Алымбектің шежіресі (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
... Сары Үйсін, Қасқарау, Жансейіт, Садыр, Шапырашты, Ысты, Ботбай, Сыйқымнан: Қарақойлы, Аққойлы, Қусирақ. Үйсін рулары Сарытауқұм, Үш Алматы, Іленің бер жағын басып алып, сонда қоныс тебеді. Онымен шектеліп қалмайды. Сарыбағыш, Солтыға қол салады. Шанышқылы Бердіқожа деген батыр, Шапырашты Қаумен, Жәпек деген, Кәшке, Дәулет деген бірге туған төрт ағайын екен, солармен бірге Ботбай Тілеуқабыл, Жайсаң деген адамдар мен Қасқарау Малдыбай, Қонысбай дегендер қырғызға тиісе береді. Сарыбағыштың қолынан Кәшке өледі. Солтының қолынан Жайсаң өледі...
Жәпек пен Бердіқожа Үйсіннің жанысы Төле биге барады. Төле би екеуін ертіп, жолай Талас жақтан шағым айта келген үйсіндерді де қосып алып Абылай ханға барады. Абылайдың ордасы ол кезде Әзіреттің Қаратауында екен. Абылай келгендерге кейіп:
—Осымен екі келдіңдер. Енді Төле биді алдыға салып келіпсіңдер!—деп, мән-жайға қаныққан соң:—Кінә—Үйсін жағы, сіздерде!—дейді. Төле би Абылайдың сөзіне тоқтайды. Төле би Шымкентті жайлайды екен. Арыз айта барғандар Төле биге: «Үйсінді қосып бер»,—дейді. Төле би оларға басу айтқанымен, Жәпек пен Бердіқожа Абылай мен Төлені тындамай, Орта жүздегі арғындардың төресі Көкжарлы Барақ ханға барады. Ол үйсін мен арғыннан төрт мың қол жиып, қырғызға шұғыл аттанады.
Бұл хабарды шолғыншы арқылы біліп тұрған Есенқұл, Қашыке, Бөлекбай, Кебек билерді шақырып алып:
—Жәпек пен Бердіқожа Төле биді бас қылып, Абылайға арыз айта барған екен, Абылай сөздің төркінін жақтырмапты, оларды қолдамапты. Оған тоқтамаған олар арғынға кетті деп естідік, жаман айтпай жақсы жоқ, тізе қосып, даяр тұралық,— дейді.
—Оқыстан түн жамылып келіп қалуы да мүмкін. Сонша қазаққа барып жәрдем сұрап жүргендері де тегін емес. Сақ болайық,—дейді үш батыр.
...Көкжарлы Барақ сұлтан бас болған үйсін, арғындар ұрланып жетіп, Қастектен асып, Боралдайдағы Қашыке батырдың ауылына қол түсіреді. Таң ата жеткен екен дейді бұрынғының шалдары. Даяр тұрған Солты, Сарыбағыш рулары тегіс атқа қонып, күн шыға бере ұрысқа кіреді. Түске дейін қазақты қырған екен дейді. Қастекті асыра қуып, Көкжал Барақты өлтіргеннен кейін, қазақтар қашқан екен дейді бұрынғы шалдар.
Есенқұл, Қашыке, Кебек жарлық шығарып, дүйім елге: «Қазақтар мұнымен тоқтамайды, қарап қалмайды, сақ жүрелік. Өзгесі болмаса да, Қазық мойын қазақ тыныш жатады дейсің бе?»—деген екен. Есенқұл батырдың «Қазық мойын қазақ» дегені—Шанышқылы Бердіқожа батыр екен деседі, оның мойны ұзын екен. Есенқұл батыр айтқандай, Бердіқожа аттанғанын алмай қоймаған деседі бұрынғылар. Қатын-бала да «Қазық мойын қазақ» дегенде уанады екен.
Садыр хан «қазаққа аттанамын» деп Солты, сарыбағыш шақыруға адам жіберіпті. Есенқұл батыр, Қашыке мен Кебек: «Аттанғанды қойсын, қазақ өзі келсе, көріп алдық. Абылай мен Төле би қалыс қалғанда, біздің барып бейбіт ауылға тигеніміз бейбастық болады. Біз аз елміз. Қонысқа бола қазақ Ілені өтіп, бері келгенде тоқтатып алсақ жарады. Сіздер жақтағы қазақтардың бергі бетке өтіп жатқанын көріп тұрсың»,—деп сәлем айтып, Есенқұл батыр Садырға Қашыке батыр мен Кебек биді жібереді. Есенқұлды ел-жұрты «Шоң батыр» дейді екен, Кебек Садырға барып: «Шоң батыр мен Қашыке батыр айтты, қайтыңыз райдан»,—дейді. Садыр оның сөзіне тоқтамайды. Хан Садыр аттанып кетеді.