Кенесары мен Отыншы (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
—Үй, ана бала Баубек пе?—деген екен. Сонан кейін әлгі бала Баубек болып атанып кетеді (оның руы—қарауыл, мекені Атбасар түбінде). Кенесары:
—Қалай түсірді,—деп сұрағанда, Отыншы:
—Мен не боса да өлетін болсам, жастығымды алып өлуге ойлап келе жатыр едім, артымнан келген адамдар төніп келіп, найзам жетпейтін жерден өте берді. Өзім ұмтылып барып тиісуге атым жарамады. Бір мезгілде артыма қарасам, осы бала аты еркін жете алмай, жеткізіп «а, Құдай!» дегендей көзі жайнап, жалақтап келе жатыр екен. Көзі сыртымнан тесіп өткендей болды. Көзіне көзім түскенде, есімнен айырылып қалған сияқты болдым. Енді бұрылып алдыма қарасам, осы сияқты сары пұшық бала мың ба, жүз бе? Саны белгісіз, найзасы тиер-тимес жан-жағымнан қаптап кетті. Өлген жерім осы екен ғой,—деп аттан қарғып түсіп, отыра кеттім. Басқа бала жоқ, осы бала қасыма келіп, найзасын жерге тіреп тұра қалды. Артынан біреу келіп түсе қалып, қолымды байлады, біреулер келіп кісен салды. Сөйтті де «мен түсірдім, мен түсірдім»,—деп мені бір көкбар қылып осы араға әкеп салып отыр,—дейді. Кенесары:
—Сен қырғыз едің, мен қазақ едім, сарт болып кеткенің қалай?—депті. Отыншы:
—Татқан тұз, жеген нанымды ақтағаным ғой. Кенесары:
—Сарттан жегенің артығымен ақталды ғой. Қырғыз бен қазақтан нан, тұз табылса, татпас па едің?—дегенде, Отыншы отырып-отырып:
—Бәлки тәтті болар еді,—дейді. Кенесары:
—Олай болса, өзіңді осы топтан кепілге кім алады?—дейді. Отыншы:
—Анау отырған Жеке батыр алады,—депті. (Жеке батыр түбі қырғыз, ханның белгілі батырының бірі) Жеке батыр ұшып түрегеліп:
—Алдияр, тақсыр мына пәлені менен аулақ ете көріңіз, мен алмаймын,—дейді. Отыншы Жеке батырға қарап:
—Ау, тақсырмен күнің өткен алашапан сорлы екенсің ғой, —деді. Кенесары:
—Енді кім алады? Отыншы:
—Енді сен ал,—деп өзімді ешкімге кіріптар ете алмаймын,—деді. Кенесары үндемей төмен қарап біраз отырғанда, түбі—тама Танаш деген батыр түрегеліп:
—Тақсыр, берсеңіз, мен алайын,—депті. Кенесары:
—Жарайды, алсаң бердім,—деп өзіне оңаша байқа, әгар, бір жылға дейін бөтен сыр шықпаса, өзімізге кісі қылып алармыз,— деп беріп жібереді. Танаш үйіне әкелген соң, кісеніңді босатсам, мені ханға жаманатты қылмайсың ба?—дегенде, Отыншы:
—Еркек адамды ел ер дейтінін естімеп пе едің, ары бар, әйел адамның қашқанын көрдің бе?—депті. Танаш содан кейін босатып, оңаша үй беріп, бір жігітті күтуші етіп беріп қояды.
Отыншының жас келіншек әйелі бар екен. «Танаштың қолында Отыншы тірі кепілде» дегенді естіп, Танашқа тарту-таралғы алып, Отыншыға киімдерін әкеп, бір жақсы жарғақ тонды кестелеп тігіп әкеледі.
Отыншының әйелі сол тұсындағы қырғыз, қазақ, өзбектің сұлуларының бәрінен сұлу екен. Қазақтардың бірсыпырасы: «Әгар, Отыншы өлсе, біріміз алармыз-ау» деген үмітпен бұрынғыдан гөрі Отыншы өліміне тілеуқор болады. Тек ханнан аса алмайды. Әсіресе, Танаш: «Кепілге мен алдым, өзі де менің қолымда, сүйегі де менің қолымнан шықса, мына әйел менің мүлкім болмағанда, кімдікі болады?»—деп, Отыншыны өлтіруге ойлап, ханға жамандап, астыртын шағыстырады. Хан жауап айтпайды.
Танаш ақыры үш рет жамандап: «Мен міндетімнен құтылдым, Отыншыдан қастық көрсеңіз, менен көрмеңіз, бұдан былай Отыншы өзіңізді өлтіруге келе жатса, көріп тұрсам да, мен сізге келіп айтады екен деп ойламаңыз»,— депті. Хан жауап бермей қалады да, ертең елді жиып алып: «Отыншының сыртынан өсек бар, шын деп нануға бола ма? Өтірік деп қоюға бола ма? Бұл туралы қандай ойларыңыз бар?»—деп сұрапты. Сұлу әйелден үміт етушілер: «Тақсыр, бір қарлығаш жыланның жұмыртқасын шайқап шығарса, ішінен жылан туып, өсе келе өзін жұтып қойған екен, сол сияқты Отыншы бізге ел бола ма? Баяғыда өлтіріп тастау керек еді»—депті. Хан біраз отырып, басқа дыбыс шықпаған соң: «Бар, ендеше, Кенже»,—депті. Кенже деген баятар тұқымы, өзі рақымсыз, кісі өлтіргіш жендеті екен. Жұрт тосып отырады, Кенже кетеді. Кенже кетіп бара жатқанда, Кенесары: «Отыншы өлерінде атам Абылайды боқтаса да, жасырмай айтып кел» депті. Кенже Отыншыға келіп: «Жүр сені хан шақырады дегенде, «білдім» деп орнынан түрегеліп, өзін күткен жігітке: «Еңбегің көп сіңіп еді-ау! Шіркін, дүние-ай! Аяқтай алмадым-ау! өзің киіп тоздыршы»,—деп кестелі тонын жігітке өз қолынан арқасына жауып, «қош» деп Кенжемен еріп үйден шығып кетеді.