Тай мен жігіт
Мысал айтыстар · 1 мин оқу
Жігіт:
Мен өзім үйден шығып жаңа келдім,
Алдымда өліп жатқан тайды көрдім.
—Ей, тайым, үстің бүтін, қарның тоқ,
Төбеңнен Құдай ұрып, неден өлдің?!
Тай:
—Ауылы сіз байғұстың алыс па еді,
Аяғы біз байғұстың шалыс па еді?
Бүгін түгіл, кешегі өлген тайыңды,
Өткен күні бір көруге намыс па еді?
Жігіт:
—Ей, тайым, былшылдамай, отыр әрмен,
Сабырыңды терісімен сыдырармын.
Сен өлсең де мен, сірә, қам шекпеймін,
Қоң етіңді майға қосып қуырармын.
Тай:
—Ей, аға, сыдырарсың, сыдырарсың,
Қоң етіме май қосып қуырарсың.
Үйіңде тайың түгіл, тайыншаң жоқ,
Болғанда қара қасқа тай сыпырарсың.
Жігіт:
—Ей, тайым, былшылдама, күйретермін,
Сыпырып теріңменен сүйретермін.
Сен өлсең де, қам жемеймін,
Үйіріңнен бір тай әкеп үйретермін.
Тай:
—Ей, аға, осы өлімге басың кетер,
Сорыңа ұстарамен шашың кетер.
Екі сөзің бірінде «жеймін» дейсің,
Жегенде малың түгіл, басың кетер.
Сонымен тай жеңеді.