Кенесарының қырғыздармен соғысуы (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Ел ішіндегі байлардан, зұлымдардан патшаның адамдарынан қорлық көрген адамдар жан-жақтан тағы да ағылып Кене ханның қолына келіп жатты. Олар Кенеден рұқсат алды. Кене қорлық, зомбылық көрген ержүрек ерлерді есепсіз әскер тобына ала берді. Ақмола, Қарқаралы да, Ақтауда, Баянауыл, Қызылжар, Көкшетауда Кененің сөзін сөйлеп, сойылын соққан айтулы батырлар тобы құрылды. Кененің Ақмолаға келу қарсаңында ел ішіндегі батырлар Кенемен хабарласып, Кененің келетін күнін тосты. Бір жерден ұшырасты.
Кененің әскерінің қаптап келе жатқанын естіген Ақмоладағы Қоңыр төре, қыпшақ дуанбасы Ыбырай, Шорманның Мұсасы, Жамантай төре т.б. қазақ орыс бастаған Николайдың адамдары Кенеге қарсы Ақмоланың күнбатыс жақ (Жөкей қаласы дейді) шенінен қорған соғып, өздері қорғанның ішінде паналамақшы болды. Қорған соғылды. Кененің әскерлері күнге шағылысқан ақбоз, қылаң аттарымен тамаша жарасымды сәулетпен шеру тартып, жыр жырлап, жер қайыстырып, аспандағы аққуға ән қосқан неше алуан әншілермен келе жатты. Кененің әскері жүріп келе жатқан жол үстіндегі елдер қарсы алады, көп кісімен салтанатпен алдын тосады. Жаужүрек батырлары Кенеден рұқсат алып, әскерге қосыла берді.
Осы салтанатты алапатпен жүріп отырып Кененің әскері Ақмоланың күнбатыс жағынан келіп тиді. Кененің келуін тосып жатқан таяу елдегі Тілен батырдың бес жүз әскері Кенеге қосылды. Сансыз қалың әскер Ақмоладағы жауыз патша Николайдың оң көздері мен қазақ орыс ішіндегі сұмырайларға садақ тартты. Қамал соғып берік бекінген жау мызғымады.
Кененің ақылгөй қолбасшыларының бірі тапқыр, білгіш, айлакер, жолшыл ері шұбыртпалы Ағыбай батыр еді. Ағыбай:
—Осы қаланы мына сарттар мен қазақ орыстың шапандарын киіп алып, май жағып, от тұтатып үйлердің үстіне тастайық, содан қала өртенеді, қаладағы қамалдағылар еріксіз шығады, оларды сонда жосытармыз,—деді. Ағыбайдың сөзін Наурызбай да мақұлдай қалды. Басқа батырлар да мақұл көрді. Сонда Кене хан:
—Бәрлерің де найзаның ұшына сарттың ала шапанын майлап отқа тұтатып, үй үстіне таста!—деді. Кененің аузынан шығуы-ақ мұң екен қалың әскер қалаға лап қойды. Әрқайсысы үйге кіріп, қолына түскен шүберек заттарды отқа тұтатты.
Қала алай-дүлей өрт, айқай-ұйқай, у-шуға толды. Соғыс тынбастан бір жетідей болды. Соғыста Кененің әскері де қойдай жусады, Кененің ең басшы бір батыры—Жармантай, Тоғалақ батыр, қыпшақ Басықара, бөрші Базар батыр азаппен өлді. Николайдың, Қоңыр төренің, қазақ, орыстың итаршы төбеттері де сағат сайын дембе-дем өліп жатты.
Кененің әскерлері ақыры Ақмоланы жеңіп алды. Содан кейін өңшең ат құлағында ойнаған берендер Күйгенжарда тұратын қыпшақ дуанбасы Ыбырайдың тұқымдарымен де шайқасып, Күйгенжардың шетінен өрт салып, дуанбасы Ыбырайдың сөзін мадақтаған, сойылын соққан қандыбалақ қулар Кене ханның әскерлерінің тұзағына түсті. Кененің қалың әскері Күйгенжардың басында шатыр тікті. Бойына күш-қуатын жинап алғаннан кейін Ақмола байлары мен оларға болысқан қазақ, орыстар қару алып, атқа мініп, шошаңдап қайта шықты.