Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тоты құс (Мысал дастан) (2-бөлім)

Мысал өлеңдер · 2 мин оқу

Сөз сөйлеуге алқымы кетті толып,
Шөбі кетті аузынан қатыл болып.
Сөзін айтып болғанша жерге түсіп,
Ол бақа мылжаланып қапты өліп.
Көңілін сұрай келді үйрек қонып,
Тіл тартпастан ол бақа қапты өліп.
Байғұс бақа тілімді алмадың деп,
Екі үйрек ұшып кетті ғамкүн болып.
Тілді алмаған бақадай болма бекер,
Қайткенде бұл теңізге күшің жетер.
Жұмыртқамыз сары үрпік болған уақта,
Бұл су тасып, қалқытып алып кетер.
Жанашыр екі үйректің алмай тілін,
Аузындағы сөзіне қоймай зейін.
Насихат сөзін алмай өлді бақа,
Бақаның арманынан көрме күнін.
Еркек айтты:—Бұл сөзің болмас тіпті-ай,
Әйел бастап қылған іс оңбас тіпті-ай.
Қанша хикаят, нақыл сөз айтсақ дағы,
Ешбірі құлағыма қонбас тіпті-ай.
Ақыры сол араға тұқым салды-ай,
Тұқымын балайын қып ашып алды-ай.
Теңіз суы бір күні тасып кетіп,
Бейшара екі тоты білмей қалды-ай.
Сол теңіздің тасыды суы шалқып,
Тотының балапаны кетті қалқып.
Көз алдында сары үрпік балапаны,
Қанатын ағып барар суға шалқып.

Еркек тоты жылап жүр бірде налып,
Ағып барар қанатын суға малып.
—Тілімді алмай түбіме сен жеттің,—деп,
Ұрғашысы айтады зарлап-налып.
Құдай-а, бейақылмен қылма жолдас,
Достың тілін алмаған адам оңбас.
—Айтып ем бұл суменен ойнама деп,
Ойынды бұл теңізбен қылса болмас.
Шайқадым жұмыртқаңнан жаздай бағып,
Көз алдымда барасың судай ағып.
Теңіз суы—тілсіз жау, зорлық қылып,
Ішімді өртендірді оттай жағып.
Сүйегімнен кетер ме күйігің-ай,
Көңілімнің қуанышы сүнігім-ай.
Атақ болды себепкер ажалыңа,
Ұя салмай бір жердің биігіне-ай.
Тілімді алмай түбіме менің жеттің,
Жастайынан баламды қаза еттің.
Мен келгенше осы жерде өліп кетсе,
Пардайы дағы кетпес қызметтің.
Екі тоты аспанға шарықтап ұшты-ай,
Шақырып жиып алды тамам құсты-ай.
Тамам құсты шұбатып ертіп алып,
Аспанға самұрық құсқа арыз етті-ай.
Айтылған құстың тілі бұл бір парыз,
Аспанда самұрық құсқа қылды арыз.
—Падишаһым, марһабат қылыңыз,—деп,
Ап кетті баламызды дария теңіз.

Падиша қабыл көрді айтқан зарын,
Теңізден алып берді балаларын.
Теңізден мен алып беріп балаларын,
Ата мен қуандырды аналарын.
Екеуі балапанның екен тірі,
Жаны шығып қалыпты өліп бірі.
Жігітке баласы өлсе пайда болар,
Жанашыр жан жарының айтқан сыры.
Есікке құтты болсын қадамдары-ай,
Налымас үйге келген адамдары-ай.
Үйіңе қонайын деп мейман келсе,
Сарсылса қызметпенен табандары-ай.
Ері үйде далада түзде болса-ай,
Қонайын деп үйіңе мейман келсе-ай.
Жақсы сөзбен жіберсе барын беріп,
Мейманға сынап келген сыр бермесе-ай.
Шабан ат жаяулықтан аз ілгері-ай,
Жаман жардан бойдақтың таза ілгері-ай.
Шығарар жақсы қатын ердің атын,
Жақсы аттай қайым болар саз атын-ай.
Бала деп баласынба ақылы болса-ай,
Сөзінде қариядан нақылы болса-ай.
Қатын деп қатыннан деп қапы қалма,
Ілгері еркектенде ақылы болса-ай.
Жатқанда төсегіне жаннан кіріп,
Жақсы қатын сылаңдар сәһр тұрып.
Жаман қатын дүмімен көрпе түрер,
Құйрығымен жайындай бетіңе ұрып.

Мысал өлеңдер

Барлығы: 29 мысал

Тағы оқыңыз