Кенесары әм Наурызбай Қасым ұлдары (3-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Ағыбай үйіне кіріп, сырмақтың астына ашумен тыққан пышақты алып: «Сен болмадың, сен болмадың!»—деп жерге үш тықты. Сонда Басықара:
—Ағыке, бұл не қылғаның?—дегенде, Ағыбай айтты:
—Қаңғырып жүрген Басықара жоқ, Кенесарыны бауыздап жіберіп, «Қарқабаттап» шығайын деп едім.
Ағыбай бұрынғыдай Есенгелді, Ержан аулына баруды қойды және Кенесары шақырса ғана баратын болды.
Бопының әйелі босанып, еркек бала тапқан. Соған той істеуге ат шапқызуға, екі ай бұрын Кенесары жариялады. Ағыбай айыпқа алған көк ат үйсіннен келген еді. Оны «Сүмсекей» деп атаушы еді. Бұрыннан қызығып, «қалайша қолға түсіріп аламын» деп ойлап жүруші еді. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» тура келіп, Кенесары Көсеге: «Қандай лайықты ат бар?»—дегенде, бас жылқышының бетіне қараған ишараты осы еді. Бұл жылқышыдан маған бер?—деп сұрағанда, Кенесарыдан қорқып бере алмаушы еді. Сүмсекей қолына келген соң ешкімге білдіртпей жаратып жүрді.
Үйсінді шапқанда, бір жас бала қолға түскен. Соны Ағыбай қолынан тәрбиелеп жүрген. Аты—Шобат, руы—сіргелі. Соған мінгізіп, елсіз жерде өзі көк бесті деген атымен жарысып, әбден баптап, тойды айтқан күніне дайындады.
Елсіз далаға шыққанда Шобатқа үйретеді. Әгарда Сүмсекей бәйгеге ілінерлік болса, «Абылайлап!» шаппа, «Қарқабаттап» шап!—деп, күніне үш мезгіл—руың кім?—дейді. Шобат: «Қарқабат!», «Қарқабат!»—деп айтады.
Бұл тойға көп адамдар ат жаратты. Той айтқан күні болды. Ішкен-жеген тоқ болып, бәйгі аттарды айдап шықты. Ағыбай Шобатты мінгізіп, Сүмсекейді қосып қоя берді. Бірақ тапсырды: «Қарқабатты ұмытпа?»—деп. Шобат әбден жаттап алды. Бәйге аттар келгенше, күрес болып жатты. Ағыбай мен Наурызбай екеуі бөлек барып отырды.
Кенесары бір төбенің басына кілем-көрпе салғызып отыр. Маңайында халық ойын-күлкі сауықта жүр. Бәйгі аттардың жолында үш жерден келеші тұрды. Аттарды ұзаққа айдады. Түстен кейін алыстағы келеші қозғалды. Біраздан соң екінші келеші бұл келешіден өтіп, бір жалғыз ат келді. Өзге аттар көрінбейді. Көмбедегі келешінің қасына келгенде, «қарқар» деп шауып келе жатқан баланың даусын Кенесары естіп, халықтан сұрады:
—Басқа жақтан кісі келіп, ат қосқан бар ма?»—деп. Сонда Ағыбай түрегеліп: «Ол кешегі арсыз көк,—деді. Бұл сөзге Кенесары сырт қарады. Наурызбай:
—Ей, Ағыке, кісінің көңіліне қарамайсыз-ау?
Шобаттың балдары: Немене, Бөдене, Балапан, Торғай, Ұзақбай, қыздары: Қарлығаш, Қаршыға—шұбыртпалының ішінде.
Ағыбайдың көк бестісі Кенесарының қолы үйсінге шабыншылыққа бара жатқанда, Шу бойында бір көк құлық бие жаңа құлындап жүр екен. Көк құлын артқы екі аяғы маймақ, тірсегінен басып, енесін еме алмай жүр. Қолдың алды көріп, керек қылмай өтіп кетті. Ағыбай көріп, айналдырып қарап, қол тегіс Шуға құлаған соң, күзеулі кер деген атымен құлынды өңгеріп, көк құлықты жетектеп, ара күндік жердегі аулына келіп, Талшыбық бәйбішесін шақырып алып: «Мына бие мен құлынды үйге кіргізіп, мен келгенше күт!»—деп, қолдың артынан қуып жетті. Бір ай өткен соң жолда жүріп, Ағыбай келсе, құлын жүріп ойнақ салып, күндіз үйге кіргізіп қойғанда Ағыбайдың төсегінің үстінде жатады, тай болғанда енесі жайылып жүргенде, ойнақтап жүріп енесінің үстінен мына жағынан секіріп, ана жағына түседі. Ағыбай шұбыртпалы жылқыларын Кенесарынікінен бөлек жаяды. Жылқы аралап жүргенде Ағыбайды көріп, олай бір шауып, былай бір шауып Ағыбайдың үзеңгісін тістелеп, артқы екі аяғымен тұра қалып, басындағы бөркі иә тұмағы болса, алып қашады.
Бір күні Кенесары оңаша отырғанда ханымы айтты:
—Иә, алдияр төре! Қолдың ішіндегі бірнеше адамдарға ат қойдыңыз, мыңбасы, бесжүзбасы Көсеге неге ат қоймайсыз? Сонда Кенесары ханымның бетіне тесіле қарап үндемеді. Екінші айтты, онда да сөз жоқ, үшінші айтқанда, тесіле қарап, түсін бұзып тұрып, қайта отырып:
—Иә, ханым! Мен айтайын, қолдың алды Абылайлап тисе, арты Ағыбайлап тиеді. Менің қойған атым не болады? Құдай өзі берген соң, бірақ, түбінде Көседен сақтанарлық адам,— деп үндемей отырды. Қол «Ағыбайлап» тисе, Ағыбай «иә, Құдайлап» ұрады екен.