
Жатпадым су түбінде сәдеп болып,
Бір күні шықпас па едім дәрге толып.
Байғыздай тас жастанып тауда жатпай,
Секілді болдым қарға ұшып-қонып.
Боп жүрмін өнерімді тауысқандай,
Мерт болдым айға шапқан арыстандай.
Сұңқардай биік шыңды мекен етпей,
Шықылықтап көзге түстім сауысқандай.
Сөйлеуден тыйылмай жүр қызыл тілім,
Өттің бе айқайлаумен, қайран күнім.
«Түлкінің қызылдығы өзіне сор»,
Сондай-ақ болды маған өлең-жырым.
Сыртым от, ішім жалын, қайнағаным,
Бұйырған, жұтқан күмән шайнағаным.
Жаныма тыныштық жоқ, өзіме қас,
Бұлбұлдай әрбір түнде сайрағаным.
Сайрауға дәрменім жоқ, жүрмін қажып,
Ұзын түн ұйқы көрмей жүрмін азып.
Фасһарту һафтуһу деп айтқан хадис,
Мен жүрмін құтыла алмай тілден жазып.
Айналдым бұлт болып биік тауға,
Іліндім шортан болып жібек ауға.

Сөзі жоқ көп кісілер тыныш отыр ғой,
Қызыл тіл сен басымды салдың дауға.
Ақылды аузын жауып, тілін ашқан,
Бұл күнде ақыл, білім бізден қашқан.
Жеріне ақымақлықтан сыйғыза алмайды,
Алтынды пұлын білмей жерге шашқан.
Жатқанмен алтын жерде кір болмайды,
Жай тас пен дүрдің құны бір болмайды.
Жаңбыры Әб-рахматтың жауғанменен,
Сәдепке төгілмесе дүр болмайды.
Жаңбыры Әб-рахматтың нұр болады,
Жауғанмен басқа жайға қор болады,
Жыланға—у, араға—бал, тасқа—қына,
Жауғаны тақыр жерге сор болады.
Тікенге кетсе тамып, гүл болады,
Көзсізге көз, тілсізге тіл болады.
Жауғанмен тау мен тасқа пайдасы жоқ,
Сай-сайдан ағып дария сел болады.
Ғаламға Әб-рахмат суын шашар,
«Үстім су болады» деп адам қашар.
«Бір тамшы сонан маған тама ма?» деп,
Теңізде сәдеп жатып аузын ашар.
Бұлттай жауатынның менің өзім,
Азырақ сөйлейтұғын келді кезім.
Жаңбырдың Әб-рахмат тамшысындай,
Әр жерде тастай қылып айтқан сөзім.
Бораған қардай болып бұрқырадым,
Жалғаннан суып кеулім, тоқырадым.

Бойыма алтынымды сақтай алмай,
Білмей жүр мұныменен һеш мұратым.
Қолында сырнайшының жез болыпты,
Білгенге жақсы-жаман сөз болыпты.
Гүл іздеп Гүлістанда жүрген бұлбұл,
Бір күні қаршығаға кез болыпты.
Сұрапты қаршығадан сонда бұлбұл:
—Жалғанда ынтызарым бір қызыл гүл.
Қаршыға-ау, сен де құссың, мен де құспын,
Ақылың бірақ сенің емес қой мол.
Бегленнің оң қолында тұрағыңыз,
Ерттеулі күнде жүйрік пырағыңыз.
Кекіліктің миы менен жүрегін жеп,
Табылған әрбір құстан мұратыңыз.
Жақсысын қымбат баға тағып қолға,
Шығасыз ұлықтармен жүріп жолға.
Жазым боп, жазатайым түссең торға,
Түсірмей алып кетер қолдан-қолға.
Өткіздім әрбір түнді сайрауменен,
Басымды тікенекке байлауменен.
Көрем деп қызыл гүлдің ашылғанын,
Өміріме зығырланам қайнауменен.
Қызыл гүл мен ұйықтамай ашылмайды,
Көзімше аузы ашылып, шашылмайды.
Оянсаң ұйықтап кетіп, ашылады,
Ғасіретім бір көре алмай басылмайды.
Зарлаймын ұзын түні «көремін» деп,
Көре алмай ашылғанын ғасіретім көп.

Өмірімде бір ашылған уақытын көрмей,
Барамын бұл жалғаннан уайым жеп.
Қаршыға:
Қаршыға келді сонда жақындасып,
Бұлбұлмен сөйлесуге жауаптасып:
—Бұлбұл, сендей ақымақ құс көргенім жоқ,
Бір гүлге пайдасы жоқ болған ашық.
Сайрайсың ұзын түні ауыз жаппай,
Қонасың көлеңкелі бір бұтаққа-ай.
Жетпестен бір мұратқа мың сөйлейсің,
Сол үшін қалып тұрсың да мұрат таппай.
Аузыңды ақылың болса жабар едің,
Үндемей сабыр қылып бағар едің.
Тілі жоқ мен сияқты мылқау болсаң,
Бір күнде мың меруерт табар едің.
Боласың сен ақылды менен қайтіп,
Зарықтың бір гүл үшін жапа тартып.
Бұл күнде менің мұратым асыл боп жүр,
Адамға үндемеймін бірін айтып.
Бұлбұл:
Бұлбұл айтты:—Қаршыға-ау, сен бір ерсің,
Мұратын әр пенденің Тәңірім берсін.
Табарым мылқау болып мұрат болса,
Бітпеген асыл мұрат кете берсін.
Мұрныңды шошайтасың мақтағанға,
Жүруші ең «Ғалһәмәж» боп көп тойғанға.

....................................................*
Мәз болып жүріпсің де сақтағанға.
Бермейді саған етті қаныменен,
Бір құстың тояттайсың саныменен.
Ертеден кешке дейін ашықтырар,
Алсын деп ұшқан құсты жаныменен.
Бір ұрттап қан ішесің, бір құс алсаң,
Сен—ақымақ тамақ үшін болған сарсаң.
Арбакеш сарттарға да қор болғанша,
Тоғайда жақсы емес пе, өліп қалсаң.
Жаратқан бір Тәңірге жетер датым,
Зарланған ұзын түнде мінәжатым.
Бітпеген асыл мұрат кетсе, барсын,
Адамға дастан болған бұлбұл атым.
Мұратым бітпесе де, көңілім тоқ,
Қаршыға, мен сендей қаңғып жемеймін боқ.
«Шіркіннің қаршығадай сайрауын-ай»,—
Деп айтқан бір адамды есіткем жоқ.
Құс болсаң, бозбалалар, бұлбұлдай бол,
Табылар іздегені бір қызыл гүл.
Әр жерде тамақ үшін торға түскен,
Тіл алсаң, бола көрме қаршыға сол.

Мысал айтыстар

Барлығы: 13 мысал

Тағы оқыңыз