Кенесарының жеңілу себебі
Тарихи аңыздар · 1 мин оқу
...Қырғыз бен қазақтың арасында келіссөз жүргізіп, бітім жасап қайтуға Бөгенбай қарт қырғызға барады.
«Қырғыз-қазақ бекер жауласпайық!»—дейді Бөгенбай. Ол келген соң, бата қылу үшін қырғыздар айшық мүйіз көк қошқарды алып келеді. Бөгенбайдың айтқан батасы: «Осы келісімді кімде-кім бұзса, осы көк қошқардай бауыздалсын», —депті.
Қайтып келіп Кенесарыға айтқанда, Бөкеге айтқаны:
—Бөке, қартайған екенсің, менің күткен келісімім бұл емес еді ғой. Бөкең:
—Ә, солай ма? Ә, қартайсам, қартайған шығармын. Төреге ерген ер-тоқымын арқалайды дегендейін, енді қалған арғынқыпшақты осылай еткің келді ме?—деп, етегін үш қағыпты. Ал, енді маған еретін арғын-қыпшақ, маған еріңдер, төреге ергендерің осы жерде қалыңдар!—деп шығып кетеді.
Сонда Кененің әйелі Күнімжан:
—Әлгі қарт қайнаға етегін үш қақты-ау, байқадыңыз ба, ренжітпесеңіз жақсы болар еді,—дейді. Кене:
—Уай, алжыған қартты қой!—депті.
Осы сөзді есіткен арғын-қыпшақ Бөкеңнің соңына еріп кетіпті.
Осыдан кейін Кененің ісінің оңбауына, жеңілуіне себеп болған осы дейді.