Кенесары мен Отыншы (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Біздің жақта «дос болсаң, тама Танашпен дос бол» деген мақал болды. Бұл мақалды қайдан шыққан екен деп тексергенімде, уақиға былай болған екен.
Бір өзбек саудамен қырғызды аралап жүріп, панасыз бір жетім баланы қызметкер қылып ертіп алады. Баланың аты Отыншы екен. Баланың қызметі жылы жаққан соң, оқытып жақсы тәрбиелеп өсіреді. Отыншы өсіп жеткен соң өзбектің басты адамының бірі болып, әрі ақылшысы, әрі қолбасшы батыры болады.
Кенесары Қоқан өзбекпен жауласқан кезінде, Отыншы Кенесарының қолын үш рет мұқатып жеңіп, бірталай батырларын өлімге ұшыратып қайтарады. Отыншы өте тапқыр, шешен, өте мықты батыр болып, қазақтардың өлгендерінің көбі Отыншының қолынан қаза табады.
Қазақтың басты батырларын Отыншы түгел таниды. Отыншы қазақтардың соғысқа араласқандарын тегіс таниды. Сол кезде Наурызбай жас, төре тұқымының көрнекті батыры Ержан екен. Кенесары: «Отыншыны өзіме кісі қылып алар ма едім»,— деп іштей солай ойлайды екен. Басқа қазақтар Кененің ойын танып: «Ол бізбен біріксе, ханды билеп кетіп, біздер елеусіз қаламыз»,—деп күндеп және ыза ішкендіктен өшігіп, «қалай болғанда өлтірсек екен»,—деп зығырданы қайнап жүреді екен.
Кенесары төртінші рет әбден сайланып: «Қайткенде Отыншыны ұстау керек, бірақ өлтіріп алмаңдар, оған тірі қорлық көрсетейік, кімде-кім тірі ұстаған жанға бәйге берем»,—деп серттесіп, сөзді пісіріп алады.
«Шаһарға келіп, өзбекке бастап тиіңдер де, қайта қашыңдар да, сусыз шөлге ұзап шыққан соң, қайта оралып ұрысыңдар. Қаланың аты да, адамы да Арқаның қарабайырындай шөлге шыдамды болмайды, Отыншыны сонда ғана ұстаймыз»,—деп жоба жасайды.
Айтқанындай, қалаға тиіп, қайта қашып, шаршы түстің кезінде қайта тоқтап соғысқанда, өзбектердің аттары шөлге ұшып, ұрысқанда шабысқа жарамай, жеңіліп қайта қашады. Қазақтар қуып келе жатса, аты нашарлап Отыншы да қашып келеді екен. Алдымен Ержан төре жетіп, найза салуға оқталған кезде, Отыншы: «Әй, сен, келсең келші!»,—деп бетіне ажырайған кезде, Ержанның дәті шыдамай, ілгері қашқандарды қуып өтіп кетеді. Онан кейінгі батырлардың да бірсыпырасы бата алмай өтіп кетеді. Бір мезгілде өлгендері өліп, өлмегені қашып құтылғаннан кейін оралса, Отыншы да қолға түсіп, аяқ-қолына кісен салынып қалыпты. Бұл хабар Кенесарыға жеткенде, Кенесары:
—Түсірген кім, Ержан ба екен?—деп сұрапты.
—Жоқ, басқа,—дегенде:
—Енді кім, кәне қайсысың түсірдің?—десе:
—Жоқ, ол емес, мен түсірдім,—деген адам бірнешеу болып көбейіп кетіпті.
Бір мол судың басына қонып, жұрт жайланып тамақ ішкеннен кейін, Кенесары Отыншыны алдырып:
—Сен өзің түстің бе, кісі түсірді ме?—деп сұрағанда, Отыншы:
—Кісі түсірмей түсетін болсам, атқа мініп үйден шықпаған болар едім,—депті.
Кенесары «түсірдім» деген батырларды жинап алып:
—Мыналардың бәрі ме, түсірген бірі ме? Бірі болса, қайсысы?—деп сұрапты. Отыншы:
—Мұның бәрі де емес, бірі де емес, бұрын мен көрмеген жас бала, атын білмеймін, әгар түрін көрсем танимын,—депті. Кенесары басқаларды келтіріп:
—Кәне, қайсысы?—дегенде, Отыншы қолмен көрсетіп:
—Анау тұрған сары пұшық бала,—депті.
—Аты кім?—дегенде, Баубек болып шығады. Кенесары қарап: