Байжігіт—«Бес байыстың бірі» (1-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Сайбек ханның елін қалмақ шауып, содан жерінен ауып көшіп келе жатып, әз-Жәнібек ханның қорығына келіп, білмей қонып қалады. «Рұқсатсыз ханның жеріне қонған қандай адам ажалына «серік» болған. Қазір біз ханға алып барамыз. Хан бастарыңды алады»,—деп әскерлер ажыраңдаған соң: «Елімізді қалмақ шауып, жерімізден ауған мүсәпір адамдармыз. Қарақтарым, келіңдер, бізге қамқорлық қылыңдар. Үйге түсіп тамақ ішіңдер. Дастарханнан үлкен ешнәрсе жоқ»,—деп жалынып-жалбарынып үйге түсіріп, қатты құрмет көрсетіп, жағдайын айтқан соң, әскерлер қаһарланғанын қойып, қайтпақ болған соң, шеріктердің қасына кісі қосып ханды қонаққа шақырады. «Келіп қонақ болып, дәм татып қайтуын төменшілікпен өтінеміз» дегенді айтып кісі жібергеннен кейін Жұпар ханым айтады еріне (Сайбекке): «Хан алды тар, қаһарлы келеді ғой, сен үйде тұрмай, далаға аң аулап кетіп қал! Ханды балаларымызбен бірге қарсы алып күтеміз».
Сайбек аттанып кетіп қалады. Артынан кешікпей әз-Жәнібек хан нөкерлерін ертіп келе жатқанда Сайбектің 30 ұлы біркелкі болып алдынан шығып, тағзым етіп қарсы алып, үйге түсіреді. Хан да жылы жүзбен аман-сәлем қылып, отырған соң бәйбішеден жағдайды егжей-тегжейлі сұрап түсінеді де:
—Мына жүрген көп жас өспірім бозбала жігіттер кім?—деп сұрайды.
Бәйбіше:
—Бәрі де өз балам, 30 ұлым бар,—дейді. Сонда хан:
—Ойпырым-ау, 30 ұлдың бәрі де өзіңнен бе?—дейді. Сонда: «15-і өзімнен, 15-і кіші әйелден» дегенді айтады.
Сонда Жәнібек хан:
—Өзіңіз сонша кемеңгер бәйбіше көрінесіз, қалайша үйіңізге тоқал алдырғансыз?—дейді.
—Қатында бақ болмайды ер қорыған,
Ханда ақыл болмайды жер қорыған.
Кеңшіліктен кемшілік болмас деген,
Тараң болса, таймайды кім жолынан.
Алдырмасаң, 15 ұл қайдан келер,
Әркім зиян шекпей ме өз сорынан,—
деп бәйбіше өстіп өлеңмен жауап берген соң, әз-Жәнібек хан жеңіліп:
—Бәйбіше, осы қорық сіздікі болсын. «Жұпар қорығы» атансын»,—деп, рұқсат еткен екен.
Сол жерге мекенжай салып, мекендеген шарасынан асыптолып тұрғанда Сайбек те, Жұпар ханым да қайтыс болды. Елін тағы да қалмақ шауып, 30 ұлдың көпшілігі өліп, тұтқындалып, тірідей қолға түсіп кетеді де, содан Қойшаға, Толымқожа, Тоқтарқожа деген үшеу қалды. Қойшаға Қызай-Матайға кетіп, Толымқожа Керейдегі Жәнібектің еліне барып тиянақтайды. Сол Жәнтекей ішінде өсіп-өніп, Меркіт деген тап атанып, 12 Абақ керейдің біреуі болып кеткен.
Ал енді, үшінші—Тоқтарқожа Байыс бабамыздың қолына келіп, бала болып тұрып, Байыстың жылқысын бағады. Өзі күннің есебін айыратын есепші, сәуегей адам екен. Бір жылы Байыс бабаға: «Биыл алдымыздағы келер қыс қатты болады. Елдің малы ақ сүйек болып жұтайтын болады. Сол үшін сіз осы бастан сиыр, түйе, қойдың қыстайтын жерінен үш түлік малды қамағанда сиып тұратындай етіп шымнан қора салдырыңыз. Қысқа салым жер таусылып, елдің малы жұтай бастағанда өзіңіздің үш түлік малыңызды осы шым қораға қамасаңыз, ашыққан мал шым қораны жеп те бітірер, сонда қар да кетер. Сонымен сіздің малыңыз аман қалар. Әйтпесе, мал көп жұтқа шалдығар!
Бойдақ қойыңызды соғым уағында қырғызып, етін қатырып қойып, бір қойды бір қызыл қозыға деп елге үлестіріп жіберіңіз. Ал мен жылқыны жылы жаққа айдап, қыстан шығарудың қамын ойлаймын дейді. Қызыл қозы деген қойдың ішіндегі жазғытұрым туатын қозыны айтады. Күз айналып, тоқты болып, енесінен айыратын уақытта жиып алатын болады.
Сонымен, Байыс бай жылқышысы Тоқтарқожаның тілін алып жаздай мал қыстайтын жерден қараған, тобылғы араластырып шымнан қора салғызыпты. Енді күз болып, қар жауар алдында Байыста 2 мыңнан астам жылқы бар екен, соны қостап отарға шығарады. Бірнеше жылқышыға Тоқтарқожа бас жылқышы болып жылқыны айдап кетеді.
Сонымен, күз жаңбырлы, қыс қатты болып ертеден малдың сұрқын кетіре бастайды. Сонда Байыс байда 2 мыңнан артық бойдақ қой бар екен. Соғым уақытында бәрін қырғызып, қатырып қойып, бір қойды бір қызыл қозыдан келер күздегі мизам (қыркүйек) айында жинап алатын болып елге таратып жібереді. Қалған үш түлік малды бағып, қыстан аман алып шығудың әрекетімен шұғылданады. Қыс керемет қатты болып, мұз жауып, ел жұтай бастайды. Байыстың да жерінің шөбі таусылып, жайылым болмай қалған соң үш тәулік малды шым қораға қамайды. Ашыққан мал шым қораны жеп бітіруге айналғанда күн жылынып, қар да кете бастайды. Байыстың қойы да, түйе, сиыры—үш түлік малы қыстан аман шығады. Басқа елдің малы жұтайды.