Көкқұтан мен шымшық
Мысал айтыстар · 1 мин оқу
Бір шымшық және бір құс деген—ләйлек,
Ұқсатып үй салады ағаш таңдап.
Екеуі бір ағашты мекен етіп,
Дос болды өздерінің әлін аңдап.
Бір күні болмашыға араздасып,
Кінәні бір-біріне жатыр қамдап.
Шымшыққа ләйлек құсы деді:—Ей, надан!
Әліңді аңдамайсың неге барлап?
Көкқұтан:
—Менімен көптен бері бірге тұрдың,
Мен, сені «қоңсым ғой» деп қамың құрдым.
Өзіңнің жынысың—кішік, атың—шымшық,
Қарашы тұмсығыңа, титтей мұрның.
Жылан кеп шаға қойса, бірін аман
Қояр ма болса дағы балаң бір мың.
Әртүрлі осы арада дұшпандар көп,
Солардың бәрінен мен сақтап тұрмын!
Жарбиып жақсылықты жадыңа алмай,
Саласың көңіліме қалай кірбің?
Шымшық:
Шымшықтың сөзі мынау айтқан оған,
—Қоңсының қасиеті ғой—болу қоғам.
Менің де бақадархал еңбегім бар,
Деп міндет ете берме «қамқор соғам».
Тұмсығың тым ұзындау болғандықтан,
Қаптаған құмырсқаға болмас тоған.
Шақса егер шидей болған сирағыңды,
Алатын арашалап осы жораң.
Құрымдай құмырсқаның қаншасынан
Құтқардым, қайда сенің қылған тобаң?
Сен, маған айтпа ондай ұнамсыз кеп,
Онан да бірігейік, болмайық шет!
Таптырмас татулықты қолдан беріп,
Қалмайық қапияда өкініш жеп.
Әлемге ой жіберіп қарап тұрсаң,
Бәрі де бір-біріне болған себеп.
Таманы тіршіліктің—біршілікпен,
Сондықтан лайығы—тұрмақ демеп.
Шымшықтың шымшып айтқан сөзін тыңдап,
Көкқұтан қайтты райдан: «Солай ма?» деп.
Әлсізді аяққа сап тебе бермей,
Ғибрат мұнан әркім алу керек!
Асауды арындаған үйретіп ап,
Болады жүруіңе жіп жетелеп.
Оқиға шақ болған соң ұзай алмай,
Доғарды Тұрмағамбет табан тіреп.