Бабай мен қасқыр
Мысал айтыстар · 3 мин оқу
Бабай:
—Аузыңда түк, арқаңда жүн бар екен,
Кеудең сұлу, бөксеңде мін бар екен.
Талай малды жеп едің, бәлем, қасқыр,
Жететұғын саған да күн бар екен.
Қасқыр:
—Апырмай, қайдан таптың біздің ізді,
Мекен ғып жатыр едім жапан түзді.
Бөлтіріктерім кегімді алмай қоймас,
Қайтіп қырып тастайсың бәрімізді.
Бабай:
—Саған мені жеткізген Құдай Тағала,
Қурайды қылып жаттың несін пана.
Құдай оңдап осы қар ерімесе,
Талайыңды қыларман қызыл-ала.
Қасқыр:
—Сені маған жіберген Жаппар ием,
Ұрған сайын босайды жүйе-жүйем.
Бәрімізді қырамын деп жүргеніңде,
Құлын тастап жүрмесін буаз биең.
Бабай:
—Енді, қасқыр, Бабайдан жерсің таяқ,
Бітірмедің жылқыма құнан-саяқ.
Түбіме мұнан бұрын жетіп едің,
Қасқырым, к...ді қыс аямай-ақ.
Қасқыр:
—Еліңде ғалым бар ма дінін күткен,
Неткен кісі ең, буаз биемен қуып жеткен.
Еліңнен елу бие жеп алғанмын,
Бабеке-ау, өлтірсең де, құным біткен.
Бабай:
—Елімде толып жатыр қажы, молда,
Кәрінің күйші болар қос қолы да.
Елімді мұнша неге зар жылаттың,
Қалатын жортушының басы жолда?
Қасқыр:
—Бабеке, тұлабойың амал екен,
Өзі буаз, кер биең шабан екен.
Баяғыдай көсіліп шаба алмадым,
Ел сілесін көп алған жаман екен.
Бабай:
—Талай малдың ішегін шұбатқансың,
Жығып беріп балаңды қуантқансың.
Солардың да обалы жіберсін бе,
Талай бие желінін суалтқансың.
Қасқыр:
—Сізді көріп балалар қашып еді,
Бірі—өзіме тартпаған жасық еді.
Жабағыңды менсінбей құр атыңды жеп,
Биылғы жыл мейманам тасып еді.
Қуып жеттің сен мені неғып оңай,
Кіретұғын болмады қалың тоғай.
Бабеке, көрмегендей мақтанасың,
Былтырғы қайда кетті екі ноғай.
Бабай:
—Бір кірген неге шықтың тоғайыңнан,
Мені жеңем дейсің-ау оңайынан.
Ант ішіп елу кісі құтылғанбыз,
Былтырғы жала жапқан ноғайымнан.
Қасқыр:
—Еліңді мақтап, тіліңіз болған майда,
Кегімді балам алар келер айда.
Бабеке, көрмегендей мақтанасың,
Кешегі Жұматай мен Қодар қайда?
Бабай:
—Осы күнде жетеді саған әлім,
Бір елуге жетті ғой жеген малың.
Қайда қаңғып кеткенін кім біледі,
Ол дағы сен сықылды екен зәлім.
Қасқыр:
—Өзіме-өзім шаба алмай қайран қалдым,
Қуып жүріп жеуші едім талай малың.
Ұрғаныңнан барады сөзің өтіп,
Бүкішке ақ шекпенді қайран қалдым.
Бабай:
—Кеш боп кетті өлеңді қояйын да,
Сойылменен төбеңді ояйын да.
Екі жолда жеп едің он жылқымды,
Теріңді мен тірідей сояйын да.
Қасқыр:
—Сылтауратып өлеңді қойғаның ба,
Сойылменен төбемді ойғаның ба?
Еліңді «ұры» дегенге намыстанып,
Үш теңге үшін терімді сойғаның ба?
Бабай:
—Қасқырым, іс көрдің бе мұнан қиын,
Жетсе арызың, Құдайға сен де сиын.
Сендей кәрі бір ісекті жүгіртпеске,
Бәске тігіп қойғанмын жеті тиын.
Қасқыр:
—Бабеке, бұл сөзіңде жоқ-дүр қата,
«Жол болсын» деп Байсары берген бата.
Мен дағы қашарымда сиынып ем,
Еш нәрсе қыла алмай тұр Сыңсыма ата.
Мал жыққанда жегенім қызыл қарта,
Қазынаға жарасар жібек мата.
Өз тойыңда төбелес қылушы едің,
Сен қайдан оңып едің майлы балта.
Мекен қып жатыр едім сайда деймін,
Еліңді ақтап, тіліңіз майда деймін.
Алып келіп барлығын маған жаптың,
Тумаңның көк биесі қайда деймін?
Бабай:
—Мына қар жауып қалды біздің баққа,
Сен жүйрік, жеткізбеуші ең арғымаққа.
Өзен, сай, қазған құдық толып жатыр,
Жығылып қалған шығар шұғанаққа.