Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тоғанастың аты күллі Сіргеліге ұран болуы (2-бөлім)

Шежірелік аңыздар · 2 мин оқу

Барымташылар батыры ерге түзеліп отырған соң Тоғанасқа ақыра ұмтылады. Оның найзасын Тоғанас қағып жібергенде, екеуі де найзаларын жерге түсіріп алады. Көк сүңгіден айырылған олар, енді сойылдасуға кіріседі. Қатты ағаштан істелген сойылдар бір-біріне тигенде, ауыр соққының әсерінен сынып түседі. Сынған сойылдарды лақтырып тастаған батырлар қылыштарына жармасады. Қос мықты бес-алты рет қылыштасқанда, болат қылыштардың жүздері майысып кетеді. Тағы біраз ұрысқанда, қылыштары морт-морт сынып түседі. Бар қаруларынан айрылған екі ер ат үстінде ұстаса кетіп, аударыспақ тәсіліне көшіп, бір-бірін аударып тастауға құлшынады. Алайда Тоғанастың өзіне қалыспайтын мықты екеніне көзі жеткен барымташылар батыры ат үстінде ұстасып тұрғанда, беліндегі қанжарын ала сап, мұның қарын тұсына сілтеп кеп жібереді. Абырой болғанда, Тоғанас атының басын кейін тартып, шалқайып үлгереді. Қанжар сол жақ санына қадалады. Санының ауырғанына қарамаған Тоғанас сәл кейін шегініп барып, ерінің қасында ілулі тұрған тұзақ-қақпанды лақтырып жіберіп, өзіне тағы ұмтыла берген қалмақтың мойнына дәл түсіреді. Анау арқанды мойнынан сыпырып үлгергенше, бұл атын тебініп шаба жөнеледі. Істер хайласы болмай қалған жау, керілген арқанмен бірге ат үстінен сыпырылып түседі. Тоғанас оны сүйреткен бойда біраз жер шапқылап, артына қараса, бәйжігіттер де, барымташылар да бұған аңтарыла қарап тұр екен, арқан ұшындағы жау қимылсыз жатыр. Батырларының мерт болғанына көздері жеткен барымташылар не істерлерін білмей тұрғанда, Тоғанастың жеңісіне масаттанып кеткен аз ғана бәйжігіттер оларға атойлап қарсы шабады. Бассыз дене сияқты, батырсыз қалған барымташылар қаша жөнеледі...

Осы оқиғадан кейін батыр атанған Тоғанас құба қалмаққа қарсы соғыс кезінде де көптеген жекпе-жектерге шыққан. Ондай кездері әлгі қарияның сөзі түрткі болды ма, жекпе-жекте жаңағыдай мүмкіндікті тез және оңтайлы пайдаланып отырған. Жоғарыдағы жекпе-жектен кейін алған әдісі— қарсыласына қарай шауып барып, найзасын оның ерінің қасына қадап, сол шапқан күйде ананың атын айналдырып жіберіп, үстіндегі батырды бір-ақ сойыл соққысымен жайратып тастап отырған. Ол он тоғыз жекпе-жекте осы әдісті пайдаланып, жеңіске жеткен.

Қалмақ кезіндегі бір соғыста қазақтар саны басым жаудан қатары сиреп, жеңіліске ұшырай бастапты. Қолды сол кезде Абылайдың өзі бастап тұр екен. Қазақтардың қатарын селдіреткен қалмақтар Абылайдың өзіне тап беріп, қолға түсірмекке әрекеттеніпті. Аты да, өзі де болдырыңқырап қалған Абылай жасар амалы болмай, соңғы күшін жиып соғысқа кірісіпті. Мұны байқаған Тоғанас бір тың атты жетелеп келіп, Абылайдың алдына тосыпты. «Хан ием, сіз өлсеңіз, ел иесіз қалар. Ал мен өлсем, қазақтың бір әйелі тағы бір батыр ұл туар да. Мынау атқа мініп, қалмақтардан сытылып шығыңыз!»— дейді. Тың атқа мінген Абылай шауып барып, бір қосын әскерді әкеп, қалмақтардың тоз-тозын шығарыпты.

Жеңістен кейін ол Тоғанасты шақырып алып: «Қарағым, сен қай бала едің?—деп сұрайды. Тоғанас жөнін, шыққан тегін айтады. Абылай тұрып: «Сенің есімің—елде жоқ есім екен, елде жоқ есімді иеленген адам бір тайпаға көсем болуға лайық. Лайықтығыңды ісіңнен көрдім. Атың бір елге ұран болатындай-ақ ер екенсің. Көп жаса, шырағым!»,—депті. Аузы дуалы Абылайдың сөзі бар, кейін Тоғанастың аты күллі Сіргеліге ұран болып қалыпты.

Шежірелік аңыздар

Барлығы: 341 аңыз

Тағы оқыңыз