Кенесары әм Наурызбай Қасым ұлдары (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
—Амансың ба?—деп. Шыңбай:
—Аманмын,—дегенде атына мініп қайтып кетті.
Саржанның Айымжан деген қызына Ағыбайдың әкесімен бірге туысқан Таңабай баратын еді. Таңабай сұлу, көркем адам. Төре екен деп «алдиярлап» қалады. Таңабай қатын алайын десе, қыз алғызбайды. «Өзің ти» десе, «Кене ағаның рұқсатынсыз тие алмаймын ғой» деп. Төрелер қазаққа қыз бермейтін. Ақырында Таңабай үйсіннен әйел алып келіп отырғанда, Айымжан айтты, жаңа түсіп отырған келіншекке: «Сорлы-ау, неге келдің? Таңабайды саған қор қылып қоймаймын!»—деп. Ақырында у беріп өлтіреді.
Бопы әуелі шаруашылық жағын басқарып жүретін адам болды, Есенгелді, Саржан әм Ержанды сарттар өлтірген. Соның ауылдарын, көші-қондарын, шаруаларын басқарып жүруге Кенесары Ағыбайға тапсырды. Ерте-кеш солардың шаруаларын жайғап жүргенде, Есенгелді, Саржанның қатындары: «Ағыке, бүгін қоныңыз?»—деп етегінен ұстаса, «тәй, нан жауғыр!»— деп етегін сілкіп тастап, жүріп кетеді. Осындай жұмыс бірнеше рет болған Ағыбай ешбір уақытта мойын бұрмады. Ханымдар Ағыбайдың мұнысына ашуланып, Кенесарыға шағыстарыды. «Көсе біздерді мазақтап, күлкі қылғысы келеді»,—деп біреуден айтқызып. Бұл сөзді Ағыбайға біреу айтады. Кенесары бұл сөзге ашуланып, Ағыбайды шақырта кісі жібереді. «Иә, Ағыке, сізді хан шақырады»,—дегенде, «Тайт, ханы кім? Кетәрман!»— деген соң бұл кісі Кенесарыға айтты.
Қолдың әскерінің бәрі «Ағыке» деуші еді. Қуандықтан Басықара деген Кене ағаның батыры бар еді. Қиын жұмысқа жұмсап тұратын. Соны шақырып алып: «Бар Көсеге! Келсе, ертіп кел, келмесе, басын кесіп әкел!»—деп әмір қылды. Басықара— орта бойлы, толық жуан, қара шұбар, күшті. Ағыбаймен дос еді. Бірақ дос болғанда қауіп қылып, күні үшін дос еді. Мұны Ағыбай білсе де, керек қылмай жүруші еді.
Басықара кіріп келіп, өкіріп жылап: «Иә, Ағыке! Жүрсең, сен өлдің, жүрмесең, мен өлдім!». Ағыбай бұл кезде қарыстай қара пышағын қайрап отыр еді. Басықараның сөзін естіген соң ашу кернеп: «Мұнда қаңғырып жүрген Басықара жоқ, жүр!— деп қайрақты сырмақтың астына тығамын деп, пышағын ашу үстінде бірге тығып жібереді. Сөйтті де беліндегі қынын ұстап, Басықарамен бірге Кенесарының үйіне кіріп келіп, шарт жүгініп, Кенесарыға қарсы қарап отырды. Бұрынғы ретті орнына отырмады. Кенесары:
—Иә, Көсе, шақырса, неге келмейсің?—дегенде,
—Келмегенде не қылар едің?—деп сол жүгініп отырған түрімен қалайша Кенесарының алдына келіп қалғанын білмей, жанындағы пышаққа қолын салып қалғанда, пышағы жоқ болды. Кенесары сонда айтты:
—Тарт, Көсені, тарт!—дегенде, Басықара:
—Иә, Ағыке, саған не болды?—деп оның қолынан ұстағанда, қолын сермеп жібергенде, Басықара босағаға барып жығылып барып, сүйеніп қалды. Кенесары тұрып, кейін шегініп барып отырды. Ханда да әм отырған халықта да сөз жоқ отырысты.
Біраздан соң отырған адамдарға: «Иә, халық! Көседен басқаларыңыз шығыңыздар?»—деді. Халық бірі қалмай шығысты. Кенесарының қатын-балалары үрпиісіп қорқып отырысты. Бір мезгілде Кенесары түрегеліп, керегеде ілулі тұрған алтын-күміс оқамен тіккен сарттың бектер бегінен келген жібек шапанды алып: «Иә, Көсе, мынау шапаның»,—деп алдына қойды. Жылқышы үлкен топтың басшысын шақырып алып: «Мына Көсеге, қандай лайықты ат бар? Тезінен қазір алып кел!»— деген. Сонда Ағыбай жылқышының бетіне бір қарап қойды. Жылқышы алдырап-сасып, жылқыдан бір көк семіз атты алып келіп: «Алдияр хан! Келді дегенде, Кенесары айтты: «Көсе, мынау шапаның, анау атың». Ағыбай шапанды қолтығына қысып, атты жетектеп үйіне келсе, ағайын-туғандары, алпыс екі үйдің еркектері ақ желек найзаларын қолдарына алып, ұрғашылары бақан-пышақтарын қолдарына алып дайындалып тұр екен. Наурызбай өзіне қараған әскерлерін дайындап о да тұр. Наурызбайдың қарындасы Қарашаш шашын желкесіне түйіп, найзасын о да қолына алып тұр. Талшыбық бәйбіше көк бестіні ерттеп, найза-қылыш, наркескен саймандарын дайындап тұрды. Ағыбайдың аман екенін көрген соң, тарасып кетті.