Алымбектің шежіресі (4-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
...Бердіқожаға Абылай: «Қой!»—дейді. Үйсіннің төбе биі Төле би де: «қой!»—деп айтады. Бердіқожа соңына ерген үйсінді ертіп алып, қырғызға тиісе берген. Бірде жолы болып, бірде жолы болмаған. Төлеберді бұл кезде қырғызға кайта көшіп келген екен. Қырғыз бен қазақтың арасында бір дау туындаса, араға жүретін Төлеберді екен. Төлеберді Абылайға барып арызданады. Абылай:
—Үйсіннің Төле биіне айтқыздым, өзім де айттым, тілімді алмады, енді не амал қыламын?—дейді. Төлеберді:
—Рұқсат беріңіз, біздің сарыбағыш, солты өз жолынан қалмасын, мен сіздің алдыңыздан өтейін деп келдім. Бердіқожаға біздің қырғызға тиесілі жердегі үйсіннің біразы еріп жүр. Егер біздің солты мен сарыбағыш осы Бердіқожаға еріп жүрген үйсіннен жеңіліп қалса, өз обалдары өздеріне, ал егер Бердіқожаны біздің солты мен сарыбағыш жеңіп кетсе, онда оған жаныңыз ашымасын,—дейді. Хан Абылай бұл сөзге:
—Бердіқожаға өз білгендеріңді қыла беріңдер. Оны өлтірсендер де, қалыс қаламын. Үйсіннің Төле биі де оны тентек деп отыр. Одан арғысын өздерің біліңдер,—дейді. Төлеберді келіп Есенқұлға істің мәнісін айтады. Есенқұл батыр мен Төлеберді елдің игі-жақсыларын жиып, кеңеседі. Елді барлап келу үшін солтыдан Бөрібайды, бөлекбайдан Мырзаны және сарыбағыштан екі кісі қосып, төртеуін бас қылып, сексен адамды аттандырады. Бұлар күндіз дем алып, түнде жортып, Бердіқожаның ауылына жақындайды. Бөрібай батырдың алдынан қалың қолмен Бердіқожаның өзі шыға келіп, қолға түсіріп алады. Жолдастарымен уәделескен жерге Бөрібай келмегесін, Мырза батыр: «Бөрібай ішке еніп кетіп, қолға түскен екен, енді қайтайық, Қазық мойын қазақтың жолы болыпты, елге хабар берейік»,—деп жөнеп кетеді. Осылайша жолдастары Бөрібайды тастап кетеді.
Бердіқожа Іленің бойында екен. Бөрібайды ауылына алып барып, байлап қояды. Тары оратын кез екен. Бердіқожаның Көкшолақ деген сәйгүлік аты бар екен. Бердіқожа Бөрібайды бұрыннан біледі. Күндіз далаға алып шығып, оны «бауырым» деп көп әңгімелеседі. Көп ұзамай, бір күні кешке Бердіқожа батыр Көкшолақтың шылбырын шұбатып, Бөрібай батырды қасына алып, сөйлесіп отырады. Бөрібай онашалау отырған екен, жанынан өтіп баражатқан Көкшолаққа көзі түскенде, Бердіқожа: «Қарама Көкшолаққа, бауырым, көзің өтеді»,— дейді. Сөйткенше болмай, қолын байлаған қыл шылбырды тісімен қиып жіберіп, Көкшолаққа ырғып мінген Бөрібай:
—Хош, батыр!—дейді. Бердіқожа да Бөрібайға қарап тұрып:
—Бауырым, хош! Көкшолақты міндің. Сені қуаламаймын. Қуғанменен, Көкшолақ жеткізбейді, құтты болсын, бауырым!— деп қала беріпті. Сөйтіп, Бөрібай Іледен өтіп ауылына келеді. Төлеберді Қордайда екен. Абылайға жүрейін деп қамданып жатқан екен. Есенқұл:
—Қол жиып аттанайық»,—десе, Төлеберді оған көнбей:
—Біз өзіміз барып ұрындық, қазақ келіп ауылымыздан байлап әкеткен жоқ. Мен сарыбағыш пен солтыға ризамын,— дейді екен.
Бөрібай келгеннен кейін, солты мен сарыбағыш жиылып, кеңес құрады. Кәрісі Есенқұл мен Кебек, ханы Бөрібай болып «Енді не істейміз?» деп ақылдасады. Бөрібай:
—Казір Бердіқожаның бекінісі мықты, онда баруға болмайды. Жайшылықта, Бердіқожа Сарытауқұмға келгенде барсақ болады, мен білген Бердіқожа бір келеді,—деп сөзін аяқтайды Бөрібай. Осыған бәрі келіседі. Ел Шу жаққа көшіп жатқанд,а солты мен сарыбағышты арт жақтан келіп шабады. Қамданып жүрген ел жиылып, күш жинап, қайыра қуады. Қуып отырып Ілеге барып, көп олжаға кенеледі. Іленің ар жағын қыстап отырған үйсіннің малын талап, үйін шауып, Бердіқожаны өлтіріп, көп мал мен адамды қолға түсіріп, мол олжамен үйлеріне кайтады. Сарыбағыш пен солтының шалдары мақтанып отырушы еді. Басшылары Есенқұл, Атеке, Кебек, Бөрібай екен. Ол кезде Төлеберді Абылайға кеткен екен.