Кенесары—Наурызбай хақындағы аңыздар (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Ең алғаш қазақ халқы орысқа қарап, дуан аузы ашылғанда, Шоң би аға сұлтан дуанбасы болған. Шоң би өлген соң, Шорман аға сұлтан болып сайланып шығысымен үйіне барып өлген. Шорманның сүйегі Ерейментаудың сыртында көмілген. Ол жер «Шорман тамы» атанып қалған. Кенесары, Наурызбай көтерілісі аға сұлтандардың апалаң-топалаңын салған. Сонан кейін Баянауылда Поштай деген адам аға сұлтан дуанбасы болған. Кенесары Қараөткелге өрт саламын деп қамағанда, Қоңырқұлжа қарсы тұрып, ұрыс-соғыс қылған. Ақтау, Ортау да Кенесары мен Қоңырқұлжа тағы қарсыласып соғысқан. Қараөткелді қамағанда, Кенесары «күлдірмамай» деген мылтығымен Тайтөбенің басында тұрып, орыстың қарауылшы баласайкасын атып, мұрттай ұшырған екен. Тама Танаш батыр бір шапанды майға бұлғап-бұлғап бір шетін отқа жандырып, найзаның үшімен көтеріп барып атып тұрған оқты керек қылмай, апарып тастай берген екен. Басқа шапқан батырлардан қыпшақ Басықара батырға оқ тиіп, қан майданда қала берген екен. Тама Танаш батыр Басықарамен құшақтасқан дос екен. «Өлсем өлейін, Басықарамен сүйегім бір жерде қалсын», —деп қайта шауып барып Басықараның сүйегін алдына алып өңгеріп келгенде, Кенесары хан айтқан екен: «Дос болсаң, тама Танашпен дос бол!»—деп. Көп заманға дейін бұл сөз жұрт аузында қалды.
Орыс Ақтау, Ортауға қала салып, салдат тұрғызып, қазақ-орыс қыстатып, сол жерге соғыс сайманын жинаған. Кенесары мұны да қамап соғысқан. Жүз салдат қатар тұрып мылтық атып маңайына жан жуытпаған. Сонда Кенесары да жүз кісімен келген. Қосшы-қолаңшы салықтарын кейін тастап. Сонда бұл жүз кісі баялыш деген отынды шылбырға буып алып, ер басына бір арқа отынды салып алып домалатып, соның тасасымен еңбектеп, атқан оққа қарсы келе жатады. Бұлардың арасында алдыңғысын паналап келе жатқандар да бар дейді. Алдыңғы отынды шек қылып бетіне ұстағандар аман боп, кейінгілерге асып келген оқ тиіп жатқандар да бар дейді. «Араласуға жақындадық па, қараңдаршы?»—дегенде, түп тегі қуандық екен, бір жігіт отыннан басын оздырып қарай бергенде, кесер кеңірдегінен бір оқ тиіп мұрттай ұшты дейді. «Ал, жабыла түсе қалыңдар!»—дегенде, түп тегі арғын ішінде өсіп-өнген қырғыз екен, аты Толабай екен, жұрттан бұрын жалғыз қарғып түсті. Ол түскен соң, бәрі жабыла түсе қалып, салдатпен мидай араласып кетісіпті. Қоңырқұлжа бас боп, қазақ-орыстар жаяуға жаяу араласып, «Кенесарының өзін ұстап алайық» деп жасырын бұғып тұр екен. Айқай сүрен салып, лап қоя шауып, қамап алды дейді.
Майлы Жәдігер Сымайыл деген қария: «Сол соғыста Жанайдар батырдың атқосшысы едім, өздері жауға жаяу араласқанда, аттарын жаудан жанын құтқаратын жолдасына балаушы еді. Ат ұстап тұрған біздерде араласып кетіп, тоғысып барып аттарын береміз, Жанайдар атына мініп алып, жаудың олайғысын олай, былайғысын былай жапырып тастап: «Хан, хан қайда?»—десе, хан жаяу салдаттардың ортасында «қашпаймын» деп жалғыз қалған екен. Барып атынан түсе қалып, ханды өз атына көтеріп салып қоя береді де, өзі бір қазақ орыстың атының құлағынан шап беріп ұстай алып, қазақ орыстың атына қарғып мініп алып, қазақ орысты ат үстінен жұлып тастай беріп, ханды алдарына салып, қаша ұрыс салып жөнеле берді»,—дейді.