Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Кенесары әм Наурызбай Қасым ұлдары (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Қасымның үлкен қатынынан—Есенгелді, Саржан әм Кенесары, тоқалынан—Наурызбай, қарындасы Қарашаш, үйсіннен шабыншылықтан келген әйелінен—Бопи. Ағыбайдың әкесі Олжабай онымен бірге туысқандар—Маңабай, Таңабай, Мыңбай. Кенесарының қолдарының ішінде шұбыртпалы алпыс екі үй.

Таңабай әскердің ішіндегі үлкен, қадірлі өзіне бөліп берген әскерге қолбасшы. Шұбыртпалы қолдының ішінде рулы ел ешкім батпайды, өздері тиіссе де, қарсы келмейді. Ағыбай Олжабайұлы ешбір қолбасшылықта жоқ, Кенесарымен құрдас.

Бір уақытта қол жорыққа аттанып бара жатқанда, бір сары шымшық торғай Ағыбайдың басына келіп қонып, біресе екі иығына, иегіне, мұрнына қонып жүргенін қолдар көріп, Ағыбайдың қасына келіп, торғайды түртіп: «Қонатұғын кісіге қонбай, қонбайтын кісіге қонып»,—деп тамаша қылыпты. Торғай бір көш жерге шейін қонып, көрінбей кетті.

Ағыбай көселеу, селдір сақалды ұзын бойлы, шүңірек көзді, зор иықты, қолдарының толарсағы қолдарын баурына игенде бөлек бір тұтам шығып тұрады. Тоғыз қазықтан білезіктеп тістеген найза, найзаның түбінде құлаш жарым шыжым қайыс бар, құланның үйегінен (бауыр терісі) таққан. Төсіне екі өкпесіне ұстайтын шарайнасы бар, жанында қылыш әм наркескен қанжары болады.

Кенесары Ағыбайды «Көсе» деп шақырады, «Ағыбай» деп атамайды. Наурызбай әм Қарашаш екеуі Ағыбайдың үйімен бірге. Ағыбайдың әйелі Талшыбық бәрін басқарып, шаруаларына қарап тұратын. Қарашаш әм Наурызбай «әжелеп» еркелеп тұрады. Туған шешесіндей, Талшыбық туған балаларындай күтеді.

Қарашаш ұзын бойлы, шашы, қасы-көзі қара, аққұба, қырмұрынды, нәзік белді, саусақтары ұзын, жіңішке. Талшыбықтың айтуы:

«Қарашаш арман қылушы еді «Еркек болып, Науанжанмен бірге жүріп қайратымды көрсете алмай кетіп барамын»,—деп. Ағыбайдың немере інісі Шыңбай Мыңбайұлы ұзын бойлы, зор иықты, өзі аусар, салғырт батыр. Наурызбай мен Ағыбайдың үйінде жүреді. Ағыбайдың үлкен әйелінен: Аманжол әм Аманбай, кіші әйелі Шөкіжаннан—Сопы әм Дуана.

Кенесарының әскерінің ішінде бірге жүрген Құдайменде деген төре болған. Құдайменде төренің балалары Қарқаралы уезіне қараған Тоқырауын елінде. Есенгелді ержеткен қызын сол Құдаймендеге айттырған Есенгелдінің үйінде болады. Бұл қызға Наурызбай барады. Құдаймендеге қыз риза болмай, Наурызбайды қоймайды. Ақырында, бұл жұмысты Кене ағаң естиді. Не қыларын біле алмай, қапада болып: «Әгарда Науанжанды жазым қылсам, жауға қарсы шабар туысқаным жоқ, жалғыз қаламын және Ағыбай шығарып бере қоймас»,—деп ойлап тапқаны: Наурызбайдың қасына еріп барған кісілерді ұстап өлтіре берсе, еруге кісі шықпаса, жалғыз бара алмас еді—деп лайықтады. Жансыздап Құдаймендеге хабар қылды. Бұл сөзді Наурызбай естіп, бұрынғыдан жаман қатайып: «Менің қасымдағы жолдасымды қаңғырып келген Құдайменде өлтіретін болса, басын бірақ кесермін!»—деп, далада баялыш шауып жүрген Шыңбайға қарсы шауып, жанындағы қанжарын суырып алып: «Уа, Шыңбай! Басыңды төсе, шабамын!»—деп дауыстап келе жатқанда, Шыңбай «алдиярлап!» қолын қусырып, басын төсеп тұрды. Наурызбай қасынан шауып өтіп:

—Иә, Шыңбай, қорықтың ба?—деп сұрағанда, Шыңбай айтты:

—Төре екі сөзді бола ма екен, айтқан сөзін орнынан шығару керек емес пе? Наурызбай:

—Жарайды, Шыңбай! Бүгін кешке менің қасыма ер, өлімге апарамын,—дегенде,

—Алдияр жарайды!—дейді Шыңбай.

Түн болғанда Наурызбай Шыңбайды ертіп алып, Есенгелдінің аулына келіп: «Шыңбай атпен арала, кім бар, әбден байқа?»—деп. Шыңбай аралап: «Ешкім жоқ, көрінбейді»,— деген соң, аттан секіріп түсіп: «Шыңбай, мен үш дауыстап, кет десем, кетерсің, әгарда қасыңа келген кісі болса, мә қанжар, осымен шауып өлтіре бер»,—деп өзі қыз жатқан үйге кіріп кетті. Сонда Құдайменде бір үйде жолдастарымен жасырынып отыр екен. Құдайменде жүгіріп келіп үйдің есігін басып тұрып, жолдастарына айтты: «Бар, жолдасын ұстап алып келіңдер? Осы есіктің алдында бауыздаймын»,—деп. Екі кісі далбаңдап жүгіріп келіп, Шыңбайды ұстаймыз дегенде, екеуін қанжармен екі шапты. Екеуі Шыңбайды ұстамақ түгіл, өздерімен-өздері әлек болып, ойбайлап қалды. Наурызбай үйде жатып дауыстады: «Уа, қаңғырып келген Құдайменденің жүз жігітіне менің жалғыз Шыңбайым да болады!»—деп үйден жүгіріп шығып, Шыңбайдың қасына келіп сұрады:

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз