Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Байжігіт—«Бес байыстың бірі» (2-бөлім)

Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу

Күн жылынып, көк шығып, жетіліп шөп қарабас шалғын болады, ел жайлауға [шығатын] уақыт тақайды, жылқыдан әлі хабар жоқ. Байыс бай күнде дөң басына шығып қарап отырады екен. Бір күні жылқының кеткен жағынан мұнарланған шаң көрінеді. Сонда Байыстың Мақта деген жас қызы әкесінің қасында ойнап жүр екен. «Балам, осынау біздің жылқының кеткен бетінен көп мал айдағанға ұқсаған мұнар шаң көрінеді. Көзің өткір ғой, қарашы!»—дейді. Мақта қыз қарап отырады да: «Ата, көп мал айдаған келеді»,—депті. «Е, балам осы біздің жылқы-ақ болар. Тағы да қарашы!»—дейді. Мақта қыз қарап отырып: «Ата, көп жылқы айдаған келеді. Жылқыдан қосар ат жетектеген біреу озып шықты»,—дейді де тағы да қарап отырып: «Ата, Тоқтарқожа ат жетектеп келе жатқанын таныдым»,—дейді.

Сонда Байыс бай ішін тартып: «Осыдан жылқы аман келсе, осы Мақтамды Тоқтарқожаға беремін!»—деп ойлайды. Сонымен Тоқтарқожа бір атты ыңыршақтап алып, дөң басында отырған Байыс байға сәлем береді де:

—Жылқыны күзде айдап кеткеннен бастап желе көшіп қонып отырдық. Қонған жерімізге долана қазықты қағып отырдық. Қазық бармайтын жерге тоң жерлерге тоқтамадық. Сонда барып Тоқта тауына барсақ, жаңбыр жаумаған, жері құрғақ, қысы жақсы жер екен. Сол жерге қыстап шықтық. Жабағы шолақ болып шықты. Тағалы тайымыз арықтап өліп, шығын болған жоқ. Жылқы аман. Көшейік деген кезімізде бие қауырт құлындап қалып, одан биені тегіс құлындатып, құлыны қарақұлақ болған соң көштік. Кешеуілдеген жайымыз— сол,—деп жөнін айтып, аттарын байлап, торсықтарын түсіргенше Байыс бай үйге жіті басып кіріп, бәйбішесіне айтады: «Мына үйдің босағасына сеңсеңтасташы!»—деп. Солай деудің себебі—ол уақыттағы салт бойынша күйеу болатын жігітке отыратын жеріне сеңсең тастайды екен. Бәйбіше ақсақалдың айтуы бойынша босағаға сеңсең тастағанда, Тоқтарқожа келіп, сол сеңсеңге отыра кетеді. Сөйтіп, Мақта бойжеткен соң басына отау тұрғызып, Тоқтарқожаға береді. Алдына енші мал салып беріп, бөлек ауыл қондырады.

Мақта апайдан Байжігіт, Жанжігіт деген екі ұл туады. Бұл екі ұл ержетіп, ат жалын тартып мінуге айналған соң, Тоқтарқожа дастархан үстінде отырып: «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген бар, біз енді елге қайтайық, көшейік. Балаларға ел-жұртымды таныстырайын дегенді айтады. Оған Мақта апай көніңкіремей:

—Көрмеген, білмеген елге қайдан көшіп барамыз? Бұл жерден не зиян көрдің? Жалғыз басың келіп едің, төрт адам болдың, басыңа үй тұрғызып, бауырыңа қазан астың, алдыңа мал салып, бөлек ауыл болдың, Құдайға шүкір, көшпейміз!»—дейді.

—Ендеше, екі баламды алып өзі кетемін, бармасаң, өзің қал. Балалардың киім-кешегін түгендеп кигіз! Және жолай жейтін азық-түлік сал қоржын толтырып,—дейді Тоқтарқожа.

Сонымен Тоқтарқожа екі ұлын ертіп келе жатса, май айында таудың басындағы қар бұзылып, еріп екі жағындағы жар көрінбей, қатты тасып жатқан бір үлкен өзенге кез болады. Бұрынғы өткелді тауып, Тоқтарқожа мен Жанжігіт аттарын суға салып жіберіп ар жаққа малти өтіп шыққанда, Байжігіт өтпей тұрып қалады. «Өт, өт, неге тұрып қалдың?» деген екен олар ар жақта тұрып айқайлап. «Мен өтпеймін, нағашыма барамын және шешемді тастап кетпеймін. Қош болыңдар!»—деп айтады да, кері қайтады.

Байжігітті Байыс қарсы алып, қайтып келгенін қатты құрмет қылып:

—«Қыздан туғанның қиығы жоқ» деген, сені ана ұлдарымнан артық көрмесем, кем көрмеймін ,—деп, ұлдарына:

—Байжігітімді қақпай қылмаңдар, сендермен бірдей өсіремін!—дегенді айтып, ықыласын берген екен. Сондықтан Байжігіт елі «Бес Байыстың біріміз» дейтіні осыдан дейді.

Шежірелік аңыздар

Барлығы: 341 аңыз

Тағы оқыңыз