Қазақ-қырғыз шабысы (3-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
—Жігіт неге отырмайсың?—дейді. Сонда Төлеберді:
—Мен хан отыр деген жерге отырам,—дейді. Абылай жүзі жылып:
—Кел, қарағым,—деп оң жағындағы орынды көрсетеді. Төлеберді отырғаннан кейін қазақ-қырғыздың шатағы жөніндегі сөз қозғалып, қырғыз-қазақтың үлкендері шатақтың басы сендерден басталды деп, бір-бірінің айыбын тізбелеп, ұзақ сөзге кіріседі. Таласты тыңдап отырған Абылай үндемейді. Ақсақалдар айыпты бір-біріне мойындата алмай кеш батады. Қырғыздан барған төрт шешен сөйлейді. Қазақтан шыққан сөзге жүйріктер сөйлейді. Естіген адамға әрбірінікі тура. Сен айыпты деп ешкім айтатындай емес. Бір ауқымда Абылай Төлебердіге қарап:
—Сен неге үндемейсің?—дейді. Төлеберді:
—Мен хан сөйле дегенде сөйлеймін,—дейді. Абылай жымиып:
—Сөйле, қарағым,—дейді. Төлеберді шатақтың басын Шүңгілдің Қара Бәйтігі Көкімге у беріп өлтіргеннен бастап, аяғын Бердіқожа мен Садырға алып келіп тірейді. Оған шейін қырғыз бенен қазақтың қойы қоралас, бауырлас ел екенін айтып, қалмақты шапса, бір шауып, қашса, бір қашқанын айтады. Қыз беріп, ұл үйлендіріп, боз үймен жайлауда бірге көшіп жүргенін айтады. Тілі мен ділі жақындығын айтады.
—Құдайдың жеріне таласып елімізді қырамыз ба? Басқа елге жем боламыз ба?—дейді. Төлебердінің сөзіне Абылай разы болады. Екеуінің ойы бір жерден шыққанына бір жағы таң қалады. Абылай бір тынымнан кейін:
—Есенқұлға айта бар, Садырын қойдырсын, біз Бердіқожаны қойдыралық,—дейді.
Он күн мұрсат беріп, елшілерді жөнелтеді. Ол уақта Солтының талқа елі қазіргі Луговой тұрған жерде екен. Бөлекбай елі Қарабалта, Ақсуда екен. Сарыбағыш Есенқұлға хабар беріп, болған істерді, айтылған кептерді баяндайды. Есенқұл Төлебердінің сөзін еп көріп, Кебек биді Садырға жібереді. Садыр өзін ханмын деп қоқырайып тұрған екен:
—Мені хан деп танымаған сарт құлға көрсетем!—дейді. Ол сарт деп Абылайды айтқан. Абылайдың түпкі тегі өзбек деген кеп бар екен. Сонда Кебек би:
—Іші аланы сырты бүтін алады, жоны бұзылған елді жоны бүтін ел алады, күшті хан күшсіз ханға қашан көніп еді? Айтқан тілді алмай, елдің қанына қанбақ болып тұрсың, басың бас, бақайшағың қара тас!—деп жөнеп кетеді. Кебек би талқан еліне келіп, Жайыл менен Момақанға сөйлесіп:
—Садыр болмады, сендер жоғарыға, біз жаққа көшіңдер, өлсек, бір шұңқырда, тірі болсақ, бір төбеде болалық,—дейді. Жайыл:
—Момақан білсін,—дейді. Момақан сонда:
—Біз Таласты жайламай Сусамырды жайлайық, казір орнығып қалдық, кейін хабар қылып көшеміз,—дейді.
—Көлденең жайт болып қалса, Төлебердіні жібер,—деп Кебек би жөнеп кетеді. Ол кеткеннен кейін Садыр Момақанға келеді. Ол екеуі дос екен. Садыр:
—Моңғолдар, Саяқ, біз жаққа сен қосылсаң, Солты қосылады. Екеуміз Абылайдың шет қарауылын шапсақ, елі қашады,—деп Момақанды көндіреді. Екеуі қол құрап барып, қазақтың Көсегенің Көкжотасы деген жерінен Ботпай, Шымыр руларын шауып, Құдайқұл тұқымын талқандайды. Абылай мұны естіп, ашуы келіп, әскеріне аттануға бұйырады. Абылайдың қолбасыларының бірі Жауғаш Момақанмен дос екен. Ол сасқалақтап Момақанға келіп:
—Сен Садырға қосылма, Абылайдың қаһарына қаласың,— дейді. Момақан:
—Сенің сарт құлыңды сойып алам, сауытын қан қылмай шешіп қойсын, бәрібір сауыт менікі,—дейді. Жауғаш:
—Достықтың міндетінен құтылдым,—деп кете береді. Момақан Садырға хабар беріп, Төлебердіні Есенқұлға жібереді. Есенқұл еліменен Үш Алматыда екен. Жайлауы Ақбешімде болған. Олар жайлауға келіп қалған екен. Есенқұл қолын алып жөнейді.