Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Алымбектің шежіресі (3-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

—Үш үйден бір адам, екі адамға үш ат алыңдар. Екі адамың бір бие сүтін ішесің. Ат басына бір шідер, бір арқан алыңдар,— деп, үш жүздің баласын бастап хан Абылай аттанады. Күзді күні жолға шыққан Абылай келе жатып Ташкенді алады. Қоқан Абылайға тиісе алмайды. Ташкенді алғаннан кейін Абылай қырғызға елші жіберіп, ортадағы шатақты тыныштық жолымен шешпек болады. Солты, Сарыбағыш Есенқұл батыр, Кебек би кеңес қылып: «пәлен барсын, түген барсын» деседі. Есенқұл батыр: «Сарыбағыштан пәлен барсын, солтыдан Жамансарттың ұлы Төлебердіні жіберіңдер, қосылам деушілер болса, өздері білсін. Біздің сарыбағыш пен солтыдан барған кісілерге Төлеберді бас болсын!»—дейді. Бұған Кебек би келісімін беріп, сөз байласып, солты мен сарыбағыштан сөз білген, іс білген төрт кісіге бас қылып Төлебердіні жібереді.

Қырғыздардың басқа руларынан да елшілер қосылып отырып, Ташкенге қырық елші барады. Садырдың елшісі:

—Садыр хан мені хан деп танысын деп айтқыз,—дейді. Абылай үндемей қояды. Өзге елшілер де сол сөзге тоқтағанын білдіреді. Абылай оларды жақсылап күтіп, сый-сыяпатпен шапан жауып, жаз шыға еліне қайтарыпты. Төлеберді Абылайға ұнап қалады. Сол кезде Төлеберді жиырма бес жаста екен. Оның Абылайға ұнаған себебі—ханнын құзырына елшілер кіргенде, жас бала соңынан кіріп, әдет бойынша Төлеберді қолын қусырып, кеудесіне қойып, босағада тұра береді. Абылай:

—Балам, сен неге отырмайсың?—дейді. Сонда Төлеберді:

—Мен хан отыр деген жерге отырам,—дейді. Абылай:

—Кел, қарағым,—деп оң жағынан орын береді. Әркім әрнені айтып, өз ойын білдіреді. Бір кезде Абылай Төлебердіге қарап:

—Сен неге үндемейсің?—дейді. Төлеберді:

—Сізден рұқсат болса, сөйлеймін,—дейді. Абылай:

—Иә, сөйле, қарағым,—дейді.

—Тақсыр, біздің қырғыз аз ел. Басынан қандай істер өткенін өзіңіз жақсы білесіз. Қазақ пен қырғыз бір туған бауыр. Сіз әділдік жасасаңыз, қырғыз оған көнеді. Қырғыздың көнбістігі бар. Ол өзі барып ешкімге соқтықпайды, оны өзіңіз білесіз. Садырдың ғана бейбастығы бар. Қырғыз өз арасында оң-сол болып бөлінеді. Оңға—бұғы, саяқ, солты, сарыбағыш, бағыш жатады. Есенқұл деген батырымыз бар һәм әр рудың басшылары бар. Бәрі Есенқұлдың сөзіне тоқтайды. Сол жақтағы ел де Есенқұлды тыңдайды. Осы кісі бас болып Садырға айтар. Садыр да сөзге көнер. Көнбесе, оның да жауабын айтар қырғыз. Бәріміздің ханымыз болдыңыз, сөзімді тыңдаңыз,—дейді Төлеберді.

—Иә, балам, сөзіңнің түбі терең екен, айта бер,—дейді Абылай.

—Олай болса, қазақтың кінәлі адамдары мен қырғыздың кінәлі адамдары жазаға тартылсын. Қырғыз аттанып келген жоқ, қазақ аттанып келді. Сол үшін осынша қан төгілді. Қазақта Шанышқылы Бердіқожа батыр бар, тыныш жатпайды. Осыны айтам,—деп барып тоқтайды. Төлебердінің сөзіне Абылай разы болды. Абылай:

—Кұдай қаласа, жазда барамын, басшыларыңа сәлем айтыңдар. Менің іздегенім жақсылық. Қазақтардың арасында бейбастық жасағанның кім екенін білемін, Төлеберді бала! Сол Есенқұл батырға айта бар, Садыр тентек осыдан былай тыныш жатсын. Басқа айтар сөзім жоқ. Мен тыныш жатқан елді шауып, талап, атымды шығарып, ел арасын бүлдірген хан емеспін. Менің ырқыма көнсе, қалыс қаламын, көнбесе, онда көріп алдық,—деп сөзін аяқтап, қырық елшіге хош айтып, шығарып салған екен.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз