Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Кенесарының қырғызға ақырғы аттанғаны (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

Маған айтушылар Шыңбай Мыңбайұлы әм Бектемір молла анық білмейді, иә Атбасар, иә Ақмола, Адыр қаласы салып жатқанда,—салғызбаймыз!—деп Кенесары үш рет шауып, үйлерін бұзып, ақырғы ретінде зеңбірегін, басқа мылтық қару-жарақтарын алды. Бір үйдің ішінен бір үлкен темір сандық шықты. Соны сындырып бұзғанда, ішінен алтын-күміс теңгелерін алып, басқа толып жатқан көк ала, сары ала, сұр ала алақанның үлкендігіндей онан кіші қағаздар шықты. Сол қағаздарды Шыңбай алып желге ұшырып жатқанда, қуандықтан келген бір адам: «Мұны маған бер?—деп жиып алды,—үйге барғанда балдар ойнасын»,—деп.

Кенесары қолдарымен қайтқанда әлгі адам қағаздарды жиып алған көрінбей кетті. Кенесары зеңбіректі, мылтықты болған соң үйде жата алмай, қолға хабар салды: «Бір ай бұрын қолдар қамдансын, қырғызға аттанамыз!»—деп. Айтқан күні болған соң әскер шеру тартып жүрді.

Шудан өтіп, Алатаудың баурына келгенде, Есқожа әм Қанай дегендерге салғызған сүбі қорған бейіттерін бұзып, бұза бастады. Мұны Ағыбай көріп, «бұзбаңдар?» деген сөзіне қарамай, тыңдамай тағы бұза бастағанда, Ағыбай ашуланып: «Қырғыздан бұрын мен сендермен соғысамын!»,—деген соң, Кенесары естіп, тоқтатты. Ағыбай Кенесарыға айтты:

—Біздің жолымыз болмайды, қайтайық, Есқожа, Қанай зайырлы кісілер деуші еді, бұлардың бейітін бұзғаны дұрыс емес,—деп.

Бұл бейіттің құйған кірпіштерін ешкінің майына қайнатқан деседі айтушылар. Ағыбайдың бұл сөзіне Кенесары бала биі Досболға қарады. Досбол—үйсіннен қолға түскен жас адам, өзі тілді, сөзшең, Кенесарының ақылдасар адамы. Досбол не айтса, сонысын орындайды. Сондықтан жас болған соң «бала би», шын аты—Досбол. Досбол:

—Ей, Ағыке, жоқ сөзді айтасың, баланың ойынындай бейітте не тұр дейсің?—деп жақтырмады. Ағыбай:

—Иә, Кене! Бұл Досбол түбінде сенің қан жыныңды төгеді, осы сапар-ақ төгер, Досболдың ішінен кегі кетпейді, елін шауып жесір-жетім қылғаның,—деп өз бетімен жүре берді.

Наурызбай, Ағыбай екеуі Досболдың ақылына көнбей, бөлек өз беттерімен жүруші еді. Қол Алатаудың Кекілік кезеңінің қасына келіп, үш күн жатып, соғысқа дайындалып, жиналып дайын тұрды.

Кенесары Кекілік кезеңінің үстіне зеңбіректі құрып, күрсілдетіп ата бастады. Қатын-балалардың, малдардың қаны судай ақты. Бірнеше күннен соң күндіз-түні бірдей атқаннан зеңбірек орта белінен үзіліп, сынып қалды. Қолдардың күші азая бастады. Кекілік кезеңінен қайтып құлады.

Бұл соғыс уағында өзіне қараған адамдарын жібермей әм өзі кірмей кейін қалып, бала би—Досболдың не қылып жүргенін байқады. Досболдың қырғызға жіберген кісісін ұстап алып, қатты қысып, «өлтіремін»,—деп қанжарын сурып алып алқымына таяп қойып сұрады: «Неге жіберді?»—деп, сонда айтты:

—Үйсінге қараған адамдар Кекілік кезеңінің күн батыс жағында болады, өзгелер Шуға қараған жақта, бүгін бе, ертең бе қол қашады, қашатын күні осы кісіні жіберем, үйсін қырғыздың баласымыз, жиналып Кекілік кезеңінен құлап дайын тұрсын, суды жібермей бүріп алсын,—деп.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз