Кенесарының қырғызға ақырғы аттанғаны (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Ағыбай таңертең Кенесарыға айтты:
—Иә, Кенеке! Қырғыз Кекіліктен асып құлады, қаның төгілді, Досбол кегін алды, Наурызбай мен мен бес жүз иәки елу кісімен Кекілік кезеңінің екі жағында тұрып, қырғызға бөгеуіл салып, қолды Шуға қарай жөнелтейік, біздің орнымызға қатындар буаз шығар,—деп. Мұны Досбол естіп:
—Ей, Ағыбай! Жеті қабат Алатауды айналған қырғызға мың кісі не қылады? Қол ертең кешке қашсын, Кене ағаң екеуміз ұйғардық,—деді. Ағыбай:
—Иә, Кенесары хан! Дәміңнің таусылған жері, осы жерде өлдің, қош, қош-қош!—деп атына мініп, өз қосынындағы Наурызбайға келіп айтты:
—Ей, Науанжан! Әлі де болса Кене ағаң менің тілімді алсын, тілімді алса, өлімнен аман қалады, қазірден бастап Кене ағаңды көп қолмен Шуға қарай жөнелтемін. Науан Кенесарыға айтқан. Кене ағаң: «Бала би—Досболдың айтқаны болады»—деген соң, Науан қайтып келіп Ағыбайға айтты. Кенесары қырық төрт жасында, Наурызбай жиырма үш жасында қырғызда қалды.
Ағыбай үндемей атқа мініп, өзіне қараған кісілерін өз қосынын жиып: «Бүгін кешке қол қашады, біз Алатаудың бауырымен күншығысқа қарай қашамыз, көйлектеріңді сырттарыңнан киіп, аттарыңды ерттеп, қостарыңды артып, дайындалып отырыңдар?». Өзі Наурызбайға келіп:
—Иә, Науан! Бізбен бірге қашсаң, өлімнен амансың, қаның төгілмейді, не айтасың? Бұрынғыдай Кене ағаңның атын жетектеп, біреулер айдап, жан-жағынан нөкерлеп қоршап алып қашпайды, әркім бет-бетімен қашады, «тұрымтай тұсына, балапан басына» деген. Науан:
—Ей, Ағыке!—деп жылап тұрып айтты: бұрынғының сөзі бар ғой «екі қатынның баласы—екі рулы ел» деген, мен Кене ағаммен бірге өлейін, елдің өсегінен қашып,—деп Ағыбайға рұқсат қылды. Кеш болған соң Досбол Кенесарының қосынынан шығып, өзі «қол қаштылап» айғай салды. Қолдар бет-бетімен қашты.
Ағыбай өзіне қараған алпыс екі кісісімен Алатаудың етегімен күншығысқа қарай кетті. Шыңбай екеуі қылыш-қанжарларын асынып, ақжелек найзаларын қолына алып, алпыс кісіні алдынан жүргізіп, екеуі артынан шабуылдап қашты. Бір түн, бір күнде Шудың ну қамысының ішіне кіріп, екі күн жатып, Шудан өтіп, өз елінің шетіне келіп, түнде Шыңбайды аулына жіберіп, Талшыбық бәйбішеге: «Шұбыртпалыға қараған елдің сынық аяғына шейін қалмасын, жұрт жаңалаймын,—деп,— біздің жонымызға қарай қонсын,—деп,—ертең кешке біздер барып Арқаға көшеміз,—деп. Талшыбық бәйбіше дайындалып отырғанның үстіне, Ағыбай келіп, Сарыарқаға қарай бет алып, келе жатса, Кенесарының Шұбарының үйірі кез болған соң айдап кетті.
Кенесары қандай шабыншылықта жүріп қысылса да, өз бетімен қашпайды. Біреу атын жетектеп, жан-жағынан батырлар қоршап, біреулер атын айдап қашады екен. Сасқанда: «Көсе қайда?»—деп жан-жағына алақтап, Ағыбай келгенше шыдамайды. Ағыбай найза жететін жерден найза жұмсайды, жетпесе, садақ оғындай найзаны атып жіберіп, тағып қойған шыжым қайысынан тартып алып, екінші найзасын жөндеп алғанша, иә қылыш, иә қанжар жұмсайды екен. Сонша жылдам. Бейсауат кісі өлтірмеген, өзіне келер зақым болмаса. Қарт Бөгембай, басшы Бұғыбай, Кенесары да жоқ, Абылайдың заманында болған. Кенесарыдан Ағыбай айырылғанда қырық төрт жасында, сексен үш жасында өлді.