Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ажал мен жанның айтысы (1-бөлім)

Мысал айтыстар · 3 мин оқу

Ми қазынасын сақтайтын кеуде сандық,
Қымбат сырды жинадық, сонда салдық.
Қиял бір шарықтаған кезбе-делбе,
Жан—күзетші, ой—теңіз, жүрек—балық.
Қамалған соң сандықта ыстық-суық,
Дұшпандық және онда достық жуық.
Сақталған бал менен у сол сандықта,
Жаратқан қандай шебер сандық [құрып].

Сол заттың кейі өшпек, кейі өспек,
Бақ пен сор екі арықтың суын ішпек.
Үш заттан қақ бөлініп екі арыққа,
Қай арықтың тұрмыста жемі өспек.
Сол заттар тұрмысынан қуат алмақ,
Басады қандай жағы ауыр салмақ.
Бал ыстық, достық жеңсе кеуде кеңіп,
Өмірі майдай жұмсақ, жайлы болмақ.
Дұшпандық, у мен суық бөліп алса,
……………………….(1 жол қалып қойған)
Шыдамай заһарына қысылған соң,
Жүрек тулап, қан толқып, тілге барса.
Тілмаш тіл, сен бүгінше жанмен барып,
Сордан шыққан сұмдар тынышымды алып,
Шыдамнан шығып әбден бел байладым,
Келме, тіл, жаннан қорқып қайта айналып.
Тіл бәйге балмен жүр екі арасында,
Оңай ма екі достың арасында.
Қимайтын тәтті жаным, ардақты еркім,
Амалсыз сөзге құлақ саласың да.
Жүрек құр аналардан соққы жеген,
Заһарлы мұздай суық сұм өмірден.
Қатты азапқа шыдамай қайран жүрек,
Жанменен біржолата құтыл деген.
Жан сонда қандай ақыл бұған таппақ,
Мынау сауал, сауалың ауыр салмақ.
Темірдің екі беті бірдей ыстық,
Жан енді қиын жағын таңдай алмақ.

Жалғанда ажал деген жақын дұшпан,
Дос қылып жан мен тәнді Құдай қосқан.
Емес пе зор қорлық жанға дағы,
«Алла» деп дұшпанына басын қосқан?
Сөйлеспек болды сонда жан ажалға,
Жалмауыз жеті басты бір тажалға.
Ажалды сұм өмірден дос көрсеткен,
Құдайдың тағдырына амал бар ма?
Ажалды көрсетпе деп жалынамыз,
Жан мен тән айрылмасқа қам қыламыз.
«Жан көрген сол жексұрын, жалмауыз» деп,
Шақырып кейде адамды-ақ сағынамыз.
Ажалдың келер жолын тұрды тосып,
Қырандай қиялменен қырға ұшып.
Алды-арты у-шу болып күңіренген
Мейірімсіз ажал келді қанды кешіп.
Ажалдың келбетіне жан шыдамас,
Көзі оттай, жүзі бұлттай, қап-қара тас.
Аузынан айдаһардай зәр шашқан
Мейірімсіз, бір меңіреу қанға тоймас.
Айқасқан азуы да алты қарыс,
Аязға қатып қалған дене талыс.
Тістері бізден өткір шұбатылған,
Болаттай тырнақтары шыққан шалыс.
Ауру бірнеше түрлі әсерінен,
Суықтың еркінде жүр, болмай қалыс.
Әлемде неше түрлі пәле болса,
Құдайым ықтиярмен берген әр іс.

Алмадай албыраған жасты аямас,
Қауһары жарқыраған басты аямас.
Ай жүзді, алма мойын арулардан
Жібектей үлбіреген шашты аямас.
Нәресте жас балапан шуылдаған,
Тырнаққа қатар-қатар тізіп салған.
Мейірбан ата-анасы «құлыным» деп,
Артынан шулап келді неше мың жан.
Аз шыда... ... жан
Алмадай жаңа піскен неше асыл бас.
Қызын аз күн дүние қарыштатпай
Гүлденген ... (сөйлем қалып қойған)
Жас ару тұрды балқып асқан айдан,
Құлпырған гүлден сұлу, тәтті балдан.
Жұлдыздай аспандағы жетпейтін
Ажалдың аузында жүр қайран бағлан.
Шал-кемпірдің жалғызы сұрап алған,
Көлді айналып, бір жанын пида қылған.
Жайратып, жардан жығып, жалғызды алып,
Артында екі қу бас зарлап қалған.
Жан:
—Сырыңды жалғандағы түсіне алман,
Құмармын сөйлесуге сеніменен.
Әй, ажал, алды-артыңда сүйреткен жан,
Маңайың бұрқыраған қып-қызыл қан.
«Нәрестем, жалғызым» деп жан бақырған,
Соңыңда күңіренген жұрт, шуылдаған.

Арудың ақ сұңқардай ерін алып,
Ағып тұр, бетін жыртып, алқызыл қан.
Нәресте балапандай жаңа көрген,
Әлпештеп, алдына алып, құшып сүйген.
Түсірмей қолдан-қолға «құлыным» деп,
Бәйек боп ата-анасы анау жүрген.
Жас жігіт сұңқар еді жаңа ұшқан,
Шал-кемпір жалғызы еді көзін ашқан.
Қан ағып екі көзден зарлап келеді,
«Бізді ал!» деп, жалғызы үшін жанын тосқан.
Жас ару жаңа шыққан гүл емес пе,
Дүниенің шам-шырағы күн емес пе?
Көргеннің көзі көріп, мейірі қанған,
Жалғанның қор қыздары сол емес пе?
Жеткізбей арманына неге айырдың,
Әр жерден-ақ сені іздеген бар емес пе?
Мен көрдім талай-талай адамдарды,
Зарлаған сен алғаннан көп жандарды.
Кей адам «мені ал!» деп қақсап жатыр,
Шіркін-ау, неге алмайсың шақырғанды!
«Алма!» деп жалынғанға сондай өшсің,
Тоймаған қарныңды [Құдай] тессін.
Зарлатпай тоқтасайшы, мейірім қылып.
Алсаң да шақырғанды аш болмассың.
Тырысып бір шал жатыр анау үйде,
Бит-бүрге тамақ қылған жатқан жерде.
Ерте, кеш «ажал бер де, мені ал!» дейді,
Келін, бала-шаға «соны ал!» дейді.

Мысал айтыстар

Барлығы: 13 мысал

Тағы оқыңыз